«Қазақстандағы сыбайлас жемқорлықтың жай-күйіне мониторинг» зерттеу жұмысы аясында Transparency Kazakhstan қоғамдық қоры облыс және аудан орталықтарындағы 9 мың респондентке сауалнама жүргізіп, «Ашық диалог» порталына түскен 568 шағымды зерттеді.
Алдымен жағымдысы туралы. Респонденттердің 54,4% -ы соңғы жыл ішіндегі сыбайлас жемқорлық деңгейінің төмендегенін атап өтті. Тек әрбір оныншы респондентке мәселені пара арқылы шешу қажет болған. Бизнес-қауымдастықта да дәл осындай көрініс - сауалнамаға қатысқан кәсіпкерлердің 76% -дан астамы Қазақстанда пара бермей және заң аясында жұмыс істеп-ақ бизнесті дамытуға болады деп санайды.
Сауалнама нәтижелері бойынша сыбайлас жемқорлық жиі орын алатын аймақтар мен мемлекеттік органдар анықталды. Бұл Жамбыл, Атырау, Алматы, Маңғыстау, Қарағанды, Қызылорда облыстары және Алматы қаласының өзі.
Әскери комиссариаттар, мемлекеттік балабақшалар, азаматтық хал актілерін тіркеу органдары (АХАЖ) және кеден – ең жемқор мемлекеттік органдар деп аталды.
Респонденттердің жауаптарынан мәжбүрлі түрде пара берудің 70-тен астам себептері аталған. Ең көп кездесетіні - жақсы маманға емделу, жұмысқа орналасу, жер телімін рәсімдеу, баланы балабақшаға орналастыру. Ал бизнес өкілдері салық органдарында, жер қатынастары бөлімдерінде, аудан әкімдіктерінде, полицияда, өртке қарсы қызмет пен кеденде жемқорлықпен бетпе-бет келеді.
Олар рұқсат беру құжатын, жер телімін алу және оны кейіннен құрылысқа ресімдеу, өрт қауіпсіздігін тексеру және кедендік тексеру кезінде мәселелерді бейресми түрде шешуге мәжбүр.
Респонденттердің үштен екісі, егер әлдебір ведомствоның қызметкері пара алғысы келсе, онда ол мәселені шешуді әдейі кешіктіреді деп санайды. Көбінесе мәселені бейресми түрде шешу туралы келісім бөлім мамандарының «төменгі» деңгейінде жүзеге асырылады. Бұл тұрғыда, пара мөлшері 500-ден 500 000 теңгеге дейінгі аралықта болады.
Респонденттер мемлекеттік органдарға жүгінген кезде алаяқтық пен ұрлыққа қатысты қылмыстық істерді тергеу барысында сөзбұйдалыққа, біліксіздікке, түсініксіз жауаптар және әрекетсіздікке жиі кезігетінін атап өтті.
Дайындаған Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА