Былтырдан бастап Қазақстанда жаңа Экологиялық кодекстің жобасы әзірленуде. Жақында осыған қатысты ҚР Экология министрлігі комитетінің төрағасы Зұлфұхар ЖОЛДАСОВ Атырауға келіп, жергілікті жұртшылықпен кездесу өткізді. Заңнамадағы өзгерістер шын мәнінде елеулі болмақ.
- Барлық өңірге жұмыс тобының сапарлары жоспарланған. Біздің сапарымызды Атырау облысынан бастауымыз кездейсоқ емес, мұнда ірі жер қойнауын пайдаланушылар көп. Жаңа кодекстің жобасын әзірлеу жұмыстары аяқталып қалды, жыл соңына дейін заң жобасы Парламенттің қарауына ұсынылады, қазір біз үшін жұртшылықтың пікірі өте маңызды, - деген Жолдасов негізгі жайттарға тоқталды.
«Ластаушы төлейді» қағидасы: орасан көп табиғат пайдаланушыларды жаппай экологиялық реттеуден және ірі ластаушы кәсіпорындарға баса көңіл аударудан бас тарту ұсынылады. Әлем бойынша негізгі (80%) ластанудың 20%-ы кәсіпорындарға тиесілі.
ҚОӘБ-ден (қоршаған ортаға әсерді бағалау) өту де өзгереді - егер қолданыстағы экологиялық кодекс бойынша ҚОӘБ туралы талап барлық кәсіпорындарға дерлік қолданылса, жаңа кодексте ол тек «Бірінші санаттағы» (зиянды әсердің ең жоғары деңгейіндегі) кәсіпорындарға қатысты қолданылады.
Осылайша, іс жүзінде экологиялық қауіпті нысандарға назар аударылады, бұл ҚОӘБ сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
II санаттағы нысан үшін скрининг процедурасы қарастырылған, оның аясында ҚОӘБ процедурасын толық жүргізу мақсаттылығы анықталады. III санат үшін ҚОӘБ әзірленбейді, IV санат ҚОӘБ-ден және рұқсат беруден босатылады.
Қазіргі уақытта ҚОӘБ құрылыс, технологиялық сипаттамалар, сондай-ақ таңдалған жер телімдері бойынша қабылданған шешімдермен бірге жобалау-сметалық құжаттаманың құрамдас бөлігі ретінде әзірленеді. Осылайша, жұртшылық қабылданған шешімді бағалайды және көп жағдайда оған ешқандай ықпал ете алмайды.
- ҚОӘБ бойынша барлық мәселелер қазіргідей жоба бекітілгеннен кейін емес, өтініш беру кезеңінде шешілуі тиіс, - деп атады Жолдасов.
ӘҢГІМЕ КӨП, БІРАҚ АҒАШТАР ҚАЙДА?
Содан кейін әңгіме қоршаған ортаға эмиссия туралы қозғалды. Эмиссия үшін төлем экономикалық реттеу құралы ретінде белгіленген, алайда іс жүзінде кәсіпорынды жаңғыртуға ішінара ғана ынталандырады. Сондықтан мөлшерлемелерді едәуір және үдемелі арттыру ұсынылды.
- Экологиялық төлемдердің жергілікті бюджетке түсетінін және бұл ақшаның кез-келген қажеттіліктерге жұмсалатындығын атап өтемін. Бірақ оларды тек экологиялық мәселелерді шешуге жұмсаған дұрыс болар еді. Біз бюджеттік заңнамаға тиісті өзгертулерді дайындап жатырмыз, - деді Жолдасов.
Шынымен солай екен ғой деп ойладым: мысалы, 2017 жылы ТШО экологиялық залал үшін екі мәрте - 4 миллиард 845 миллион және 278 миллион теңге төледі. Ал мұндай үлкен сомалардың қайда жұмсалғанын білмейміз.
Қазіргі кезде экологиялық заңнамада зиянды тікелей және жанама әдістермен өтеу қарастырылған. Тікелей әдіс қоршаған ортаны қалпына келтіруге қажет нақты шығындарды анықтау болса, ал жанама әдіс экономикалық зиянды бағалаудың тікелей әдісі пайдалынылмайтын жағдайларда қолданылады.
Оның үстіне, қоршаған ортаны қорғау саласындағы залал бойынша талап қою мерзімі бар-жоғы 3 жыл.
Жаңа кодексте не ұсынылған? «Ластаушы төлейді» қағидасына сәйкес, экологиялық залал келтірген субъект өз қаражаты есебінен табиғи орта компоненттерін ремедиациялауға (қалпына келтіруге) міндетті.
Ремедиациялаудың екі түрі бар: тікелей және баламалы. Жолдасовтың айтуынша, экологиялық залалды толығымен жою мүмкін болмаған жағдайда, кәсіпорын баламалы ремедиациялауды жүзеге асыруы тиіс:
- Мысалы, осы жерлерге ағаш отырғызу және т.б.
ТАЛАП ЕТУ МЕРЗІМІ – 30 ЖЫЛҒА ДЕЙІН
Ал талап ету мерзімін бірден он есеге - 30 жылға дейін ұзарту ұсынылады:
- Бізде Азғыр полигоны бар екенін, Електе алты валентті хром бар екенін бәріңіз білесіздер – бұрын кәсіпорындар бұл нысандарда жұмыс істеген кезде оның зардаптары туралы ешкім тіс жармады, оның адамдар үшін өте жаман екені туралы ескерту жасамады. Ал енді шағым түсіретін ешкім жоқ. Сондықтан бұл норма болашақта көмектесуі тиіс.
Әрі қарай Маңғыстау облысының Қаламқас кенішіндегі газ-су қоспасын мысалға келтірді:
- Бізде үлкен проблема бар: алау жанып тұр, бірақ тексеруге бара алмаймыз. Неліктен? Өйткені алдымен прокуратураға тіркелуіміз керек, біз факт бойынша бара алмаймыз. Бізге біреудің арыз жазғаны керек, ал прокуратура немесе мемлекеттік органдар тексеруге рұқсат беруі тиіс.
Сондықтан төтенше жағдайға жедел әрекет етуге мүмкіндік болу үшін I санатты нысандарды шұғыл тексеру құралын жаңарту ұсынылады. Мұндай тексерулерге қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқамалықтан өткен ҮЕҰ өкілдері қатысады.
- Бұл жұртшылықтың экологиялық ақпаратқа қол жетімділігін қамтамасыз етеді және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жояды.
«ЖҰРТШЫЛЫҚТЫҢ ТЕКСЕРГЕНІН ҚАЛАМАЙСЫЗДАР!»
Зұлфұхар Жолдасовтың сөзінен кейін залдан сұрақтар қойылды.
НКОК өкілі:
- Шұғыл тексерістерге келсек: біздің нысандарымыз қауіпті нысандарға жатады. Онда қауіпсіздік техникасы бойынша нормалар өте қатаң. Осындай тексерулер кезінде бұл мәселе қалай шешіледі?
- Сіздер жұртшылықтың тексергенін қаламайсыздар! Әрине, қауіпсіздік техникасы өте маңызды, сондықтан тексерушілер тиісті дайындықтан өтеді.
Елена РОГОЖИНА Оң жақ және Сол жақ Перетаска тұрғындарының проблемасын айтты:
- Сол жақ Перетаскадағы тұрғын үйлер бұзылғаннан кейін мұнай өңдеу зауытының санитарлық қорғау аймағынан тыс жерде 22 үй қалды. Онда адамдар өте қиын жағдайда өмір сүруде. Біз көп хат жолдадық. Үйлерден шекті рұқсат етілген мөлшердің асқандығын тіркедік, оның денсаулыққа кері әсері бар екені дәлелденді. Сондықтан 22 үйдің тұрғындары өздерін көшіруді талап етіп отыр.
- Мұқият тексеру жүргізіледі, тапсырма бердім, - деп жауап берді Жолдасов.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА
Суреттерді түсірген автор