Атырау, 18 қараша 20:45
 ашықВ Атырау 0
$ 495.95
€ 524.37
₽ 4.98

Әр адамға 200 келіден

5 518 просмотра

Жан басына шаққанда зиянды зат жылына екі центнерден келеді

Өткен жұма күні «ҚазТрансойл» ғимаратының кеңсесінде экология тақырыбына арналған ірі мәжіліс өтті. Республикалық экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Данияр ЕРЕНЧИНОВТІҢ қатысуымен өткен бұл мәжілісте облыстық экология департаментінің бастығы Ербол ҚУАНОВ  шақырылған табиғат пайдаланушыларға біздің аймақтың бүгінгі және ертеңгі күнінің жабырқау көрінісін суреттеп берді.

ТАЗАРТУҒА АҚША ЖОҚ

Сонымен, жыл сайынғы атмосфераға шығарылатын шығарындылар көлемінің (100 мың тоннадан аса ластаушы заттар халықтың жан басына шаққанда 201 келіден келеді) 85% мұнай-газ секторы кәсіпорындарының еншісінде. Осынау үлкен көлемнен тек 0,2% ғана залалсыздандырылады. Біз осы көрсеткіш бойынша елімізде соңғы орында келеміз.

Экологиялық заңнамалар өндірістік қызметті тазарту, шығарындыларды зиянсыз ету және кәдеге жарату қондырғылары мен құрал-жабдықтарынсыз жүргізуге тыйым салса да, іс жүзінде бірде-бір табиғат пайдаланушы бұл талаптарды орындап отырған жоқ. Көпшілігі ақталу мақсатында олардың экономикалық мақсатқа сай еместігіне сілтей салады. Оның ішінде осы заңнаманы орындаудан жалтарған ТШО ЖШС-нің жылдық шығарылым көлемі 70% құрайды. Қуановтың айтуынша, соңғы 5 жылда компания табиғат қорғау шараларына 160 млрд теңге жұмсаған, соған қарамастан олар шығарындыларды залалсыздандыру үшін тазарту құрылыстарын салған жоқ.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметтері бойынша Жылыой ауданында соңғы 5 жылда халықтың тыныс алу органдарының сырқаты 21% өсті. Облыстық СЭС мәліметтеріне қарағанда, өндірістегі зиянды факторлардың әсерінің салдарынан ТШО және оның мердігерлері – «Қазтрансойл» және «Қазтрансгаз» қызметкерлерінің арасында аурудың  саны артқан.

 

ТҮНГІ ҚОРҚЫНЫШТАР

Облыс орталығын алар болсақ: 2010 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан үш жылдық кешенді зерттеудің алдын-ала алынған мәліметтері бойынша АМӨЗ және басқа да кәсіпорындардың қоршаған орта мен Атырау қаласындағы халықтың денсаулығына  келтірген әсері 2007 жылдан 2012 жылдар аралығында атмосфералық ауаның жерге жақын қабатында күкіртсутегі, күкірт диаксиді, азоттың артқандығы байқалды. Күкіртсутегінің концентрациясы шекті нормадан 140 (!) есе асып кетті, бұл әсіресе, түнде байқалды.

Осы зерттеулердің нәтижесінде соңғы 20 жылда Атырау қаласы тұрғындарының бұрынғыдан жиі сырқаттанатындығы анықталды. Жекелей алғанда, сүйек-бұлшық ет жүйесі аурулары 9 есе, қан және қан түзетін органдар – 6 есе, туа біткен ауытқушылықтар (даму кемістігі), хромосомды ақаулар – 3,8 есеге дейін өскен.  2015 жылға арналған болжам бойынша бірқатар жаңа мұнай-газ жобалары (ТШО ККЖ, Қарабатандағы «Болашақ» зауыты, АМӨЗ базасындағы тереңдетіп өңдеу және хош иісті көмірсутек кешені  зауыттары, мұнай-химия кешені) іске қосылғанда шығарындылар көлемі 2 есеге дейін өсетін болады.

 

МҰНАЙ ҚАЛДЫҚТАРЫ ДАЛАҒА ТӨГІЛЕДІ

Жүргізілген талдау ауаны күкірт (99%), ыс (97%) және азот бойынша басты ластаушы стационарлық көздер екендігін көрсетті. Жылжымалы көздердің үлесіне бензапирен (94%) шығарындыларының үлкен бөлігі тиеді. Формальдегид және басқа да шығарындылар тиісінше 48% және 52% болады.  

Алайда, бүгінгі таңдағы ең басты проблема қалалық қоқыс алаңы болып табылады. Тек 2012 жылдың сәуірінен  қыркүйегіне дейін сынап (11 есе), формальдегид (1,2 есе), фенол (2,8 есе), метилмеркаптан (9 есе), ыс (156 есе), аммиак (1,5 есе) секілді ластаушы заттар бойынша концентраттардың рұқсат етілген шекті мөлшерінің артуының 40-тан аса фактісі тіркелді.

Тағы бір өзекті мәселенің бірі – бүгінгі күні алынған жанар-жағар майдан ағынды суларға дейін барлығы құйылып жатқан Сасық сай.   Қуановтың айтуынша, мұнай компаниялары қалдықтардан құтылудың ең қолайлы және оңай жолын тауып алған - мамандандырылған компанияларға береді. Ол компаниялардың рұқсат құжаттарының болғанымен, көп жағдайда кәдеге жарату қондырғылары туралы айтпағанның өзінде, тіпті, қалдықтарды сақтайтын уақытша алаңдары да жоқ. Соның нәтижесінде мұнай қалдықтары кез келген жерге төгіле салынады. Қуановтың айтуынша, жекелей алғанда, тек өткен жылдың өзінде-ақ, осы «мамандандырылған» компаниялар АМӨЗ ауданының өзінде мыңдаған тонна қалдықтарды көміп тастады. Бүгінгі күні олардың барлығы тексерілуде, ал, заң бұзушыларға лицензиясының күшін жоюға дейін баратын қатаң шаралар алуға уәде беруде.

Ал облыстың барлығы 28 өнеркәсіп полигондарында 105 мың тонна мұнай шламдары және мазутталған топырақтар жиналып қалған.

 

БІЗ КӨППІЗ, АЛ СУТАРАТҚЫШ БІРЕУ

Қуанов, сондай-ақ, жинал-ғандардың назарын су ресурс-тарының тапшылығына аударды. Барлық ірі табиғат пайдаланушылар қазір суды салынғанына 30 жылдан астам уақыт болған жалғыз «Астрахан-Маңғышлақ» сутаратқышынан алып отыр. Күні бүгінге дейін көптеген кәсіпорындарда айналым сумен жабдықтау мәселесі шешілмеген. Мәселен, «Болашақ» зауыты жыл сайын өндірістік қажеттіліктер үшін «Астрахан-Маңғышлақ» сутаратқышынан 2,6 млн текше метр су алады және бұл суды ақырында қайтадан қолданбастан буландыру алаңына ағызып жібереді. Суды «Атырау ЖЭО» АҚ тиімді қолданбай отыр, Жайықтан алынған судың (68 млн текше метр) барлық көлемінің тек 5% ғана қайтадан тұтынып отыр. Қуанов ірі табиғат пайдаланушылардың қабаттық суларды тазарту  мәселесін елең қылмай отырғандығын атап өтті («Тамұқтан келген улы су», «АЖ» №42, 18.10.12). Қабаттық суларды тазарту және кәдеге асыруға НКОК (Қашаған жобасы) компаниясымен қатар Теңіз кенішінің мұнайын 20 жылдан астам уақыт бойына өндіріп келе жатқан ТШО да мән бермей отыр.

 

ҚОҚЫС ДАҒДАРЫСЫ

Қуановтың жан-жақты жасалған баяндамасынан кейін (бұл жерде ол қысқартылып алынды) залда мүлгіген тыныштық орнады.

Артынша Д.Еренчинов сөз алды:

- Істің мән-жайы өте маңызды және біздің ұстанымымыз қатаң әрі нақты болмақ. Біз «Болашақ» зауытының шекті рұқсат етілген төгінділер жобасын құптамаған болатынбыз. Аджип ККО басшылығымен болған бүгінгі кездесуге көңіліміз толған жоқ – мен осы мәселеге қатысты компанияның  қандай  шешім қабылдайтындығын мүлдем түсінген жоқпын. Олар қазан айының аяғына дейін құжаттар пакетін ұсынуға уәде етіп отыр. Алайда, біз көтеріп отырған мәселелер соншалықты маңызды және олар сол мәселелерді бір ай мерзім ішінде  шешіп үлгереді деп ойламаймын.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

24 қазан 2012, 17:57

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.