Атыраудың кейбір мектептерінде оқулықтар мен олардың жұмыс дәптерлері жетіспейді. Алайда қалалық білім бөліміндегілер облыс орталығында оқу құралдарына қатысты ешқандай қиындықтар жоқ дейді.
- Балам бірінші сыныпта оқиды, бізде қазақ тілі бойынша оқулықтар, оқулықтарға арналған жұмыс дәптерлері жоқ. Қалалық білім беру бөліміне жүгінген кезде, олар жұмыс дәптерінің міндетті еместігін, қарапайым дәптерлер қолдануға болатынын айтты. Бірақ мұғалім барлық оқушыға жазу үлгісін жазып беруге үлгермейді, сондықтан бізден дәптер сатып алуды өтінді. Өткен жылы балам нөл сыныбына барғанда да көп кітап жетіспеді. Тек оқулықсыз-ақ үйренуге болатын музыка, сурет пәндері бойынша оқулықтар берілді. Оқулықтарды өзіміз алуымызға тура келді, бұл 28 мың теңгеге шықты. Мұғаліммен ұрысқым келмейді, сондықтан да бәрін үндемей өзім сатып аламын, - дейді №17 мектеп-лицей оқушыларының бірінің анасы.
2 күн бойы мектеп басшылығына қоңырау соғып, ала алмадым. Директор сабақтарға қатысып жүр немесе қабылдау бөлмесінде ешкім телефон көтермейді.
Кейбір мектептің ата-аналары қазақ тілінде оқытатын 5 сыныпқа арналған ағылшын тілі, тарих және информатика оқулықтарының жетіспейтіндігіне шағымданады. Ал мектеп директорлары оларды «кітап сатып алудың қажеті жоқ, оқулықтар кесте бойынша біртіндеп жеткізіледі» деп жұбатады. Қалалық білім бөлімінің жалпы білім беру секторының меңгерушісі Ақмарал ЕРМЕКОВА: «оқулықтар бәрінде бар, осымен сөз бітті» деп үзілді-кесілді қайырды. Солай дегенмен де, оқулықтары жоқтар не істемек, күте тұру керек пе, әлде қолды бір сілтеп, кітап дүкеніне бару керек пе деген сұрақ ашық күйінде қалды.
- «Білім туралы» ҚР Заңының 6-бабына сәйкес, жергілікті атқарушы органдар орта білім беру мекемелерін оқулықтармен және әдістемелік әдебиеттермен қамтамасыз етеді. Оқулық оқу процесінің негізгі бөлігі, ал жұмыс дәптері - қосымша материал. Осыған байланысты ата-аналарға жұмыс дәптерін сатып алу міндетті емес, сабақ барысында қарапайым дәптерлерді пайдалану жеткілікті, - дейді қала әкімінің орынбасары Ұлықбек ТІНӘЛИЕВ. – Бұдан басқа, 2019-2020 оқу жылы басталғанда ҚР білім және ғылым министрлігінің порталында 1-10 сынып оқулықтарының электронды нұсқаларын жүктеу немесе онлайн-режимде көру мүмкіндігі ұсынылды. Сонымен қатар, жаңартылған мазмұндағы оқулықтар QR кодтарымен жабдықталған. QR кодтарының көмегімен мобильді құрылғылар (планшет немесе смартфон) арқылы олардың электронды нұсқасын оқу процесінде пайдалануға болады. Электрондық оқулықтарға қол жеткізу үшін телефонның камерасын қосып, QR кодқа бағыттау жеткілікті.
Сонымен қатар, әкімнің орынбасары мектепалды даярлық сыныптарында жұмыс дәптері толық берілгендігін, барлық оқушылардың оқулықтармен қамтамасыз етілгендігін мәлімдеді.
Зульфия ИСКАЛИЕВА