Жапондық өндіруші өзінің БЦЖ вакцинасының соңғы партиясын кері қайтарып алды. Осы себепті Атырауда жаңа туған сәбилер бірнеше ай бойы бүкіл еліміздегі сияқты туберкулезге қарсы егілмейді.
- Күнтізбеге сәйкес, алғашқы БЦЖ екпесі сәбилерге перзентханаларда егіледі. Бірақ дәрі-дәрмек өндіруші Жапонияның «Japan BGG Laboratory» фирмасы 35 елден 33 сериясын кері қайтарып алуына байланысты жаңа туған нәрестелерге қыркүйектен бастап бұл вакцина егілген жоқ, - дейді Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Амантай ЖҰМАҒАЛИЕВ.
Вакцинаны кері қайтару себебі - жапондықтар вакцинаны жіберген кезде препараттың еріткішінде бөгде заттардың табылғандығын анықтаған. Біздің өңірде жыл басынан бері мұндай фактілер анықталмады, бағымызға орай, БЦЖ егілгеннен кейін асқынулар тіркелген жоқ. Қазіргі уақытта Денсаулық сақтау министрлігі Үндістанның «SERUM institute of INDIA» компаниясынан дәрі-дәрмектер сатып алу және тасымалдау мүмкіндіктерін қарастыруда. Бұл жұмысты бірнеше ай ішінде аяқтау жоспарланып отыр.
Үй жағдайында сәбилерге жұқтырып алмас үшін олармен бірге тұратын туыстарынан флюорографияның, ал егер 14 жасқа дейінгі балалар болса - туберкулинге қарсы сынаманың (Манту реакциясы) нәтижелерін сұрайды.
- Осы ереже туралы хабарлау жұмыстарын болашақ ана тіркелген жердегі медицина қызметкерлері жүргізеді. Олар туыстарына жаңа туған нәрестенің денсаулығын ойлап, тиісті анықтамалар беруі тиіс екенін алдын-ала хабарлайды. Егер анықтамалар болмаса, онда анасы мен нәрестені перзентханадан шығармаймыз. Туыстары түсіністік танытып, реніш білдірмейді, - деп, менің сұрағыма облыстық перинаталды орталықтың басшысы Қуаныш НЫСАНБАЕВ жауап берді.
Бұл ретте дәрігерлер ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2017 жылғы 25 желтоқсандағы «Туберкулез кезінде медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы» №994 бұйрығына сілтеме жасады, онда: «Кальметт-Герен Бацилла вакцинасы жасалмаған нәресте перинаталдық орталықтан (босандыру бөлімшесінен) отбасы мүшелерінің барлығы туберкулез ауруына тексерілгендігі туралы амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін ұйым берген анықтама негізінде ғана шығарылады» делінген.
Естеріңізге салсақ, 2004 жылы Қазақстанда сербиялық БЦЖ екпесінің салдарынан вакцина салынған 200 мың баланың мыңға жуығында лимфаденит түрінде асқынулар тіркелген еді.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген автор