Жақында қызым үшін сәбилер тобын іздеген едім. Ал ата-аналардың басым құқығы болмаса, яғни, олар әскери емес, мүгедек немесе көп балалы болмаса, олардың балаларына жеке балабақшадан басқа баратын жол жоқ екен.
СӘБИЛЕР БАҚШАСЫ ДЕУГЕ КЕЛМЕЙДІ
Атырауда мектепке дейінгі 78 мекеме бар, оның 43-і мемлекет меншігінде. Олардың тек алтауында балаларды 1 жастан бастап қабылдайтын топтар бар: №35 «Балақай», №39 «Ақкөгершін», №13 «Балапан», №14 «Нұрай», №2 «Ақ сұңқар» және №4 «Бәйтерек» сәбилер бақшасы. http://indigo.atyrau.e-orda.kz сайтындағы ақпаратқа сәйкес, бұл балабақшалардың сәбилер топтарында бос орын жоқ. Қалған мектепке дейінгі мекемелер сәбилер бақшасы деп аталғанымен, іс жүзінде балаларды 2, тіпті 3 жастан бастап қабылдайды. Әрі Атыраудағы барлық мемлекеттік балабақшалар лық толы. Мысалы, ең танымал №48 «Родничок» сәбилер бақшасын алайық. Ол ата-аналар үшін ыңғайлы Орталық ықшамауданда орналасқандығымен және балаларды 2 жастан бастап қазақ және орыс топтарына қабылдайтындығымен қызықтырады. Жобалық қуаты 280 орындық балабақшаға 389 бала барады. №17 мектеп жанындағы №30 «Жұмбақ» балабақшасы да 2 жастағы балаларды қазақ және орыс топтарына қабылдайды. 400 орындық балабақшаға 444 бала барады. Жеңіс саябағының бұрылысындағы Владимирский көшесінің бойындағы №6 «Гүлдер» сәбилер бақшасында да орыс және қазақ топтары жұмыс істейді. Балабақша балаларды 3 жастан бастап қабылдайды. Ол 380 орынға есептелген, оған қазір 571 бала барады. Баршасына ұнайтын мектепке дейінгі авторлық гимназия, қазір «Сәби әлемі» №1 сәбилер бақшасы» деп аталады, бұл 400 орындық бақшаға 518 бала барып жүр.
Мен «Балалар саны аспайтын мектепке дейінгі ұйымдарды» іздеп көрмек болдым. Іздеу жүйесі маған екі атауды шығарып берді: Дружба көшесі,1 мекенжайында орналасқан сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналған №20 «Алтын Балық» арнайы балабақшасы» КМҚК және Белинский көшесі,21 көшесіндегі №31 «Балдәурен» балабақшасы. 190 орындық бірінші балабақшаға 135 бала барады, ал екіншісінде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр, барушылар мүлдем жоқ.
БАЛАБАҚШАЛАР ЛЫҚ ТОЛЫ, СОНДА ДА БАЛАЛАРДЫ ҚАБЫЛДАЙДЫ
Мектепке дейінгі мекемелердің лық толы екендігіне қарамастан, сайтта бос орындар туралы ақпарат бар. Оншақты мемлекеттік және жеке балабақшаларды кездейсоқ тексергеннен кейін, бос орындардың көпшілігі 3-4 жастағы балаларға және қазақ тілінде оқытатын топтарға арналған деген қорытындыға келдім. 29 тамызда кейбір қазақ тілді балабақшаларда барлық жас тобы үшін орындар болған. Мысалы, Сарықамыс ықшамауданындағы №3 «Қарлығаш» балабақшасында 2 жастан 3 жасқа дейін 1 бос орын, 3 жастан 4 жасқа дейінгі топта - 28, 4 жастан 5 жасқа дейін - 13, 5 жастан 6 жасқа дейін - 1 орын бос болған. Орыс тілінде оқытатын балабақшаларда, атап өткенімдей, бос орындар тек 3-4 жас тобында болады. Бірде-бір балабақшада 1-ден 2 жасқа дейінгі топта бос орын жоқ. «HANALI 2013» ЖШС директоры Руслан КОВЖАСАРОВТЫҢ айтуынша, оның фирмасы http://indigo.atyrau.e-orda.kz - автоматтандырылған жүйесін әзірлеумен және қызмет көрсетумен айналысады екен. Әскери қызметкерлердің балалары мен арнайы органдар қызметкерлерінің балалары, олардан кейін, жетім балалар, мүгедек балалар және көп балалы отбасылар басымдыққа ие. Олар әскери қызметшілердің балаларынан кейін кезекке қойылады және басым құқығы жоқ өтінімдер арасында үш те бір арақатынаспен бөлінеді. Яғни, жеңілдік алушы, содан кейін қарапайым отбасынан үш бала және қайтадан жеңілдік алушы ретімен бөлінеді.
АЛАҚАНДАЙ ЖЕРДЕ
Мен жоғарыда айтылған санаттардың ешқайсысына жатпайтындықтан, жеке балабақшадағы сәбилер тобынан орын іздей бастадым. Жолға және кептеліске уақытымды өткізгім келмей, бірден үйіме немесе кеңсеме жақын жерден, яғни, Авангардтан немесе қаланың ескі бөлігінде «Ренко» қонақүйіне дейін балабақша іздеймін деп шештім. Сонымен, іздеу шеңбері тарылды. Мен үшін топтағы қолайлы атмосфера, баланың дамуы үшін тазалық пен жағдай - таза ауа, кең ойын бөлмесі, тәрбиешімен қалыпты қарым-қатынас басымды болды. Оншақты балабақшаға қоңырау соғып, бюджетті анықтадым: орташа айлық төлем 50 мың теңге екен. 35 мың теңге және 85 мың теңге мен одан жоғары нұсқалар да бар.
Айта кету керек, мемлекеттік балабақшалардың кең аумағына, үлкен ойын бөлмелеріне, дәретханаларда санитарлық ережелердің қатаң сақталуына дағдыланған адамға жеке балабақшаларға бару таңданыс тудырады. Мен қаланың жер аумағы тапшы іскерлік орталығынан балабақша іздеген едім, сондықтан барлық мекемелердің аумағы балалар санына қарай кішкентай екенін байқадым. Бұдан басқа, қожайындары аулаға кеспе тастар төсеп тастаған, ал ол балалар ойнауға қолайсыз. Кей жерлерде құм алаңқайы немесе сырғанау төбешігі кездеседі. Кеспе тас төселген аумақтағы кішкентай ғана жалғыз төбешік. Әрбір жас тобына арналған спорттық құрылғылар, беседкалары және құмсалғыштары бар жеке аймақтар бірен-саран ғана.
ТАҢДАҒЫШТАРДЫ ҰНАТПАЙДЫ
Мен көздеген балабақшалардың біріне тек екінші рет барғанда ғана кіре алдым. Алдымен күйеуім екеуміз сағат 12-де бардық, бірақ домофонға соғып, ешкімді шақыра алмадық. Директордың телефоны еш босамады. Шыжыған күн көзінде 10 минуттай тұрып, кері кетіп қалдық. Түстен кейін қайта оралдық. Сол кезде олар бізге жұмысшылардың ғимарат ішіне бақылау камерасын орнатып, қоңырауды өшіріп тастағандарын түсіндірді. Айтпақшы, бейнебақылау тек қызметтік мақсатта ғана қолданылады - басшы әр түрлі топтардағы жұмыс барысын бақылауға шешім қабылдаған екен. Ата-аналарға мұндай қызмет көрсетілмейді.
Біз үшін балабақшаның орналасқан жері - кеңселердің жанында, жол бойында орналасқаны үлкен артықшылық болды. Бірақ, өкінішке орай, кемшіліктері көп еді. Сәбилер бақшасының ойын бөлмесі өте кішкентай, тымырсық, күн сәулесінен қорғалмаған. Жалғыз терезеде перде немесе жеңіл жапқыш та жоқ. Майкасыз памперс киген балалар теледидар жанында тұрды. Біздің көзімізше балаларға тамақ әкелді. Меңгеруші сол уақытта бесін тағамын беру керек деп түсіндірді, бірақ бұл жағдайда печенье мен шырыннан кейін балалар бір сағаттан соң кешкі ас ішкілері келмейді екен.
Бірақ бізді тамақтану тәртібі қызықтырмайды. Тамақтағы ет мөлшеріне назарымыз ауды – бір тарелке картопқа кішкентай ғана бір кесек ет салыпты. Мен үлкен балаларымды балабақшаға апарып-әкелгенде, олармен ауруханада жатқанда бала қажетті дәрумендерді үйден де алады деп есептеп, осындай мекемелердегі тамақ құрамына сабырлықпен қараймын. Ал өз дастарханында мол етке үйренген ер адамдар бұл көрініске шоши қарайды.
Директор сабақтың екі тілде өтетінін айтты, алайда тәрбиешіге орыс тілінде қанша сұрақ қойсақ да, ол бізге қазақша жауап берді. Мен үшін бұл қиын мәселе емес, дегенмен, жарнама адал болуы керек: екі тілде уәде етілді ме, соған сай болу қажет.
Бастапқыда директор бізді жылы қарсы алды, бірақ сұрақтарымыз көбейіп кеткесін, жалығып кетті ме, көп ұзамай бізді әкімшіге тапсырды. Дегенмен алдағы уақытта да осындай реакцияны бірнеше рет кезіктіруге тура келеді.
Клиенттерінің қалай-солай қарамайтынына, таңдауға жауапкершілікпен қарайтынын түсінгендіктен, кейбір балабақшалардың әкімшілігі оларға қызығушылықтарын жоғалтады. Менің ойымша, бұл мекемедегі жұмыстың дұрыс жүргізілмейтіндігінің белгісі, әкімшілік осыны біледі және қатаң іріктеуден өте алмайтындығын түсінеді.
КӨҢІЛ КӨТЕРЕТІН МУЛЬТФИЛЬМДЕР
Екінші балабақшаның да ауласы жайлы емес екен. Онда да сол кеспе тас төселген, көлемі 3 жасқа дейінгі балаларға арналған бір пластик әткеншек орнатылған. Иесі - сүйкімді жас келіншек екен, бізге сәбилер орналасатын бірінші қабатты аралатып көрсетті.
Режим туралы әңгімеледі: балалар қашан оқитынын, қашан серуендейтінін, қай уақытта тамақтанып, қашан ұйықтайтынын айтты. Аумақ шағын болғандықтан және климаттық жағдайды ескере отырып, жазда серуендеу тек таңертең, ғимараттың көлеңкесі аулаға түскен кезде ғана мүмкін болатындығын ашық айтты. Сабақ кестесі мен мәзірді көрсетті. Ойын бөлмесі бірінші балабақшаға қарағанда кеңірек әрі салқындау екен, бірақ ойыншықтары көп емес. Терезеден сәл әрігірек бесікте сәби жатты. Біртіндеп бөлме іші балаларға тола бастады. Тыныштық сағатынан кейін бала күтуші оларды киіндіріп, ойын бөлмесіне жіберді. Олар теледидар жанында тұрды. Директор ұйқыдан кейін балалардың қыңыр болатынын, ал көңілді мультфильмге көңіл-күйлері көтерілетінін түсіндірді. Біз болған уақыт ішінде тәрбіиешінің бір ауыз сөз айтпағаны, балалармен сөйлеспегені таң қалдырды. Санитарлық торапта аяқ жууға арналған душ науасында шүберек салынған шелектер мен швабра тұрғандығы бірден көзге түсті. Бұл гигиенаға сай емес, тіпті қауіпті - өйткені балалардың бірі болмаса бірінің тұрмыстық химикаттарға аллергиясы болуы мүмкін.
Менің кеңсемнен алыс емес орналасқан үшінші балабақша кең ауласымен, беседкаларының бар екендігімен таң қалдырды. Ғимарат іші қараңғы екен, біз жатын бөлменің есігін ғана аша алдық, есік кіреберістегі кілемшеге қыстырылып қалған екне. Жуынатын бөлмесі де қараңғы болды. Ілмектерде бірдей сүлгілер салбырап ілініп тұр. Ойын бөлмесі өте кең, ойыншықтар көп. Дегенмен, орынжай іші маған күтімсіз және жинақсыз болып көрінді. Мүмкін жарықтың аздығынан, линолеум тегіс болмағасын және жаңадан жөндеу жүргізілмегендіктен шығар. Сабақтар қазақ тілінде жүргізіледі. Алайда, сәбилер тобында 3 жасқа дейінгі балалар болды. Әкімшілік өкілі жаңа орынжайдың дайын екенін, оған балаларды ауыстыру жоспарланып отырғанын айтты. Бұл жағдайда, топ 2 жасқа толмаған балалардан құралуы мүмкін. Бірақ әзірге ештеңе белгісіз.
ӨЗАРА ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚ БОЛУ КЕРЕК
Кеңсемнің жанынан көңілімізден шығатын ештеңе таппай, қаланың басқа аудандарындағы балабақшаларға бардық. Нурсаяда және басқа да үйлер қарқынды салынып жатқан жерлерде жаңа, жақсы балабақшалар бар екен. Ол жақтардың жері көп, аумағы үлкен, тиісінше абаттандыру мүмкіндіктері де көп. Жақында бой көтерген ғимараттардың сыртына да, ішіне де жаңадан жөндеу жүргізіліп, көз қуантады. Осы балабақшалар туралы ойланып қалдым да, бірақ Бейбарыс даңғылындағы кептелістерді еске түсіріп, Авангардқа қарай бұрылдым. Нәтижесінде күйеуім екеуіміздің көңілімізден шыққан балабақшаны таптым. Артықшылығы - орталық қақпаның жолға қарап тұр, ғимараттың өзі өзен жағасына жақын, аумақтың ішкі жағында орналасқан. Бізге күн сайын балалардың жағалауда серуендейтінін айтты. Аула ішінде беседка, құм төбешігі, әткеншектер бар. Арнайы жабдықталған медициналық көмек пункті, іс-шараларға арналған жалпы залы бар, жуынатын бөлмесі таза, жақсы. Біз барған кезде балалар ұйықтап жатты, ал сабақ өтетін бөлмеде дымқыл тазалау жұмыстары жүргізіліп жатқан еді. Балабақша басшылығы мен тәрбиеші барлық сұрақтарымызға жауап берді. Бір өзгешелігі - бізден ең бірінші рет баламыз туралы егжей-тегжейлі сұрады - не істей алады, горшокке отыра ала ма, жаңа ортаға тез үйреніп кете ала ма, туыстарынан бөлек кете ала ма деген сұрақтар қойды.
МЕМЛЕКЕТТІК ТАПСЫРЫС – 3 ЖАСТАН ЖОҒАРЫ БАЛАЛАР ҮШІН
Балабақша туралы шешім қабылдағаннан кейін балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтамасыз ету үшін «Балапан» бағдарламасын қолдана аламын ба, жоқ па деп, білуге шешім қабылдадым. Белгілі болғандай, бұл бағдарлама өз күшін жоғалтқан екен және білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасына біріктіріліпті. Алайда, бағдарлама бұрынғыдай жеке меншік секторды білім беру ортасына тартуға және меншік түріне қарамастан мемлекеттік білім беру тапсырысын мектепке дейінгі мекемелерге орналастыруға бағытталған. Мемлекеттік тапсырысты орналастыруға қатысатын жеке балабақшалардың тізімі жоғарыда көрсетілген сайтта бар. Егер бала мемлекеттік балабақшадан орын күтсе, бірақ оның кезегі әлі жақындамаса, онда оны мемлекеттік тапсырыспен мектепке дейінгі жеке меншік мекемеге орналастыруға мүмкіндік бар. Бұл тұрғыда мемлекеттік балабақшадағы кезек сақталады.
Мемлекеттік тапсырыс аясында ата-ана жеке балабақшадағы тәрбие мен білім үшін төленетін ақыны мемлекетпен бөліседі. Республикалық бюджет қаражатынан мемлекет мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту қызметтерінің құнын төлейді, ал ата-аналар тамақтану ақысын төлейді, қажет болған жағдайда балабақшадағы қосымша қызметтер үшін төлейді.
Мемлекеттік тапсырыс бойынша жеке балабақшаға жолдамаларды білім басқармасы береді. Жеке балабақша меңгерушісі ата-анамен келісімшарт жасайды, онда тараптардың құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ төлем мөлшері көрсетіледі. Алайда, мемлекеттік тапсырыстың негізгі басымдығы, «3-6 жас аралығындағы балаларды қамту үшін ұйымдастырылған тәрбие мен оқуға жағдай жасау, білім беру қызметіне сапалы дайындау», яғни, бағдарламаға 3 жастан асқан балалар қатыса алады.
Бұл дегеніміз - 2 жасқа дейінгі баласын ешқандай жеңілдіктері жоқ ата-аналар жеке балабақшаға орналастырса, ақысын толықтай өз қалтасынан төлеуі керек деген сөз. Лайықты балабақшаны табуға бір күннен артық уақыт бөлу керек. Алайда сәбидің бұл жерде көп уақыт өткізетінін ескере отырып, таңдау кезінде өте жауапкершілікпен қараған жөн.
Зульфия ИСКАЛИЕВА