Жыл басынан бері мұнайлы астананың 276 тұрғыны интернет-алаяқтардың құрбаны болды. Бұл туралы Атырау облыстық полиция департаментінен хабарлады.
- Жақында "ВКонтакте"-дегі жеке аккаунтымды бұзып, менің атымнан әріптесімнен 100 мың теңге қарыз сұрапты және сол ақшаны белгілі бір шотқа аударуын өтінген. Әріптесім, рас-өтірігін анықтау үшін дереу маған қоңырау шалды. Сөйтіп бұл алаяқтық екені анықталды. Күдікті хабарламаларды алдын-ала тексеру қажет, - дейді Атыраудың 43 жасар тұрғыны Нұрбике ЕРҒАЛИЕВА.
Сонымен қатар, полициядағылардың айтуы бойынша алаяқтар бұрынғыдай «сіздің ұлыңыз қиын жағдайға тап болды, ақша салыңыз…» деген сияқты қулық әдістерді қазір көп қолданбайды. Қазір алаяқтар үшін әлеуметтік желілерде жалған жарнама беру анағұрлым тиімді болып отыр.
- Осындай алаяқтық фактілері olx.kz, krisha.kz және kolesа.kz сайттарында жиілеп кетті: сайтта тауардың суретін жүктеп, қолжетімді бағаға ұсынады. Сөйтіп, қармаққа ілінген «тұтынушыдан» аванс ретінде алдын-ала төлем сұратады. Сеніп қалған тұрғындардан ақшаны алғаннан кейін, барлық байланысты бұғаттап жойып, қайтадан жаңа парақша ашып, қылмысын жалғастыра береді. Аталған жайтқа байланысты ҚР ҚК 190-бабы бойынша бірнеше қылмыстық іс қозғалды (Алаяқтық), - деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Полицейлер тұрғындарға барынша қырағы болуды, тауарларға интернет арқылы тапсырыс бергенде тек лицензияланған дүкендердің қызметін пайдалануды, хабарландыруларды мұқият тексеруді ұсынады. "Киви-әмиян" арқылы ақша қаражатын аудармаған да жөн: "Киви-әмиян" тіркеген кезде қандай да бір сауалнамалық деректерді енгізбестен абоненттік нөмірді көрсету ғана жеткілікті, бұл күдіктілерді іздестіруді қиындатады.
Фархат ӘБІЛОВ
Инфографиканы жасаған автор