Облыс мұғалімдерінің дәстүрлі тамыз конференциясы өткен Құрманғазы атындағы Мәдениет сарайының шағын залы бұл күні лық толып, тіпті, әдетте баспасөз еркін жайғасатын екінші қабаттың балкондарында да конференцияға қатысушылар тығылыса отырды. Бұл шараны бастапқыда көп адам сыятын облыстық драма театрының жаңартылған ғимаратында өткізу жоспарланған еді, қонақтар да соның есебінен шақырылған шығар.
Өрттен кейін бәрін қайта қарап шығып, бір тәулікке жетпейтін уақыт ішінде өрттен аман қалған жабдықтар мен безендірулерді басқа залға ауыстырып, қатысушыларды хабардар етуге тура келді. Бұдан шараның ұйымдастырылуы ақсап қалған жоқ. Ұстаздар кездесуі жоғары деңгейде, TEDx форматында өтті. Тіпті, Англиямен байланыс арқылы бейнеконференция өткізу мүмкін болды. Bristol university Ph докторанты Жанат ТУТЕШЕВА өзінің «Инклюзивті білім беру: мектеп пен отбасы қарым-қатынасы» тақырыбындағы зерттеуі туралы әңгімеледі.
БАЛАБАҚШАЛАР САЛЫНЫП ЖАТЫР, БІРАҚ ӘЛІ ЖЕТПЕЙДІ
Мектепке дейінгі балалар мекемелерінің тапшылығы мәселесіне қатысты облыстық білім беру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жансұлу ТӨРЕМҰРАТОВА баяндама жасады.
Қазіргі уақытта облыста мектепке дейінгі 325 білім беру мекемесі жұмыс істейді: олардың 194-і - балабақша (оның ішінде 49-ы жеке меншік), 131-і - мектепке дейінгі шағын орталық (оның 11-і - жеке меншік). Бұл мекемелерге 47237 бала барады. Мектепке дейінгі ұйымдардың көбеюіне қарамастан, облыста әлі де балабақшалар жетіспейді. Әсіресе, Атырау қаласында 20 690 бала, Жылыой ауданында - 3593, Құрманғазы ауданында - 1701, Мақат ауданында - 1392, Махамбет ауданында - 1043 бала балабақшаға кезек күтуде. 2018-2019 оқу жылында 7 балабақша пайдалануға берілді: Құлсары қаласында әрқайсысы 90 орыннан 2, Махамбет ауданының Талдыкөл және Алмалы ауылдарында әрқайсысы 160 орыннан 2, Индер ауданының Бөдене ауылында 100 орындық балабақша, Исатай ауданының Аққыстау ауылында 290 орындық балабақша, Мақат ауданы Доссор ауылында 100 орындық шипажай түріндегі балабақша. Қазіргі уақытта жалпы сыйымдылығы 2404 орындық 11 балабақша салынуда, оның 5-еуі ағымдағы жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі: Нұрсая ықшамауданында (Атырау) 320 орындық, Жылыой ауданының Майкөмген ауылында 100 орындық, Құрманғазы ауданының Ақкөл ауылында 290 орындық, Қызылқоға ауданының Сағыз ауылында 290 орындық және сол аудандағы Қарабау ауылында 100 орындық.
14 МЕКТЕПТЕ – ҮШ АУЫСЫМ
Атырау облысында мектеп оқушыларының саны үздіксіз өсуде: 2017-2018 оқу жылында 116 095 болса, 2018-2019 жылдары - 123 063 оқушы болды. Енді жаңа оқу жылында 131 244 бала оқиды. Ал облыста 198 мектеп бар: 194 мемлекеттік мектеп (оның ішінде 1 кешкі ауысымдық мектеп) және 4 жеке мектеп. 1 қыркүйекке дейін 1774 орындық 5 мектеп пайдалануға беріледі деп күтілуде: Жұлдыз ықшамауданында 624 орындық және Нұрсая ықшамауданында 900 орындық, Исатай және Махамбет аудандарында 80 орындық, Қызылқоға ауданында 60 орындық. Бұдан басқа, 4190 орындық тағы 11 мектеп салынып жатыр: Дамбы мен Жаңаталап ауылдарында 300 орындық, Береке ықшамауданында 1200 орындық, Жұмыскерде Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектепте, Балауса және Самал ықшамауданында 600 орындық мектеп салынуда - мұның бәрі облыс орталығында; 300 орындық №5 мектеп және Құлсары қаласындағы өнер мектебі, Құрманғазы ауданында әрқайсысы 80 орындық 2 мектеп, Қызылқоға ауданында 424 орындық мектеп. Бұл мектептердің салынуы - облыста үш ауысымдық 14 мектептің проблемасын шешеді деп күтілуде.
4 жыл бұрын республика бойынша пилоттық мектептерде жаңартылған білім беру мазмұнын 1-сыныптан бастау енгізілді. Біздің облыста мұндай сынақ алаңдары - Исатай ауданындағы Ж. Мырзағалиев атындағы мектеп пен Атырау қаласындағы №17 мектеп-лицей. Жоба сәтті деп есептелді. Өткен жылдары 1, 2, 3, 5, 6, 7, 8 сынып оқушылары жаңа бағдарламаға көшті. Осы жылдың қыркүйек айынан бастап 4, 9 және 10-сынып оқушылары көшеді. Жаңартылған білім мазмұнындағы оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді сатып алуға жергілікті бюджеттен 2,7 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді.
Облыста мектептер ғана емес, мұғалімдер де жетіспейді. Бүгінгі таңда бізде 10288 мұғалім еңбек етеді, тағы 472 мұғалім қажет. Мектептерде жаратылыстану және математика пәндерінің, бастауыш сыныптар, орыс сыныптардағы орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері жетіспейді. Бюджеттен осы мамандықтар бойынша үшінші жыл қатарынан грант бөлініп отыр, бірақ ниет білдірушілер жоқ.
АРНАЙЫ ЖӘНЕ ИНКЛЮЗИВТІК БІЛІМ БЕРУ
Ерекше балалардың білім алуы үшін жағдай жасау және оларды әлеуметтендіру өзекті мәселелердің бірі болып қала береді. Атырау облысында ерекше білімді қажет ететін 6007 бала бар. Оның 4113-і мектеп жасындағы балалар, қалғаны мектепке дейінгі бүлдіршіндер. 993 бала мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған, 3,725 бала мектепте оқиды, 388 бала денсаулығына байланысты оқи алмайды.
Жансұлу Төремұратова біздің облыста ерекше балалардың білім алуына қандай жағдай жасалғанын айтты. Атыраудағы №8 орта мектептегі логопедиялық пунктке 25 бала барады. Облыстағы тағы 5 балабақшада логопункт жұмыс істейді, онда 119 бала мамандандырылған көмек алады. Атырауда 3 балабақшада 36 балаға және аудандарда 2 балабақшада 23 балаға түзету көмегі көрсетіледі. Өткен оқу жылында «Болашақ» корпоративтік қорының қолдауымен Атыраудағы №6 орта мектепте аутизмі бар балаларға арналған инклюзивті кабинет ашылды.
Ерекше балаларға тәлімгер ілесіп жүруі қажет, соған байланысты 6 педагог-тәрбиешіден тұратын штат бөлінді. Сондай-ақ, Атырау қаласындағы №5 орта мектепте барлық қажетті жабдықтармен жарақталған инклюзивті кабинет әзірленіп, балаларды оқыту үшін жағдай жасалды. Жалпы, облыстағы 117 орта мектепте 751 баланың инклюзивті білім алуына жағдай жасалған.
Ерекше балалардың мектепке келуіне пандустардың болмауы немесе бұл құрылымдардың нормаларға сәйкес келмеуі айтарлықтай кедергі келтіреді. Осы мәселені шешу үшін мектептерді күрделі жөндеу кезінде пандустардың барлық стандарттарға сәйкес салынуын бақылау қажет. Бұдан басқа, мұндай балаларды оқыту үшін мамандарды: логопедтерді, дефектологтарды, үйлестіруші педагогтарды дайындау қажет. Бұл мамандықтарды облыс әкімінің білім грантына қосқан дұрыс болар еді.
ОҚУЛЫҚТАРДЫ СЫНЫПТА ҚАЛДЫРУҒА БОЛА МА?
БҒМ мектепке дейінгі және орта білім департаменті директорының орынбасары Сәуле ҚАЛИМОЛДАЕВА көп ұзамай болатын өзгерістер туралы айтты.
2021 жылдан бастап 12 жылдық білім беруге кезең-кезеңмен көшу басталады. Бұл балаларға түсетін жүктемені жеңілдетуге және балалардың кәсіптік бағдарын арттыруға бағытталған 5+5+2 сызбасы бойынша мектеп буындарының дайындығына қарай іске асады. Яғни, бастауыш мектепте балалар қазіргідей 4 жыл емес, 5 жыл оқиды. Бұл төменгі сыныптардағы жүктемені азайтады. Ал соңғы 2 сыныпта кәсіптік бағдарлауға баса көңіл бөлінеді. Оқушылар мен түлектердің оқу жетістіктерін бағалау жүйесі де өзгереді. Бағалау біртіндеп халықаралық стандарттар жүйесіне көшеді. Мектеп оқушыларын қорытынды аттестаттау форматы функционалдық сауаттылық пайдасына өзгереді.
1 қыркүйектен бастап министрлік «Жеңіл портфель» жобасын жүзеге асыра бастайды. Балалар оқулықтарын мектепке тастап кете алады. Ал кітап шығаратын баспалар оқу бағдарламаларының электрондық нұсқаларын БҒМ сайтында және өздерінің сайттарына орналастыруы тиіс болады деп болжанып отыр. Оларды QR-код арқылы жүктеп, электронды түрде білім алуға болады. Рас, біздің мектептерде олай емес
Біздің мектептерде кітаптарға арналған арнайы кітап сөрелері қарастырылмаған. Ал Атыраудағы кейбір мектептерде әлі де жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Бірақ 1 қыркүйекке дейін санаулы күндер қалды, жақында бұл жаңашылдықтың қалай жұмыс істейтінін тексере аламыз. Оқу жылының басында жұмыс дәптерлеріне қатысты министрлікке түсетін шағымдардың алдын алу үшін, БҒМ өкілі ата-аналардың оларды сатып алуға міндетті еместігін мәлімдеді.
- Қыркүйек айында оқу орнындарында оқу дәптерлерінің сатып алынбағаны туралы көп шағымдар түседі. Атырау қалалық білім басқармасы жұмыс дәптерлерінің қажет емес екендігі туралы, ал педагогтар оларды сатып алуға ата-аналарды мәжбүрлемеуі тиіс екендігі жөнінде шешімге келуі керек, - деп түсіндірді Сәуле Қалимолдаева.
Министрліктің дарынды балаларды қолдау жөніндегі жұмысы туралы айта келе, ол биыл республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар бойынша сайыстардың ашық режимде, яғни онлайн режимінде өткенін атап өтті. Балаларды олимпиадаларға дайындау жүйесі жетілдірілуде. Қазір министрлік алдыңғы қатарлы қалалық және облыстық мектептерден ғана емес, сонымен қатар шалғай елді мекендердегі балалардың да республикалық жарыстарға қатысуы үшін жұмыстануда. Барлығы үшін онлайн жүйесі қол жетімді бола алады.
ҰСТАЗДАРҒА АРНАЛҒАН БЕС КҮНДІК
- Педагогтардың мәртебесін көтеру үшін «Педагог мәртебесі туралы» заңнан туындайтын бірқатар шаралар алынатын болады. Мен қазір бұл туралы егжей-тегжейлі айтпаймын, өйткені құжатты әзірлеуге барлық мұғалімдер қатысты, бұл педагогтардың өздері жазған заң. Тек 5 күндік жұмыс аптасы туралы айтайын. Мұғалім, басқалар сияқты, демалысты қажет етеді, ол сенбі күнін қалай қажет деп есептесе, солай өткізуге құқылы. Әкімшілік өз өкілеттіктерін асыра пайдаланып, педагогтарды осы күні біздегідей жұмыс жасауға шақыруға құқылы емес. Айына бір рет сенбіде педагогикалық кеңес өткізуге болады, - деп атап өтті.
Педагогтардың жалақысын көбейтуге келетін болсақ, бұл аттестациялау нәтижелеріне байланысты болады. Айтпақшы, оның жүйесі де өзгереді. Оқу орындары басшылығы араласпау үшін оны толықтай автоматтандырады. Министрлік өкілі, сонымен қатар, білім беруге қатысты бастамаларды талқылау кезінде атыраулық мұғалімдердің белсенділігі жоғары екенін атап өтті.
ОЖСБ ЖОЙЫЛДЫ
Білім беру басқармасының құрылымында да өзгерістер болады деп күтілуде. Өңірлерде басқарудың жаңа желісі құрылады: аудандық және қалалық білім бөлімдері тікелей облыстық басқармаларға бағынады. Мектепке дейінгі және орта білім беру көшбасшыларының кадрлық резервін даярлау институты жұмысын бастайды. «Жаңа формация басшысы» бағдарламасы жүзеге асырылады.
Оқу орындарының директоры лауазымына үміткерлер тест тапсырып, мектепті дамытудың өз бағдарламасын ұсынуы керек. Осыған сәйкес мектеп директорларын тағайындау ережелері де өзгерді.
Директорлардың бастапқы жалақысы мектепте оқитын балалардың санына байланысты болады. Болашақта олардың жалақысын көтеру үшін олар сертификаттаудан өтуі керек, үстемеақы 30-дан 100% -ға дейін болады.
Білім беру саласындағы бақылау тәсілдерін толығымен өзгерту жоспарлануда, өйткені ескі жүйе сапаға әсер етпеді, дейді министрлікте. Бұрын бақылаушы органдар балабақшалар мен мектептерді тексеріп, айыппұл салып, лицензияларды қайтарып алып, ешқандай әдістемелік көмек көрсетпейтін. Енді бақылау әдістемелік қолдаумен қатар жүргізілетін болады: заң бұзушылықтарды тексеруші тарап пен оқу орындары бірлесіп анықтайды, содан кейін олар кемшіліктерді жою жоспарын бірге жасайды.
Тағы бір жаңалық: ОЖСБ (оқу жетістіктерін сыртқы бағалау) тиімді емес және нақты көріністегі процедураны сипаттамайды деп танылды. Оның орнына «білім тармақтары» жүргізіліп, кемшіліктер кешенді талданады.
«Жас маман» кәсіптік-техникалық білім беру бағдарламасын жүзеге асыру үшін бюджеттен 56 млрд теңге бөлінді. Оның аясында мамандықтардың жаңа жіктеуіші, жаңа мамандықтар атласы, кәсіби стандарттар мен т.б. әзірленуде. Колледждер өздерінің білім беру бағдарламаларын жаңарта алады. Жаңа оқу жылында бағдарламаға қатысушылар санаттары кеңейтіліп, аз қамтылған отбасылардан шыққан студенттер қамтылды.
Сонымен қатар, бағдарламаға қатысушылар тек жұмысшы мамандықтарын тегін оқып қана қоймай, орта буын мамандарының дипломдарын да ала алады. Ал жұмыс мамандықтары бойынша оқитын колледж студенттеріне жаңа жылдан бастап шәкіртақыны 30 пайызға көтереді.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Нұрлан НОҒАЕВ білім беру ұйымдарын қажетті нәрселермен қамтамасыз ету үшін жыл сайын қаражат бөлінетіндігін атап өтті. Биыл бірқатар мектеп, балабақшалар, колледждер мен қосымша білім беру мекемелерінің ғимараттарын жөндеуге 2,5 млрд-тан астам қаражат, оқулықтар сатып алуға тағы 2,5 млрд теңге жұмсалған.
- Біз материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етіп, балаларды дамыту үшін жағдай жасаймыз, ал сіздерден, педагогтардан ата-аналар қайтарым, балалардың сапалы білімін күтеді, - деді ол.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ