Атырау, 24 қараша 08:12
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

«Жұмақ іздеп, тозақтан оралдық»

Бейнежазба
5 223 просмотра


Жыл басынан бері ұйымдастырылған «Жусан» гуманитарлық операциясының үш кезеңінде Сириядан Қазақстанға 516 адам, оның ішінде 357 бала әкелінді. «АЖ» тілшісі экстремистік діни ағым ұстанушы күйеуінің уағызымен төрт жыл бұрын кішкентай ұлын ертіп, шекара асқан атыраулық әйелмен әңгімелескен еді.

«ЖОЛДАСЫМ АЙТҚАНЫНАН ҚАЙТПАДЫ»

- Елден кету туралы ой неден басталды. Сирия туралы кімнен естідіңіз?

- Шам туралы 2015 жылы күйеуім айта бастады. Ол жақ жер бетіндегі жұмақ, нағыз мұсылмандардың тұратын мекені дейтін. Мен соғыс болып жатқан жер емес пе дегенімде, жоқ біз басқа жерде тұрамыз, достарымның көбісі сол жаққа әйелдерімен кетіп жатыр, біз ғана қалдық деп маған реніш білдіретін. Содан 2015 жылдың көктемінде күйеуім Сирияға өзі кететін болып шешті, мен жыл жарым жастағы баламмен үйде қалдым. Бірақ үйде көп отырмадым. Жолдасым сол жаққа жеткен соң, мені тағы да үгіттей бастады. «Күйеуінің разылығын алмаған әйел, алланың разылығын алмайды» деген бар емес пе? Амалсыз артынан баруға тура келді.  

- Қалай бардыңыздар?

- Жолға ұлымды алып өзім шықтым. Сирияға бара жатқаным туралы ата-анама да айтқан жоқпын. Алдымен Алматыға, одан ұшақпен Турцияның Газиантеп қаласына жетіп алдым. Бұл жақтан әрі қарай жолды күйеуімнің айтуы бойынша бірнеше автобустармен жүріп өтіп, Сирияның шекарасына жеттім. Шекарадан өтерде шекарашылар баламның, өзімнің барлық құжаттарын жинап алып қалды.

Алдымен Эш-Шаддад қалашығына (Сирияның солтүстік-шығысындағы Эл-Хасака провенциясының шетінде - НН) орналастық. Бірақ бұл жер маған бірден ұнаған жоқ. Оның үстіне күйеуім 2 айға соғысқа бейімделу алаңына кететін болды. Үйде жалғыз қалдым. Амалсыз көне бастадым, оның үстіне құжаттарым жоқ және бұл жерден әйел адамға қашып шығу мүмкін емес еді.

Күйеуім  жаттығудан келген соң, Иракка жақын бір ауылға барып тұрдық. Ол жер үнемі әуеден бомбыланып тұратын. Бомбылау кезінде үйде отыру қауіп. Ұшақ ұшса, баламды алып, окопқа тығылатынмын.

- Бұл жақта сіздерден басқа қазақтар болды ма?

- Қазақстандықтарды көп кездестіруге болады, көбіне қырғыздар болды. Күйеулеріміз соғысқа кеткенде бір үйде дағыстан, өзбек, қырғыздармен бірге тұрдым.

«АРТЫҚ АДЫМ ЖАСАСАҢ, БІРДЕН ӨЛТІРЕДІ»

- Арабша білуші ме едіңіз? Дүкендерде, тұрмыстық қажеттіліктер туындағанда қалай тіл табыстыңыз?

- Дүкендерде көбіне ұйғырлар болды. Мен тек ақшаның қалай айтылатынын үйреніп алғанмын. Дүкенде алатын затымды қолмен ұстап түсіндіремін, «беріңізші», «алыңызшы» деген сөздерді білемін. Кейде тегін ұн таратып жатса, сұрай алмай қиналатынмын.

- Елмен хабарласып тұрдыңыз ба?

- Біз тұратын ауылда телефон байланысы жоқ, бірақ интернет болды, мүмкіндігім болғанда интернет арқылы сөйлесіп, амандығымды білдіріп тұрдым. Уайымдамас үшін ата-анама бәрі жақсы дейтінмін.

- Тұрмыстарыңыз қалай болды? Соғысқаны үшін күйеуіңізге ақша төледі ме?

- Бізге алдымен үй берді. Содан кейін ай сайын ересек адамдарға 50 доллар, балаларға 35 доллардан ақша беріп тұрды. Мен бұл жақта ұлымды өмірге әкелдім. Бірақ оның бәрі екі  жылдан кейін тоқтады. Ақшаның орнына тек азық-түлік әкеліп беретін, соңғы жылдары ол да тыйыла бастады. Күйеуім 2018 жылы соғысқа кеткеннен оралмады. Екі айдан соң қайтыс болды деген хабар келді.

- Елге қайту туралы күйеуіңіз қайтқан соң ойладыңыз ба?

- Күйеуім қайтқаннан кейін жарты жылдай болдым. Бұған дейін қашу туралы ой мүлдем келмейтін. Өйткені ол жақта әскери билік өте қатал болды, қашамын деп артық қимылдасаң, өлтіретін. Алайда соңғы кезде содырлардың қарулы күштері азайды ма, әлде әлсіреді ме, бізді бағатын болатын адам қалмады. Жергілікті тұрғындардың өздері де қаша бастады. Ал қашудың жолы - Түркияға жақын жерде орналасқан курдтардың лагеріне бару. Қашпасқа амал жоқ, бомбалау жиіледі. Ас тауып ішу қиындап кетті. Күнде балаларымның болашағы үшін аман қалуды дұға ететінмін. Соңында үкімет әскері жолды жауып, тамақ келмей қалды. Дүкенде күріштің келісі 25 мың теңге болды, ұнның қапшығы 500 доллардан сатылды.

Курдтар лагеріне қаңтар айында келдік. Бұл кезде лагерь әлі дайын емес еді. Қыстың қақ ортасында бәріміз аш-сусыз далаға қондық. Сол кезде мен үшінші қызыма аяғым ауыр болатын. Қатты жауын, күн суық, екі ұлымды өліп қалатын шығар деп ойладым. Келесі күні көліктермен әскерилер келіп, палаткалар құрып, бізге тамақ пен төсек көрпелер таратты.

- Бұл жерден Қазақстанға қалай қайттыңыз?

- Лагерьде бірнеше ай тұрдық. Алғашқы «Жусан» операциясына үлгермедік. Бірнеше айдан кейін 9 мамырда қазақстандық әскерилер келіп, бізді автобустармен шекарадан өткізіп, ұшақпен Қазақстанға алып келді. Лагерьге келген қазақтарды көріп, ана тілімде сөйлегенін естігенде қуанышым қойныма сыймады... Содан бізді «Жусан-2» гуманитарлық операциясымен Ақтау қаласындағы бейімдеу орталығына орналастырды. Ол жерде киім-кешек беріп, балаларға мекекелік шаралар ұйымдастырылып, психологтар көмек көрсетті. Бізді құтқарған,  көмек көрсеткен ұйымдарға айтар алғысысым шексіз. Бұл жақсылықты ешқашан ұмытпаймыз.

«КЕЛІСІМДІ ТЕЗ БЕРГЕНІМЕ ӨКІНЕМІН»

- Күйеуіңіз туралы айтасыз ба? Онымен қалай танысып едіңіз?

- Ол өзімнің бірге жүрген құрбы қызымның  күйеуінің дос жігіті болатын. 2010 жылы онымен танысып, бір кездесуден соң күйеуге шықтым. Менің ең басты қателігім де күйеуімді жетік танып алмағанымнан болды деп ойлаймын.

...Қазір соғыстан қорқып қалған соң ба, балаларымды діннен алыс ұстағым келеді. Күйеуім секілді діннің фанаты болып кетпесе екен деймін. Маған үйдегілер қазір орамалыңды таста дейді. Бірақ он жыл бойы киіп қалған соң ба, шеше алмайды екем. Егер, балаларым намаз оқып жатса, түсінбегендерін мешіт имамдарынан, арнайы медреселерден сұрап үйрен дер едім. Біз секілді интернеттен оқып, адаспаса екен деймін.

- Қазір қайда тұрып жатсыз, туыстарыңыз қалай қабылдады?

Қазір 3 баламмен бірге анамның қолындамын. Ұлымның үлкені 6 жаста, бұйырса, мектепке барады. Екінші ұлым енді 3 жасқа толады, қызым - 5 айлық.  Алғашында үйге келерде ата-анам не дейді деген қорқыныш болған. Бірақ ана ғой, олар мені жақсы қабылдады.

- Алдағы жоспарларыңыз қандай?

- Мақсатым балаларымның құжатын түгендеп, өзім жұмысқа орналасып, балаларымды өз қолыма алып асырағым келеді. Қазіргі кезде өзіме ыңғайлы мамандық іздеп жатырмын... Мұндай жағдай енді ешкімнің басына келмесін. Жұмақ іздеп, тозақ ортасынан оралдық қой.


Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ 

Суретті және бейнежазбаны түсірген автор

5 қыркүйек 2019, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.