Атырау, 24 қараша 07:49
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Виртуал және шынайы өмір: екі дүниеде де жұбыңды табу қиын

8 942 просмотра

Көрнекі сурет

Қазіргі ғаламтор ғасырында қарым-қатынас орнату түкке тұрғысыз оңай секілді: хат жазып, кездесу белгілесе болды. Алайда тәжірибелі жеңгетайлардың тәжірибесіне сүйенсек, жаңа технологияның пайда болуы адам мінезіне еш әсер етпейді. Ұялшақ жігіт сол құпия ғашық болған күйінде қалса, талапшыл қыз әлеуметтік желідегі бірнеше суретті көрсе де, жұмсара қоймайды екен.


ВИРТУАЛДЫҚ ҚЫЗҒАНЫШ

Әлеуметтік желідегі хабарландыру бойынша қоңырау соқтым. Жаннұр есімді сүйкімді қыз отбасын құруға көмектесуге әзір екенін айтып, әдеттегіше, басы бос жігіттер аз деген сөздің жаңсақ екеніне сендірді. Кейде Жаннұр ер адамды үш әйелмен қатар таныстырып, кездесу ұйымдастыра алады, кейде керісінше де жағдайлар болады екен. Оның сөзін ҚР статистика комитетінің соңғы мәліметтері де растайды: Қазақстанда әйелдер ерлерден бар болғаны 3 пайызға көп екен: тиісінше 9 528 363 және 8 961 341. Ал 20-30 жас аралығындағы жас жігіттер осы жастағы әйел адамдарға қарағанда 16 560-қа көп: тиісінше 1 553 756 және 1 537 196.


- Әлеуметтік желілер мен мессенджерлер екінші жартыңды табуға көмектесе ме? - деп сұрадым мен.

- Кейде көмектеседі, кейде жоқ. Жаңадан танысқан жандар интернеттен өзінің сүйіктісін аңди бастайды: түнгі сағат екіде неге мессенджерде белсенді боп отырсың, менен басқа кіммен жазысып тұрасың деген сияқты сұрақтар жаудырып, жауап ала бастайды. Виртуал өмір бәрібір шынайы өмірді алмастыра алмайды, ерте ме, кеш пе, адамдарға шынайы өмірде кездесуге тура келеді. Сол кезде көңілдері түсіп кетеді. Адам бес жыл бұрынғы түскен суретті елестетіп, армандап, түрлі ойға кетеді. Ал шынайы кездескенде, араларында «от» пайда болмайды: иісі, шашының түсі ұнамайды, бойы сәйкес келмейді, бір сөзбен айтқанда, бір-бірін тартпайды.

Кемшілігінен басқа қасиеттері – ақылы, әдебі, әзілкештігі, батылдығы басым болса, әйелдер сыртқы келбетке көп мән бере қоймайды. Алайда белгілі бір кезеңге әйелдердің көбі өмірлік тәжірибемен келетінін ескеру керек. Мансапқа, материалдық игілікке қол жеткізіп, қоршаған ортаның – жұмысында да, тума-туыстарының ортасында да құрметке бөленген әйелдер өз мәртебесіне сай келетін үміткерді іздейді. Бұл ықтимал үміткердің жолына кедергі болары сөзсіз.

Ересек, өзіне сенімді еркектер сабырлы, мойынсұнғыш сұлуларды ғана емес, өзіне сенімді, от боп тұрған, өз айтары бар, кез-келген салтанатта ән айтып, би билей алатын, бір сөзбен айтқанда, елдің көзіне алып шығуға ұялмайтын әйелдерді де ұнатады. Бұл жерде де сыртқы келбеті ерекше рөл ойнамайды.


СҮР БОЙДАҚТАР

Білетін адамдар қазіргі интернет-танысу клубының қаламыздағы алғашқысы еместігін айтып, осындай жеңгетайдың бірінің телефон нөмірін берді. Сөйтсек, бұрын таныстырумен айналысып, қазір психологиялық консультация беріп, коуч ретінде жұмыс жасағанды жөн көргенін Айнагүлдің (есімі оның өтініші бойынша өзгертілді) өзі әңгімелеп берді.

Бұл әйел өз жобасын ересек аудиторияға арналған танысу клубы ретінде бастаған. Алайда бірінші тәжірибесі: жеке өмірін құра алмау басқа психологиялық факторлармен: мамандығына риза болмау, отбасылық қарым-қатынаста ата-анасымен, бауырларымен тіл табыса алмау, өз күшіне сенімсіздік немесе жар болатын үміткерге өте жоғары талап қоюшылықпен тығыз байланысты екенін көрсеткен. Әр адам өзін сол күйінде қабылдағанын қалайды және өзімен жұмыс істегісі келмейді. Ал серігінен мінсіз болуды және өзгеруге әзір болуын талап етеді. Сүр бойдақ әйел де, еркек те бір-біріне ұқсас: талап қойғыш, мінсіз қарым-қатынас туралы армандайды және үміткер өз талабына сәл сай келмей қалса, әртүрлі сылтаумен таныстықты үзіп тастауға әзір. Бюджеттерін бөлек ұстағанды қалайды. Материалдық шығындардан бөлек, біреудің өмірі және денсаулығы үшін жауапкершілік алғылары келмейді. Яғни, некеге бәрін есептеп, талаптар тізімін жасап, жоба ретінде қарайды. Мұндай прагматикалық әдіс жаман болмағанмен, бір кемшілігі бар: әркім өзі бергенінен гөрі көп алғысы келеді. Бұл ниет саналы емес, өйткені оларға некеге қосқан жеке үлесі - еркіндік пен «жайлылық аймағы» баға жетпестей болып көрінеді.

Екіншіден, жаңа қарым-қатынаста баланың болуы кедергі болып жатады. Бұл серігінің әлеуетін өте қатты төмендетіп жібереді. Әйелдер отбасылық бюджетті алиментке жырып бергісі келмейді, бұрынғы әйелі тарапынан түрлі айла-шарғылардың болуынан сескенеді. Еркектер, керісінше, әйелдің ықыласын басқа біреулермен, тіпті, оның балаларымен де бөліскісі келмейді. Әсіресе, олар  ұл балаларды ұнатпай, оларды бәсекелесі секілді көреді. Алайда мұны өздері мойындай қоймайды. Әйел де, еркек те балаларына тең қараса екен деп армандайды.

- Бір мысал келтірейін: 45 жастағы ер адам күзетші болып жұмыс істейді, жұмысына екі тәулік сайын барады, ешқашан үйленбеген, егде тартқан әке-шешесімен бірге пәтерде тұрады. Өзінен жас, бала туа алатын, әке-шешесін бағуға дайын әйел іздейді. Бұрын үйленбегендігін және балалары жоқтығын артықшылығым деп есептейді. Ал жас, күйеуге шықпаған әйелдер күйеуінің азғантай жалақысына өмір сүріп, әата-енесін бағуды қаламайды. Оларға несиесін өтеп, сауық-сайранға толы жаңа өмірге алып кететін темір тұлпарға мінген ханзада керек. Ал ажырасқан әйелдер жаңа серігі балаларын аяқтандыруға көмектеседі деп үміттенеді, - деп әңгімелейді Айнагүл.


«МЫҚТЫ ҚАУЫМ КІМДЕР?»

Ол жесір әйелдердің, әсіресе, орта және үлкен жастағылардың, әдетте, қайтадан күйеуге шықпай, өмірін балаларына арнап, марқұм болған күйеуінің отбасымен тығыз қарым-қатынаста болатынын атап өтті. Ал ажырасқан әйелдер балалары үшін де бұрынғы туыстарымен алыс қарым-қатынаста болуды көздейді. Ажырасқан еркектерде, керісінше, бұрынғы отбасына бауыр басушылық басым болады. Олар үйін әйелі мен балаларына қалдырып, өзі ата-анасының қасына барып тұрады. Кейбірі ішімдікке салынып кетеді (көбінесе, ажырасуға себеп болатын жаман әдет осы). Бұрынғы жұбайы балаларын демалыс күндері ата-әжесіне әкеліп тұрады, каникул кезінде жібереді. Әке-шешесі қайтадан үйлен десе де, ер адам қайтадан шаңырақ құруға талпынбайды. Сөз жүзінде басқа әйел табу керектігі туралы әңгіме қозғаса да, іс жүзінде әйелдермен байланысы тек телефон арқылы сөйлесумен және sms-хабарлама жазумен шектеледі. Әйелге көңіл аударып, бір жерлерге қыдыртып, таң қалдырып, ілтипат білдіру керек. Ер адамдар онсыз да алиментке кететін, әке-шешесімен бірігіп төлейтін коммуналдық қызметтер мен азық-түлікке жұмсалатын азғана ақшаларын шығарып, олай «қиналғысы» келмейді. Олар ешқандай жауапкершілік алмай, арасында кездесіп тұратын (әйелдің аумағында болса тіпті жақсы) құрбы тапқанды қалайды.

- Әйелдердің, әсіресе, жастардың белсендірек, өздеріне сенімді болғанын байқадым. Өздері шешім қабылдайды, жеке бизнестері бар, жақсы табыс табады, көлік жүргізеді. Олар өздерінен мықты деп есептейтін еркектерді ғана қабылдайды, көбінесе жандарында жүрген адамдарды елемейді. Еркектер бұған мойынсұнып, билік ету құқығын беріп қояды. Меніңше бұл қоғамның ұлдарға өте қарама-қайшы сигналдарды тарататындығына байланысты. Біз олардан еркекше іс-әрекет етуді талап етеміз, ал өзіміз асты-үстіне түсіп, өбектейміз, сәл нәрсе болса, тіпті қыздардан да қорғаштауға жүгіреміз. Оның астарында «психологиялық зақым алып қалмасын» деген ой тұрады. Ал қыздарға қатысты қоғамда қарапайым көзқарас қалыптасқан, оларды төзімділікке және жағдайға бейімделуге үйретеді. Нәтижесінде олар тәуелсіз, икемді, өмірге дайын болып өседі.

Сонымен, сыңары жоқ жандарды қосудың жолын іздеген Айнагүл қазір психологиямен айналысады, кеңес береді. Психологиялық кеңестерден кейін клиенттердің өздері жар табады. Егер жолы болса...

Зульфия ИСКАЛИЕВА

9 қыркүйек 2019, 16:39

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.