«Мектепке жол» акциясы аясында Атырау қалалық мәслихатының депутаттары аз қамтылған отбасылардан шыққан және мүмкіндігі шектеулі 22 балаға мектеп формасы мен оқу құралдарын сыйға тартты. Бірақ кейбір аналар тарту еткен сыйлықтан мін іздемейді деген мәтелге қарамастан, алған заттардың сапасына көңілдері толмай, кері қайтарып берді.
- Тамыздың басында «Нұр Отан» партиясының филиалы арқылы балаларға арналған киімдерді ата-аналардың өздері таңдады, сапасы өте жақсы. Ал 28 тамызда екінші акция болды. Мен ерекше баласы бар көпбалалы анамын. Биыл бесінші сыныпқа баратын үлкен ұлыма көмек сұрадым. Киім өлшемін айттым. Бірақ пакетті ашып, шошып кеттім. Костюм емес, өлшемі сай келмейтін шалбар мен жакет беріпті, олардың сапасы да, бәтіңкенің сапасы да өте нашар, - дейді Әсем АЙЫПҚАЛИЕВА. - Мен қалалық мәслихаттың хатшысымен сөйлестім, өкінішке орай, біз бір-бірімізді түсінбедік, сосын мен заттарды тастап кеттім. Әрине, реніштімін. Сыйлықтан көңілім қалды.
Оны "НейроДетки Чудо Есть!" ҚБ директоры Лунара МАҚСОТОВА да қостады:
- «Мектепке жол» акциясы аясында сатып алынған барлық заттарды өз көзіммен көрдім. Шынымен де Әсем Айыпқалиева айтқандай, олардың сапасы нашар. Шалбар мен жакеттің өлшемі де, түсі де мүлдем сәйкес келмейді! Тағы бір мұқтаж анаға ұл баланың заттарын берген, ал оған қыз баланың киімдері керек болатын.
Қалалық мәслихаттың хатшысы Ринат ДЖАНГЛИШОВТЫҢ айтуынша, 22 оқушының әрқайсысына шамамен 60 мың теңге жұмсалған және олар тек Қазақстанда жасалған белгісі бар отандық тауарларды сатып алыпты.
- Маған екі ата-ана келіп шағымдарын айтты. Бір әйел дүкенге барып, киімді қажетті өлшемге ауыстырып алуға келіскен еді. Бірақ екіншісі (Әсем Айыпқалиева) әңгімемізге араласып, айналғанда екеуі де заттарын тастап кетті. Бірақ өлшемі сай келмесе, дүкенге барып, ауыстыруға болады ғой. Сондай-ақ, депутаттар балаларды өз қалталарынан төлеп, киіндіргенін еске салғым келеді. Мен өзім де балаларыма «Made in Kazakhstan» деген белгісі бар заттарды сатып аламын, сапасы көңілімнен шығады, - дейді Джанглишов. Міне, осындай жағымсыз хикая.
Фархат ӘБІЛОВ