Бұрынғы Томан теміржол разъезінің бүгінде 400-ден астам тұрғыныбар. Алайда, олардың өмірі қазір қиын жағдайда.
Халық қоныстанып үлгерген Томан теміржол разъезі елді мекен атанғанымен, онда тұрып жатқан адамдардың тіршілігі мәз емес.
ТОМАНДАҒЫ ТІРЛІК
Томан елді мекенінде алғашында 30 отбасыға арналған екі қабатты төрт үй салынды. Қазір мұнда тағы да 18 жеке тұрғын үй тұрғызылған. Күздің балшықты күндері Томан елді мекеніне тек УАЗ машинасы ғана жүре алады. Пойыз өтетін шойын жолға дейін грейдер салынған, ал ауылға дейінгі бір шақырым жер жолсыз жатыр.
- Қыста қалың қар түскен кезде селомен байланыс үзіліп, көлік қатынасы болмайды. Атырау-Астрахан тас жолының бойында сағаттап көлік күтіп тұрамыз, ал жаңбырлы, қарлы-боранды күндері ықтасын болар айналада бірде-бір аялдама жоқ, - дейді Томан елді мекенінің тұрғындары. - Ауылда дүкен болмағандықтан, бар керегімізді, сіріңкеге дейін Атыраудан тасимыз. Себебі, бізге Атырау жақын, ол бізден небары30 шақырым қашықтықта.
Ауылда орталық жылыту қазандығы 10 жыл бұрын істен шыққан. Содан бері екі қабатты үйде тұратындар пәтер ішінен өздері салған пештердің көмегімен жылынады. Ал бұндай үйге пеш салуға ешкімнің де ресми рұқсаты жоқтығына қарамастан қыста жылынудың басқа амалы жоқ. Бақылаушы органдар да бұған көз жұма қарауда. Ал қайғылы жағдайлар орын алып жатыр. Осыдан бірнеше жыл бұрын бір отбасы иіс тиіп, қатты уланған, енді бір үй түгелімен өртеніп кеткен.
Жергілікті тұрғындар көмірдің 1 тоннасын 8 000 теңгеге сатып алады.
- Ауылға газ тартып берсе, біршама азаптан құтылар едік. Газ құбырын жүргізіп беру туралы ауыл тұрғындары болып облыстық әкімдікке арыз хат та түсірдік. Бірақ, мәселе әлі шешілген жоқ, - дейді ауылдағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәкір ҚОЖАҚОВ.
Сондай-ақ, істен шыққан кәріз жүйесі мен қуаты әлсіз электр энергиясы, апатты жағдайдағы мектеп және басқа да мәселелер Томандағы тіршілікті ауырлатып жіберді.
Мәселен, фельдшерлік пункт екі қабатты тұрғын үйдің қуықтай бөлмесінде орналасқан. Қыста мұнда салқын, себебі жылыту жүйесі жоқ.
- Менің мұнда келгеніме 3 ай ғана болды. Қыста қалай жұмыс істейтінімді білмеймін. Жалпы, маған қызметтік пәтер бөледі деп уәде берген. Бірақ, әзірге жалдамалы пәтерде тұруға тура келіп тұр. Егер баспана мәселесі шешілмесе, менің бұл жұмыстан бас тартуыма тура келеді, - дейді медбике Баян КЕРЕЕВА.
Жүкті әйелдер, жедел көмекті қажет ететін науқастарға жедел жәрдем Аққыстаудан, болмаса Атыраудан шақырылады екен. Фельдшерлік пунтке көлік қарастырылмаған.
ЖҰМЫССЫЗ
Томан елді мекені тұрғындары-ның тең жартысы – жұмыссыз. Солардың бірі –Сария ХАСАНОВА. Ол соңғы кездері ішер асқа жарымай отырғанын айтады.
- Мен жұмыссыздар есебіне тіркеліп, қоғамдық жұмысқа тартылып, күнделікті нанымызға жететін ақша табатынмын. Одан мені қысқартып тастағасын, кейінгі кездері ақшасыз қалдым. Электр энергиясына, суға қарыз болып қалдым. Бірнеше жылдан бері пеш салып алуға қаражат таппай, қыс бойы бүрсеңдеп шығамыз. Екі ұлым да жұмыссыз отыр, ал жолдасым қайтты...
Аққыстау селолық округінің әкімі Таупих МАШТАХОВҚА осы мәселеге орай түсінік алу үшін жолығып едік, ол Сария Хасанованың жуырда үнемделген қаржы есебінен қайта қоғамдық жұмысқа тартылатынын мәлім етті.
ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ
Десек те, жергілікті билік әр нәрсеге сеніммен қарауды ұмытпайды.
- Ештеңеге қарамастан бұл ауылдың болашағы бар. Мал, егін өсіруге қолайлы жер. Рас, әлеуметтік мәселелері төмендеп кеткен. Оны мен жеке бақылауыма аламын, - дейді әкім Маштахов.
Исатай ауданының жаңа әкімі Тұрарбек СҰЛТАНБЕКОВ Томан ауылының болашағы жайлы былай дейді:
- Біз жуырда Томан елді мекеніне арнайы барып келдік. Газ құбырын тарту жұмысының сметалық жобасы жасалды. Егер 340 млн теңге табылса, келесі жылы көгілдір отынды жүргізу жұмысы басталады, - дейді Т.Сұлтанбеков. - Кәріз жүйесін жөндеуге 1,3 млн теңге бөлінді, тендер өтті, бұл жұмыс қыс басталғанға дейін бітеді. Балалар ойын алаңы мен ауылдың жарығы, қоқыс жәшіктерін орналастыру мәселелері де ойластырылуда. Ал медбикеге пәтер сатып алып беруге 600 мың теңге қарастырылып отыр.
- Жол мәселесі қалай шешілмекші?
- Біз елді мекенге дейінгі 1 шақырым жолды қолымыздан келгенше демеушілердң көмегімен уақытша болса да жөнге келтіреміз. Аялдама да демеушілердің қаржысына тұрғызылады деп ойлаймын.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суретті түсірген автор