Атырау, 25 қараша 00:53
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Жалған ақша жарға жығады

4 042 просмотра

Жыл өткен сайын елімізде жалған ақша дайындауға және өткізуге қатысты қылмыстар саны артуда. Мұндай үрдіс Атырау облысында да байқалады.

– Жыл басынан бері жалған ақшалар анықталған68 факт тіркелді. Көбінесе 2, 5 және он мыңдық купюралар жасалады, бірақ ұсақ номиналдағы ақшалар - 500 және 1 000  теңгелер де кездеседі. Осыған қатысты департамент 37 қылмыстық іс қозғады. Анықталып, қамауға алынған жалған монета жасаушылар түрлі мерзімде бас бостандықтарынан айыру жазаларын алды,– деп әңгімеледі Атырау облыстық экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің ұйымдастыру-бақылау басқармасы-инспекциясының бастығы Қаһарман ЖӘРДЕМОВ кәсіпкерлермен кездесу кезінде. Ол ресми тіркелген оқиғаларға қарағанда, жалған ақшаларды өткізу жағдайлары көп болуы мүмкін екендігін атап өтті. Қылмыстық кодекстің 206-бабы беймәлім деп аталатын қылмысқа жатады. Жалған ақшаны анықтаған азаматтар – кәсіпкерлер де, қарапайым тұтынушылар да жауап беру рәсімдерінен және қажетті құжаттарды рәсімдеуден қашқақтап, полицияға хабарлауға асықпайтын көрінеді. Өйткені, жалған ақша жасаушыны анықтап, жауапкершілікке тартқан жағдайда ғана оларға сот үкімімен материалдық зиян өтеледі екен. Егер қылмыскер анықталмаса, азаматтарға зиянды ешкім де өтемейді. Сондықтан анықталған фактілердің көп бөлігі қызмет бабы бойынша осындай жағдай орын алғанда органдарға хабарлауға тиісті банк қызметкерлерінің арқасында ғана белгілі болып жатады. Дегенмен, қаржы полициясының қызметкерлері заңсыз ақша айналымына байланысты, әсіресе, әңгіме бірлі-жарым жағдай мен шағын сомалар туралы болса, қылмыстардың қиын ашылатын санатқа жататынын жасырмады. Ірі сомалар бойынша жалған ақша жасаушыларға қатысты мәселе басқаша. Соңғы рет өткен жылдың қараша айында жалған ақша жасаушы қылмыскерлерді СМП ықшам ауданы маңындағы жалға алынған сарайшықта қомақты партиямен ұстаған. Астыртын цехта қылмыскерлер жалпы сомасы 500 мың доллар болатын 5 мың банкнот дайындаған. 

– Жаңа технологияның пайда болуына байланысты жалған ақшалардың сапасы да артты. Кейде тіпті біздің тәжірибелі қызметкерлеріміздің өздері де жалған ақшаны шынайы ақшадан бірден ажырата алмай қалады, – дейді Ұлттық банктің Атырау филиалының қолма-қол ақшамен жұмыс бөлімінің жетекші экономисі Ғазиза ТАРИХОВА. Ол күмәнді ақшалардың көлеміне, банкноттың түсіне, басылған бедеріне және қағаз сапасына мұқият зер салуға кеңес берді. Сондай-ақ, ақшада су тамғы белгісінің (барыстың басы, банкноттың сандық бейнесі және 2 000, 5 000 теңгеден басқа барлық ақшадағы жануарлар пішіні) және екі қорғаныш сызығының: тұтас магнитті және жарыққа тосып қараған кезде көрінетін жасырын (металдандырылған) үзік-үзік сызықтар түріндегі қорғаныш жіптерінің бар екендігін тексеру керек екен. Нашар көретін жандар үшін барлық номиналдағы банкноттың сыртқы бетіне арнайы белгі – айқын ажыратылатын дөңес бедерлі элементтер салынған. Қазіргі ақшалардың басқа да арнайы белгілері бар. Олар: төменгі бұрыштағы жасырын бейнелер, оптикалық түрде реңі құбылатын бояу және тағы басқа да белгілер.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

24 қазан 2012, 17:31

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.