Атырау, 23 қараша 20:43
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Беймаза көршіден мезі болсаңыз...

2 746 просмотра

«Бізбен көршілес тұратын жастар музыканы тәулік бойына бар даусына қосып қояды. Жасаған ескертуімізді жақтырмайды, бастапқыда музыканың даусын басып қойғанымен, біршама уақыт өткеннен кейін ол қайтадан даңғырлай бастайды. Әсіресе, бас жанрындағы дыбыс жүйкеге тиеді. Музыка дегенде де ылғи ырғақты дыбыстар тарсылы ғана естіледі.  Бізге заңгерлер қандай кеңес берер екен? Осынау берекетсіздікті бейбіт жолмен қалай шешуге болады?».

«АЖ» поштасынан

Бұл мәселеге орай адвокат Гүлсім САБИРОВА былай деп түсінік берді:

– Мұндай көршілер бар. Олар кей кездері сүйікті ісіңмен жайбарақат кешкі уақытты өткізуге ғана емес, қарапайым түнгі уақытта көз ілуге мүмкіндік бермейді. Әрине, ұнамсыз шуыл адамды күйзеліске түсіреді. Ешкім де өз үйінде мұндай бейбастақтыққа шыдауға міндетті емес.       

Алдымен, көршілермен сөйлесу керек деп кеңес береді Г.Сабирова. Бұл - мәселені шешудің жақсы әдісі. Бәлкім, бұл сізге ерсі көрінуі мүмкін, бірақ жеке сөйлесу көп жағдайда шынымен де сіздің «беймаза» көршілеріңізге олардың әрекеттерінің орынсыз екенін түсіндіруге көмектеседі. Сыпайы болыңыз, бұл жағдайда да осы «алтын ережені» қолданыңыз. Бұдан басқа, көршілеріңіз біреулерге қолайсыздық тудырып отырмыз-ау деп ойламауы да мүмкін.

Достық пейілде және жылы шырайлы қалпыңызда қалыңыз, сонда ортақ тіл тауып, олармен келісімге келуіңіз мүмкін.

Егер көршілеріңіз ызаланғыш жандар болса, онда сізге оларға жақындаудың да қажеті жоқ. Бұл жағдайда заңгер құпия түрде шулы көршілеріңізге жазбаша түрде хабардар етуге – басқа тұрғындардың наразылығы туралы хат жазып, аты-жөндерін көрсетпей, олардың есіктерінің алдына қойып кетуге кеңес береді. Бірақ жоғарыда айтып өткеніміздей, хат жазғанда да сыпайы болған жөн. Егер бұл да көмектеспесе, құқық қорғау органдарынан көмек сұрауға тура келеді. Бұл жағдайда сізге полицияға хабарласпас бұрын, болып жатқан жағдайдың жазбаша куәлігі болуы қажет. Жазбаша дәлел болған жағдайда полицейлер сіздің шағымыңызға қатысты анағұрлым тез әрі тиімді әрекет ете алады. Нақты уақытын, шудың ұзақтығы мен сипатын жазыңыз.

Соңғы әдісі – моральдық зиянды өндіріп алу талабымен көршіңізді сотқа беру. Мұның уақытыңызды алып, жүйкеңізді жұқартатынына дайын болыңыз. Заң бойынша дәлел керек болғандықтан, толық жазбаларыңыз, полицейге жолдаған жазбаша шағымдарыңыздың көшірмелері, көршілеріңізді әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы қаулылар мен көршілердің куәлік жауаптары өте қажет.

– Егер көршіңіз шынымен де психологиялық тұрғыда науқас адам болса, тікелей жүйке-неврологиялық диспансерге арызбен шығыңыз (арызға көршілеріңіздің куәлік жауаптарын жалғаңыз), - дейді Г. Сабирова. – Бұл жерде мәселені тиісті мамандар шешуі керек.

Беймаза көршілерден мезі болған тұрғындар қалалық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының көмегіне де жүгіне алады. Басқарма бастығы Темірбек МҰСАҒАЛИЕВТЫҢ атына жазылған арызға шағымның мазмұнын, мекен-жайды, байланыс деректерін көрсету керек. Содан кейін сізге санитарлық-гигиеналық зертхананың электрмагниттік өрісі және басқа физикалық факторлар бөлімінің мамандары шуыл деңгейін өлшеу үшін келеді. Бөлім инженері Бағила СИДИҒАЛИЕВАНЫҢ айтуынша, 01.12.11ж. №1431 санитарлық ережелер мен нормалар бойынша тұрғын үй ғимаратындағы шекті рұқсат етілген деңгей тәулік бойына 70 дБ (децибел) құрайды. Бұрын санитарлық ережелерде анағұрлым қатаң нормалар жазылған: сағат 7.00-ден 23.00-ке дейін 40 дБ және сағат 23.00-ден 7.00-ге дейін 30 дБ.

Егер көршілерге басқаша ықпал ету шаралары әсер етпесе, мамандар растаған көрсеткіштер сотта дәлел ретінде пайдаға асуы мүмкін.

Дайындаған Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

24 қазан 2012, 19:07

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.