Естеріңізге салсақ, дәрігерлер Алматы Полиция департаменті бастығының ұлы Серік КҮДЕБАЕВТЫҢ өлімінен кейін тергеуге алынған болатын. Бұл жаңалық қоғамда түрлі реакция тудырды: жыл басынан бері пациенттердің өліміне туыстары дәрігерлерді айыптаған бірқатар оқиғалар орын алса да, атышулы іс жоғары шенді полицейлердің бірінің ұлы қайтыс болғаннан кейін басталған еді.
- Жыл сайын қазақстандық дәрігерлердің үстінен 600-ге жуық шағым түседі. Әдетте дәрігерлерді Қылмыстық кодекстің екі бабы – 317-бабы («Медицина немесе фармацевтика жұмыскерiнiң кәсiптік мiндеттерiн тиiсiнше орындамауы») және 323-бабы («Жалған дәрілік заттармен немесе медициналық бұйымдармен жұмыс істеу») бойынша айыптауға тырысады. 2017-2018 жылдары Атырау облысында дәрігерлердің әрекеттеріне наразы пациенттерден 100-ге жуық шағым түсті. Биылғы жыл басынан бастап - 26 шағым түсті, оның тек 2-уі негізді, 15-і негізсіз, қалғандары ішінара негізді деп танылды. Көбінесе акушер-гинекологтардың, анестезиологтардың, неонатологтардың іс-әрекеттері наразылық тудырады. Соңғы кездері дәрігерлерді ұстау және жазалау фактілері орын алып жүр, Мысалы, Алматыда акушер-гинеколог Малиеваны жазалады. Сұхбаттарының бірінде біздің министр дәрігерлерді дәрігерлік қателіктері үшін кінәлауға болмайды деп өз ұстанымын нақты көрсетті. Оларды дереу қамауға болмайды. Дәрігердің кінәсі толық дәлелденген жағдайда ғана жауапкершілікке тартуға болады. Дәрігерлер қауымдастығы осы жайттар жазылған хатты жолдады. Дәрігерлердің жауапкершілігі өте үлкен, оларға көп талаптар қойылады. Мұндай жағдайда жастар медицина саласында жұмыс істегісі келе ме? Міне, осы туралы ойлану керек, - деді «Сенім» денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағы Атырау филиалының төрағасы Майра ҚАШКЕНОВА.
«БІЗДІҢ МӘРТЕБЕМІЗ ТҮСІП КЕТТІ»
- Қазір аурулар бұрынғыдай емес, басқаша дамиды. Әр адамның өз реакциясы болуы мүмкін. Ал пациенттер интернеттен түрлі нәрсені оқиды да, дәрігерлерге қалай емдеуді үйретеді, содан соң оларды сотқа береді. Дәрігерлердің мәртебесі төмендеп кетті. Адвокаттар, судьялар медицинадан бейхабар, көп нәрселерді түсінбейді. Сондықтан Атырау облысында дәрігерлер мен пациенттер арасындағы дауларды сот ісіне жеткізбей шешу үшін медициналық медиация ашу қажет деп санаймын. Мұндай қызметтер қазір бізден басқа барлық облыста бар, - дейді «Ұлттық медицина қауымдастығы» ҚБ Атырау филиалының президенті Гүлнәр ЖАҚИЕВА.
Дәрігерлердің бәрі бір пікірде: егер олардың әрекеттері немесе әрекетсіздігі пациенттердің жағдайының нашарлауына, тіпті, өліміне әкеп соқтыратын болса, оның жаман пиғылмен жасалмағандығы анық.
Сонымен қатар, дәрігерлердің қоғамдағы жағымсыз имиджін қалыптастыруға журналистер кінәлі, бұқаралық ақпарат құралдары «хайпқа ден қойып», дәрігерлер жұмысының жақсы жақтарын көрудің орнына тек кемшіліктеріне назар аударады деп айыптады. Олардың пікірінше, бұқаралық ақпарат құралдары «Жаманын жасырып, жақсысын асыру» қағидаты бойынша жұмыс істеуі тиіс екен.
- Жаманын қашанғы жасыруға болады, - деп қарсылық білдірді әріптесім эмоцияға беріле.
Ол журналист ретінде емес, жеке тұлға ретінде, кішкентай баласымен жұқпалы аурулар ауруханасына жай пациент ретінде түскен кездегі өз мысалын баяндады. Стационарда дем жетпей жатқан балаға алғашқы көмек көрсету үшін пульмикорт болмай қалған. Ал әйелдің өзіне дәрігерлер қызуы жоқ баланы ауруханаға әкелдің деп ұрысқан. Қатысушылардың әрқайсысының дәрігерлерге жүгінген кездегі жақсы пікірлері де, жағымсыз пікірлері де бар. Мысалы, дәрігерлер әйелдерді жүктілік кезінде дер кезінде есепке тұруға шақырады, ал өздері жүктілікті 12 аптаға дейін ресми тіркеуден бас тартады. Тек осы күні олар әйелдерге ұрықтың генетикалық ауруларын анықтауға мүмкіндік беретін жолдама береді. Әйел бүкіл ісін тастап, осы тексеруден өтіп үлгеруі тиіс. Менің де, таныстарымның да басынан осындай жағдай өткен.
ЕКЕУГЕ АРНАЛҒАН ИНТЕРНЕТ
Дәрігерлердің үнемі айтатын тағы бір нәрсесі - өз-өздеріңді емдеумен айналыспаңдар дейді. Кейде салалық мамандардың қабылдауына бір апта бұрын жазылады, ал қарапайым конъюнктивитті емдемесе, ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін. Тағы бір әріптесім бірнеше күн бойы окулистің қабылдауына кезекке тұруға тырысқан. Бірақ бас дәрігер оның кім болып жұмыс істейтіндігін білгеннен кейін ғана ол қабылдауға кіре алған.
- Сізде конъюнктивит екенін қайдан білдіңіз, Интернет арқылы өзіңізге диагноз қойдыңыз ба? - деп мысқылдады дәрігерлердің бірі.
Айтпақшы, окулист те осы диагнозды қойған. Жас дәрігерлер де, жас еместері де пациенттің ауруын анықтау үшін ауру белгілерін Google-ге қарап салыстырып, тексереді деген шағымдар да көп түседі.
Дәрігерлердің адам денсаулығы мен өміріне абайсызда зиян келтіруіне қатысты айтатын болсақ, журналистер жағымсыз жақтарын іздемейді, оқырмандардың шағымдарына жауап беріп, халықтың пікірін жеткізеді. Денсаулық сақтау саласындағы тағы бір маңызды мәселе – медиктердің мінез-құлық этикасы. Дөрекілік пен парақорлық, жең ұшынан жалғасушылық, қарапайым пациенттердің туыстарымен байланысқа шыққысы келмеу және «билігі барларға» аса көп көңіл бөлу... Босанған әйелдер сәбилерімен қайтыс болғанда жазасыз қалу және шенеунік қайтыс болғаннан кейін дәрігерді қамауға алу - мұның бәрі медицинамыздағы қалыптасқан жағдайды сипаттайды.
№1 облыстық аурухананың бас дәрігері Сайын ШОМЫРОВ дау-дамайдың 90%-ы және шағымдар пациенттермен және олардың туыстарымен дұрыс қарым-қатынас жасай алмаудан немесе қарым-қатынас жасауды қаламаушылықтан туындайды деген пікірде. Егер адамдарға әдептілікпен және тілектестік ниетпен қарым-қатынас жасалса, жағымсыз салдардың алдын алуға болады. Бұл пікірмен барлығы келісті.
Осы кездесудегі дәрігерлердің негізгі айтары: медициналық құқық бұзушылықтар қылмыстық тұрғыдан әкімшілік жазаға ауыстырылып, қылмыс деп танылмауы керек екен. Біздің заң шығарушылар бұған келісе ме, жоқ па, оны уақыт көрсетеді.
Зульфия ИСКАЛИЕВА