21 тамызда Атырау облыстық Білім басқармасы мен қалалық білім бөлімі «Ашық есік күнін» ұйымдастырды. Жұмыс күні болғандықтан ба, келушілердің қарасы аз болды. «АЖ» тілшісі қалалық білім бөлімінің басшысы Фаруза ШАНГЕРЕЕВАҒА бірнеше сұрақ қойды.
- Мүмкін жұмыстан шыға алмай жатқан болар, сол себепті шара кешкі 8-ге дейін жалғасады,- деп кісінің аздығын түсіндірді қаланың бас педагогы.
- Өткен оқу жылында кітапқа қатысты біраз мәселелер болған еді? Биыл қалай?
- Биыл қалалық білім бөлімі республикадағы 16 кітап баспасымен келісімшартқа отырып, кітаптарды Атырауға тасымалдауды бастап кеттік. Бір вагон кітап Атырауға келді, екіншісі бүгін-ертең келуі тиіс, тағы бірі Алматыдан шықты.
- Биыл кітап сатып алуға қанша қаржы бөлінді?
- 1 млрд 164 млн тенге. Бұл ақша қала мектептерін кітаптармен және әдістемелік құралдармен қамтамасыз етуге толық жетеді.
- 2019-2020 оқу жылына Атырау қаласында неше оқушы мектеп табалдырығын аттайды?
- Әзірге 10 мыңға жуық бала 1-сынықа тіркелді. Бұл сан артуы мүмкін. Себебі, өзге қалалардан ауысып келетін балалар бар.
- Қаламыздағы белді оқу орындарының бірі орта техникалық гимназияның атауын №38 мектеп-лицей қылып ауыстырудың себебі неде?
- Өкінішке орай, бұл гимназия атына сай болмай қалды. Біз мұны мойындауымыз керек. Мамандандырылған гимназия оқушыларды 7-сыныптан бастап қабылдау керек. Бірақ оқушылардың көптігі және 1 сыныптан қабылдайтыны талапқа сәйкс болмады, сондықтан №38 қалалық мектеп-лицей болып ауыстырылды. Құжаттары дайын, жаңа оқу жылын осы атаумен бастайды. Мектеп математикалық және жаратылыстану бағытында болады. Өткен оқу жылы бұл мектепте 2260 оқушы оқыды. Бірақ мектептің сыйымдылығы – 1500 оқушы. Тіпті бір сыныпта 40 оқушы отырған.
- Нұрсаядан жаңа мектеп ашыла ма?
- 1 қыркүйекте 900 орындық жаңа мектеп ашылады. Қазіргі таңда мектеп директорының міндетін атқарушы тағайындалып, құжаттар мен құралдарды қабылдап жатыр.
- Жаңа мектепте мұғалімдер тапшылығы болмай ма?
- Мәселе болмау керек. Себебі қалалық білім бөліміне өздерінің түйіндемелерін әкеліп жүрген мұғалімдердің қарасы көп. Өздері Нұрсаяда тұрып, қаланың басқа мектептерінді жұмыс істейтін ұстаздар осы жаңа мектепте келеді. Жәй мектеп емес, мектеп-гимназия болып ашылады. Айта өтетін жәйт, жаңа мектепке оқушылар ең алдымен мекенжай бойынша қабылданады.
- Ата-аналардың айтуынша, Жұлдыз ықшамауданындағы жаңа мектепке оқушыларды қабылдамай жатырған көрінеді?
- Бұл мектепті де 1 қыркүйек күні ашамыз деп жоспарлап отырмыз. Бұл Жұлдызда тұрып, Ақсай, Ақжар елдімекендерінің мектептерінде оқитын балалардың мәселесін шешуі тиіс. Мектепке директор тағайындалды, құрал-жабдықтар жеткізілуде. Алдымен Жұлдыздың балаларын қабылдап, бос орындар болып жатса, жақын жердегі елді мекендердің балаларын қабылдаймыз.
- Мұғалімдер жұмысқа қажетті оқу құралдарын, тіпті ақ қағазды өз ақшаларына сатып алады...
- Иә, өткен оқу жылында осындай фактілер болды. Біз мектептерде түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Әр мектептің бюджетін жоспарлаған бірден картриджға, қаламдар мен қағаздарға ақша сұрату керек. Бұл жөнінде барлық мектеп директорларына айтылды. Жаңа оқу жылында мұндай мәселе болмайды деп ойлаймыз.Сонымен қатар, мектептерде құрылған қамқоршылық кеңестері де мұғалімдерге қажетті оқу құралдарын алуға демеушілік жасай алады. Бірақ бұл ақшаны ата-аналардан жинамауы тиіс.
- Өткен оқу жылында Ақсай селосында орналасқан №26 орта мектепте «хиджаб» дауы шыққан болатын. Биыл осы дау қайтадан шықпайды ма?
- Бұл оқиға есімді. 2019 жылдың оқу жылында қала мектептерінен 7 оқушы мектепке орамалмен келіп жүрді. Түсіндіру жұмыстарынан кейін, орамалдарын шешті. Қазіргі таңда Атырау мектептерінде орамал тағып жүретін оқушы жоқ. Егерде басқа қаладан ауысып келіп, өз қаласындағы мектепте орамалмен жүретін болса – біз түсінік жұмыстарын жүргізіп, мектеп формасын сақтауды сұраймыз.
- Әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар «Мектепке жол» акциясы аясында әлі де көмек алмағандарына наразы.
- Бұл жөнінде чаттарға жазылып жатқанын оқып отырмын. Акция – ерікті түрде болатын нәрсе. Біз компанияларға барып, акцияға қатыс, балаларға киім керек деп айтпаймыз. Дегенмен қалалық білім бөлімінің мамандары жергілікті компанияларға ұсыныс хат жазып, өз кезегінде хаттарымыз қолдау тауып жатыр. Бөлімде балалардың тізімі бар. Сол тізімге сәйкес, балалар оқу құралдарымен және мектеп формасымен қамтамасыз етіледі. Айта өту керек, біз бір жанұядан 1 немесе 2 баланы ғана қамти аламыз. Қалған балалары екінші оқу жылында ала алады. - Мектеп қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етіледі?
- Қаладағы барлық мектептер турниктермен жабдықталған. Мен бұған өзім көз жеткіздім. Пилоттық режим негізінде бірнеше мектептерге картамен кіруді енгізуді жоспарлап отырмыз. Турникет тұр, бірақ әзірге ешкім карточкамен кірмейді. Есік алдындағы вахтерлар балалардың кіріп-шығуын қадағалайды.
- Қазір қалада үш ауысымды неше мектеп бар?
- Қазір 13 мектеп қалды, оның 11-і қалада, 2-еуі қала маңында. Болашақта жаңа мектептердің арқасында осы үшауысымдықтан құтыламыз деп ойлаймыз.
Сұхбаттың соңында бізге Атырау қаласының тұрғыны Светлана ДЕРЯТИНСКАЯ келіп, баласын басқа мектепке ауыстыра алмай жүргеніне шағымданды:
- Мен бұрын Нұрсаяда тұрған едім, қазір Авангардқа көштім. Бірақ қызымды №30 мектептің директоры қабылдаудан бас тартты. Қызым – үздік оқушы. Мен мекенжайымызды ауыстыратынымызды айтсам да, алудан бас тартты,- деп шағымданды Дерятинская.
Светлананың шағымын тыңдаған Шангерееваға сол жерде №30 мектеп-директорына қоңырау шалып, қызды мектепке алуды тапсырды:
- Сіз оның жағдайын түсініп көріңіз. Жолдас қайтқан, жалғызбасты ана ғой. Қызы үздік, мүмкін сіздің мектебіңіздің жұлдызын жағатын болар. Таңертең қабылдап алыңыз.
Фархат ӘБІЛОВ
Суреттерді түсірген автор