29 қыркүйекте Атырау мұнай өңдеу зауыты тұрбасынан қара түтін будақтап, жанатын өнімдер шығарындысы орын алды. Лезде әлеуметтік желілер мен мессенджерлер, соның ішінде «Атырау облысының әкімдігі» Telegram чат каналы қала тұрғындары жолдаған суреттерге лық толды.
Кейінірек, Telegram-да қала тұрғындарының шағымдарымен бірге Атырау облыстық Экология департаменті атынан жазылған ақпараттық құжаттар да пайда болды.
«Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-нен алынған ақпаратқа сәйкес, 2019 жылғы 29 қыркүйекте 11 сағат 15 минутта реакторлық-регенераторлық блоктағы катализатордың ауа айналымы бұзылып, каталитикалық крекинг қондырғысынан шикізат алынды. Осыған байланысты түтінді газдарды тазарту скраббері арқылы регенераторлардың жану өнімдерінің қысқа мерзімді шығарындысы орын алды. Жану өнімдерінің тек 5 минут ішінде шығарылғаны алдын ала хабарланды.
Атырау облыстық Экология департаментінің мамандары сол жерге барып, «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-нің санитарлық-қорғау аймағынан тысқары атмосфералық ауадан сынама алып, талдау жасады, талдау нәтижелері бойынша шығарындының белгіленген нормативтерден асқандығы байқалмады».
Құжатты шұғыл арада анағұрлым түсінікті тілге аудару мақсатында «АЖ» тілшісі «АМӨЗ» ЖШС баспасөз қызметіне хабарласқан еді. Бірақ ондағылар мұның күрделі технологиялық процесс екенін, оны «түсіндіруге» ресми сауал қажет екенін айтты. Жарайды, жолдаймыз.
2 қазанда «AЖ» өз сауалына АМӨЗ-ден жауап алды. Бас директордың өндіріс жөніндегі бірінші орынбасары - бас инженер Е.СҮЛЕЙМЕНОВТІҢ қолы қойылған «түсіндірмеде» былай делінген: «Сіздің сауалдарыңызға жауап ретінде, 29 қыркүйек күні 11 сағат 15 минутта «АМӨЗ» ЖШС-нің каталитикалық крекинг қондырғысында катализатор айналымындағы ақау салдарынан технологиялық режимнің бұзылғандығын, соған орай автоматты қорғаныстың іске қосылғандығын хабарлаймыз.
Жабдықтар жүйесінің көлемі өте үлкен болғандықтан, қалдық өнімдер аппараттан шығарылған. Ал жобада айналмалы сілті ерітіндісімен түтін газын тазарту жүйесі қарастырылған.
Түтін газын тазарту жүйесі әрдайым жұмыс істейді, ол атмосфераға зиянды заттардың тасталуына жол бермейді.
Регенератордың қалдық өнімінің термиялық тотығуы кезінде оттегі тапшылығы түзіліп, қою түтін пайда болған.
Қазіргі кезде болашақта мұндай жағдайлардың алдын алу үшін болған жағдайға талдау жүргізілуде».
Анастасия АЛЮШИНА
Әлеуметтік желілерден алынған суреттер