Атырауда 14 балабақшаны сенімгерлік басқаруға беру үшін конкурстық құжаттама әзірленуде. Қала әкімінің орынбасары Ұлықбек ТІНАЛИЕВТІҢ айтуынша, билік республикада жүзеге асырылып жатқан жобаларды талдап, МЖС (мемлекеттік-жеке серіктестік) жобалары мектепке дейінгі білім беру саласында кең қолданысқа ие деген қорытындыға келген. Бұл ретте, әңгіме жаңа балабақшалар салу емес, жұмыс істеп жатқан балабақшаларды сенімгерлік басқаруға беру туралы болып отыр.
Ғимаратты басқаруға алған кәсіпкерлер МЖС нысанының мүлкін иеліктен шығаруға, кепілге қоюға, мемлекеттік серіктестің келісімінсіз ағымдағы және күрделі жөндеуден басқа, мүлікке қандай да бір өзгерістер енгізуге, әсіресе қабырғаларды бұзуға немесе тұрғызуға, ғимараттың жобасын өзгертуге, ең бастысы - нысанның мақсатын өзгертуге құқылы емес.
Атырау әкімдігі жоба үшін 14 балабақшаны таңдаған. Олар ғимараттың пайдаланылу мерзімі бойынша іріктеліпті, бұл балабақшалардың барлығы 60-80 жылдары салынған. Жұмысшыларға келер болсақ, бизнесмен ұжымның штаттық санын сақтауы тиіс.
- Бұл әлемдік тәжірибе. Мемлекет шағын және орта бизнес (ШОБ) өкілдері қызмет көрсете алатын секторға қатыспауы тиіс. Алға қарай мемлекеттік балабақшалардың барлығы осындай механизм бойынша ШОБ басқаруына беріледі. Мектепке дейінгі балалар мекемелері мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша жұмыс істейді, бұл осы саладағы ШОБ дамуына түрткі болады, - дейді Ұ.Тіналиев. - Кәсіпкерлер ата-аналардың балабақшаға төлейтін төлемақысын көтермеуі тиіс екенін ерекше атап өткім келеді.
Балабақшаларды сенімгерлік басқаруға берудегі мақсат - кәсіпкерлер балалар үшін қолайлы және заманауи жағдай жасайды деп болжанып отыр: олар жақсы жөндеу жүргізеді, қосымша ақылы секциялар мен үйірмелер ашады. Ал шаруашылық күйбіңдерден арылған меңгеруші оқыту мен тәрбие ісіне лайықты назар аудара алады.
Қала тұрғындары балабақшалардың сенімгерлік басқаруға берілуіне қарсы емес, тек ескі ғимараттарды қалпына келтіріп, күтім жасауды қолға алған жағдайда ғана. Іс жүзінде МЖС аясында әжептәуір жөндеу жүргізілген тым жақсы ғимараттар беріліп жатыр, олардың кейбіреуі жақсы жерде орналасқан. Мысалы, 17-ші мектеп жанындағы «Жұмбақ» балабақшасы, Орталық ықшамаудандағы «Еркемай» балабақшасы, Владимирский көшесіндегі «Гүлдер» балабақшасы. Кейбір балабақшаларға жалғамалар 2008 жылы және одан кейінгі жылдары салынған. Дегенмен, Тасқала, Теңдік, СМП-163 аудандарында орналасқан балабақшалар да бар. Әкім орынбасарының айтуынша, мемлекет нысандарды жаңарту және пайдалану үшін жеке серіктеспен 5 жылға келісімшарт жасайды деп болжануда.
Нәтиже оң болған жағдайда, сенімгерлік басқару ұзартылуы мүмкін. Кейбір ғимараттар күрделі жөндеуді қажет етеді. Егер оларды кәсіпкерлер қолға алса, мемлекет оларды ұстау және жөндеу міндеттерінен құтылады.
Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, 2017 жылы Алматы, Ақмола, Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан облыстарында 9 мемлекеттік балабақша жаңа жүйе бойынша жұмыс істеген. Қазір ел бойынша осы бағытта басқа да жобалар жасалуда, олардың барлығы келісімшартқа қол қойылу кезеңінде тұр. Бұл тұрғыда мемлекет бизнес тарапынан санитарлық нормалардың, тәрбиешілердің біліктілік деңгейі мен материалдық-техникалық жабдықтаудың сақталуына жалпы мониторинг жүргізеді.
Атырау әзірге конкурстық құжаттаманы әзірлеуде. Қазіргі уақытта ақаулық актісін және жөндеудің сметалық құжаттамасын жасау үшін техникалық аудит жүргізіліп жатыр. Бұл жеке серіктеске қажетті инвестиция көлемін анықтауға мүмкіндік береді.
Балабақшаларды сенімгерлік басқаруға алғысы келетіндер табыла ма және бұл қаншалықты тез болады, оны уақыт көрсетер.
Зульфия ИСКАЛИЕВА