Шынымды айтсам, сабаққа барғанды ұнатпайтынмын, мектепті сағынған да емеспін. Ерте тұрып, күнделікті үй тапсырмаларын орындауды, физика мен математикадағы шексіз үштіктерді, ығыр қылатын синустарды, косинустарды жек көретінмін. Қазір де иықтарына сөмке асынған оқушылардың ұйқылы-ояу күйде мектепке бара жатқанын көргенде, мұның бәрі мен үшін артта қалғаны қандай жақсы болған деп қуанамын.
Сондай-ақ, жазушы Евгений Гришковецтің «Как я съел собаку» атты монодрамасы есіме түседі. Бұл шығармада ол өзінің мектептегі сезімдерін былайша жеткізеді: «1 қыркүйекте бірінші сынып оқушыларын мектепке қалай апаратынына қарай алмаймын. Бұл сондай сұмдық көрініс... Сәнді киінген анасы мұнтаздай таза, жаңа костюм киген, әлі мектеп оқушысы болмаған... кішкентай ойын баласын алып бара жатыр. Ол қиғылық салмай кетіп барады, қолында күні кеше ғана: «Уақыт қалай зымырап өтіп жатыр, міне, Сашажан да мектепке баратын болып қалды...» деп көз жасын бұлап алған әжесінің кесіп берген гүл шоқтары бар. Ол да өзінше бірдеңе түсінгендей. Оны мектепке апарады, лық толы адамдар, алғашқы қоңырау, оны сол жерге тастап кетеді... Алғашқы ұстазым менің... Алевтина Петровна немесе Зинаида Николаевна... Содан кейін бала мектептен келеді... өзгеше күйде...».
1 қыркүйекте Жұлдыз ықшамауданындағы жаңа мектептің ашылуына қатысу үшін редакциядан тапсырма алған кезде осы көріністер елестеп кеткен еді.
…Жексенбі күні таңғы 7-де қабырғадан көршінің балаларына айқайлап сөйлеген сөздері айқын естіліп жатты. Оның үш баласы бар. Балалар таңғы астарын ішіп, киімдерін киіп, жиналып үйден шыққанша бұл әйелдің жүйке талшықтарынан түк қалмайды-ау.
Миығымнан жымиып қана кофе ұрттап отырып, подъезден шығып бара жатқан көршілерді терезеден бақыладым. Бірінші қыркүйектің жексенбіге тап келіп, қырсық шалуын қарашы. Бірақ маған кейіндеу барсам да болады ғой.
КӨПТЕН КҮТКЕН ОҚИҒА
Ал бәленбай мың тұрғындары бар, қанатын кеңге жайған Жұлдыз ықшамауданы үшін 624 орынға есептелген жаңа мектептің ашылуы шынымен де маңызды әрі көптен күткен оқиға болды. Өйткені бұған дейін ата-аналар балаларын басқа ықшамаудандағы мектептерге апаруға мәжбүр болатын. Бірден еске сала кетейін, оқу орны «Теңізшевройл» ЖШС қаржысына «Игілік» бағдарламасы аясында салынған еді.
- ТШО қызметі елімізге және облысымызға экономикалық тұрғыда пайда әкеліп қана қоймай, жергілікті әлеуметтің игілігіне де жақсы ықпалын тигізіп жатқанына қуаныштымыз. Біздің Атырау облысының әкімдігімен және тұрғындармен тығыз әріптестігіміз осындай нәтижелерге қол жеткізе береді және өңірімізге қажетті осындай әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының пайда болуына әлденеше рет куә боламыз деп үміттенеміз, - деп атап өтті ашылу салтанатына қатысушы ТШО-ның үкіметпен және жұртшылықпен байланыс жөніндегі бас менеджері Рзабек АРТЫҒАЛИЕВ.
МЕКТЕП ҚҰРЫЛЫМЫ ТУРАЛЫ
Мектеп алаңы 6500 шаршы метрден астам. Онда оқу үшін қажеттінің бәрі: лингафон кабинеттері, мультимедиа сыныптары, тігін машиналарымен жарақталған технология кабинеттері, қыздар үшін газ плиталары мен микротолқынды пештер, ал ұлдар үшін металмен және ағашпен жұмыс жасауға арналған станоктар, тегістеу машиналары бар. 300 орындық акт залы, жаттығу құралдарымен жабдықталған 2 спорт залы, оқушылардың сүйікті орны - асхана, тіпті, стоматологиялық кабинет те қамтылған. Мектеп алаңында теннис корты, баскетбол және волейбол алаңдары, футбол алаңы салынған.
- Мектепте 25 сынып бар, орыс тілінде оқытатын 1-ден 5-ке дейін сыныптар ашылған. 110-ға жуық мұғалім жұмыс істейді, бұлар - Нысанбаев пен Смағұлов мектептерінде қысқартуға ұшыраған ұстаздар және жас мамандар. Педагогтар жеткілікті. Балалар екі ауысымда оқиды, - деп әңгімеледі мектептің жас директоры Досжан БЕКБОЛАТҰЛЫ.
«ӘДЕМІ ЕТІП ЖАСАҒЫМЫЗ КЕЛДІ»
- Бастапқыда типтік жоба болды. Бірақ біз оны алғаннан кейін қасбетінің дизайнын өзгертіп, тапсырыс берушіге және қаламызға лайықты, әдемі болу үшін мектеп ғимаратын жақсартуды ұйғардық, - деді «ДСУ Кастадор» ЖШС директоры Айдын Әлмұхамбетов «АЖ» тілшісіне. - Әкімдік пен ТШО бұл идеяны қолдады. Ал қалған ішіндегінің бәрі - мектептің құрылымы, кабинеттердің орналасуы – стандарт күйінде қалды. Мектеп периметрі қайыршақтастан қаланған 40 см көтерме қабырғадан, 10 сантиметрлік плита мен ені 12 см болатын толық құймалы кірпіштен тұрады. Ғимарат іргетасының панельдері де, терезе қаптамалары да фибробетоннан жасалған. Біз үйреншікті классикадан аулақ болуға тырыстық. Мектепті жинақы, заманауи әрі ең бастысы - ұзақ уақыт қызмет ететіндей төзімді етіп жасағымыз келді.
1 қыркүйекте болған салтанатты сапқа қатысқан әйелдердің бірінен жаңа мектеп туралы әсерін бөлісуді өтінген едім.
- Немерем биыл бірінші сыныпқа барады. Жолымыз болып, жаңа мектеп табалдырығын аттап отырмыз. Бұл бұрын балаларын шалғай мектептерге апаруға мәжбүр болған бүкіл ықшамаудан тұрғындарының қуанышы. Мектеп әдемі, стильді, типтік білім беру мекемелеріне ұқсамайды. Ең бастысы – дизайны бойынша ұтымды болғаны - терезелері көп, жарық, іші кең. Артқы ауласында үлкен спорт алаңы мен стадионның болғаны қуантады. Мұнда балалар таза ауада спортпен шұғылданады. Балаларымыздың осындай жерде білім алатындығы үшін «Теңізшевройл» компаниясына алғысымды білдіремін, - дейді Гүлжанат БАЗАРОВА.
Айтпақшы, осыдан бірнеше жыл бұрын сол кездегі әкім Бақтықожа Ізмұхамбетов ТШО-ның бір мектеп құрылысына қаражаттың көп бөлетіндігін мақұлдамай: «Олар біздің типтік мектептерден екі есе қымбат тұратын мектеп салады. Егер бізде бір оқушыға 8 шаршы метр тиесілі болса, оларда жоба бойынша 18 шаршы метр тиесілі. Яғни, бұл ақшаға екі толыққанды мектеп салуға болады», - деп сын айтқан еді. Бірақ, бұл нәтижелі болатын шығар?
ӨТЕ СЕЗІМТАЛ ТІЛШІ
Гүлжанатпен тілдескеннен кейін мектеп дәліздері мен кабинеттерді аралап, жағдайды барлап көруді ұйғардым. Алдымен тәтті бөлкелердің иісі шығып жатқан асханаға беттедім. Шіркін, бір кездері сыныптастарыммен дене шынықтыру пәнінен қашып, буфетте тәтті, ып-ыстық «ұлу»-бөлкені жеп отыратынбыз.
Екінші қабатқа шықпақ болған кезде жаңа оқу жылының басталғанын білдіріп, қоңырау соғылды. Мен де тез-тез адымдай жөнелдім. Тек баспалдақпен көтеріліп келе жатып, мен үшін асығудың қажеті жоқ екенін түсіндім. Енді маған оқулықтар парағына кезекті саяхат жасау қажет емес еді. Мәселен, биологиядан сабақ беретін қатаң апайымның арқасында аксон, дендрит дегеннің не екені есімде қалып қойған. Ол ұстазым әлі де білім саласында еңбек етеді, осы жазғандарымды күлімсіреп оқып шығатын шығар.
Бейқам балалық шақтағы естеліктен кеуде тұсым шымырлап, көз жасым домалап кетті. Жоқ, мектепті сағынған екенмін...
Анастасия АЛЮШИНА
Серіктестік материал