Атырау, 11 қазан 07:01
 ашықВ Атырау +13
$ 490.84
€ 536.88
₽ 5.04

«Улап отырғандарың үшін жауаптысыңдар»

2 880 просмотра

Өткен аптада Құлсары қаласында 2013-2015 жылдардың Табиғат қорғау шараларының жоспары бойынша «ТШО» ЖШС-нің жұртшылық тыңдауы өтті. Алайда жиналғандардың көпшілігі - жылыойлық ақсақалдарды әлеуметтік мұқтаждықтар көбірек қызықтырғаны байқалды.

АУДАНДЫҚ КОМИТЕТ СЕКІЛДІ

Шамасы, көптен бері жылыойлықтар жергілікті атқарушы органдарға емес, ТШО-ға өздерінің өзекті мәселелерімен жүгінуді әдетке айналдырған секілді. Қариялар тұс-тұстан ауыз судың жоқтығына, Теңіз газы құнының жоғары екендігіне, суаруға арналған техникалық су берудегі іркілістерге шағымданып, балабақшалар мен жаңа вокзал салуды және тартылып бара жатқан Қамыскөл көлінің мәселесін шешуді талап етті. Тіпті үкімет жариялаған моноқалалар бағдарламасын да қозғады.

Суға қатысты мәселеге келер болсақ, 2009-2012 жылдары ТШО «Игілік» бағдарламасы аясында (3 жыл ішінде 45 млн долларға) Құлсарыдағы сумен қамту жүйесін толықтай қайта жарақтаған болатын. Биылғы жылдың ақпанында жобаны жүзеге асыру кезінде қосымша жұмыс көлемі анықталып, оған 11 млн доллар қосымша қаржы қажет болған еді. Ал жұмыстарды биылғы жылдың қыркүйегінде аяқтау жоспарланды.

Алайда, ақсақалдардың айтуынша, компания өкілдері мен шенеуніктердің су мәселесін шешеміз деген уәделеріне қарамастан, іс жүзінде жағдай мүлдем басқаша екен. Орталық желіге қосылу үшін жеке сектордағы үй қожайыны 50-60 мың теңге төлеуі керек. Көппәтерлі үйлерге су әлі күнге дейін сағатпен беріледі. Ал мердігерлердің жертөлелерге жасаған жұмыс сапасы туралы тұрғындардың наразылықтары көп.

Үкіметпен және жұртшылықпен байланыс жөніндегі бөлімнің бас менеджері Рзабек АРТЫҒАЛИЕВ (суретте) компанияның магистральды және кварталішілік су таратқыштарына жөндеу жүргізгенін, қалған басқа мәселелер – жергілікті органдар мен жекешелендірілген баспана иелерінің өз қолдарында екенін мәлімдеді.

Су таратқыш жолдың ар жағында болса не істейміз, - деп реніштерін білдірді қариялар.

 

ҚҰЛАҚҚА ІЛМЕУ

Көгалдандыру мәселесі де қозғалды. Артығалиев ағаштарды далалыққа отырғызғанша (шамасы, «жасыл белдеу» жасау жобасын меңзеген болуы керек), қаржыны ауданның елді мекендерін көгалдандыруға, ол жерлерге демалыс бақтарын жасақтауға жұмсаған жақсы еді дегенді айтты. Оның айтуынша, табиғат қорғау бағдарламасы аясында да, «Игілік» бағдарламасы бойынша да қаржыландырылуы мүмкін екен. Оны Жылыой ауданының жаңа әкімі Максим ІЗБАСОВ қолдады.

ТШО бас директоры Тим МИЛЛЕР өткен жылғы компания табысы туралы төтесінен қойылған сұрақты әдеттегідей құлағына ілмей, бар болғаны компанияның ел бюджетіне салықтар төлеп отырғанын, ал ТШО-ның акционерлерінің бірі ұлттық «ҚазМұнайГаз» компаниясы екенін ғана мәлімдеді. Сондай-ақ, Серіктестер кеңесінің соңғы отырысында 2013 жылдан бастап «Игіліктің» жылдық бюджетін 20 млн-нан 25 млн долларға дейін көбейту ұйғарылғанын жақсы жаңалыққа балай отырып хабарлады.

 

ТЕГЕУРІНДІ ТАЛАП

Атыраулық үкіметтік емес ұйымдар сөз алғаннан кейін ғана қызу талқыланған әлеуметтік мәселелерден тыңдау тақырыбына ойысты.

«Глобус» экологиялық-құқықтық бастама орталығының директоры Галина ЧЕРНОВА ТШО апатты шығарындылар (соңғы 5 жылда 700 жағдай) мәселесін қалай шешпекші болып отырғанын, сондай-ақ, бірқатар су қорының тапшылығы артқан жағдайда компания суды үнемдеу үшін қандай шара алатынын түсіндіруді талап етті.

Әдетте сыпайы Т.Миллер Чернованың тегеурінді сөзіне шыдай алмай, Чернова атаған цифрлардың «фактіге негізделмегенін» қатты айтып тастады. Басқа менеджер бұл шығарындылардың апатты емес екендігін мәлімдеді. Қалай болғанда да, келесі күні тыңдаудан кейін табиғат пайдаланушылармен болған кеңесте Атырау облыстық экология департаментінің бастығы Ербол ҚУАНОВ осы цифрларды атаған еді. Сол кезде ТШО өкілдерінің бірде-бірі оны теріске шығарған жоқ.

«Су қорлары» бойынша Миллер мырза 2 апта бұрын ТШО-ның Маңғыстау, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарының әкімдіктеріне баламалы су көздерін бірлесіп қарастыру үшін жұмыс тобын құру ұсынылған хат жолдағанын хабарлады.

 

СӨЗ ТАЛАСТЫРАТЫН ОРЫН ЕМЕС

Аталмыш табиғат пайдаланушылармен өткізілген кеңестеакадемик Мұфтах ДИАРОВ ТШО-ның жұртшылық тыңдауын Құлсарыда өткізуі орынсыз деп күмән келтірді:

Бұл компанияға тиімді. Ол жерде жұртшылық аз, туыстары ТШО-да жасайтындықтан, адамдар да қатты айтудан қашқақтайды. Оларды жұмыстан шығарып жібереді деп қорқады. Ал ауданда басқа жұмыс жоқ.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

24 қазан 2012, 17:49

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.