Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қаладан екі шақырым жерден тұтқындар салған мұнайшылардың тұрғын үй қалашығы кейіннен қаланың ең көрікті де көгалды жері болып саналды. Арада жетпістен аса жыл өткенмен сыры кетсе де, сынын сақтаған ғимараттар да бар. Сондай-ақ уақыт тезіне шыдамай тозғандары да тұр. Әуезов көшесінің Оңдасыновпен қиылысатын тұсында иесіздіктен қирай бастаған 14 үй тұр. Бұлар апатты деп танылып, тұрғындары көшіп кеткен. Тек бір пәтерде ғана ерлі-зайыпты қариялар тұрады.
- Біз бұл үйде 80-жылдардан бері тұрамыз. Бұрын алдымызда барак үйлер болған. Ол жерге қазір коттедждер салып тастады. Көршілерімізді басқа жерлерге көшіріп, үйлері қараусыз қалып ақырында тоналып, қирап тынды. Қазір қаланың қақ ортасы қаңғыбастар мен ішкіштердің жиналатын орнына айналып тұр. Жергілікті әкімдік бізге де Нұрсаяға көшуге ұсыныс жасаған. Бірақ біз өзіміздің үйреніп қалған, 40 жыл тұрған жерімізден кеткіміз келмейді. Үйіміздің сыртына өз күшімізбен жөндеу жасап тұрамыз. Ал, артымыздағы үйдің жалғасы қирап қалғаны өкінішті. Мұндай үйлерді құлатпай керісінше тарих үшін қайта қалпына келтіру керек, - дейді Әуезов,22 үйдің тұрғыны.
Үйді айнала бергенімде үйіндінің бір бұрышында от жағып тамақ пісіріп отырған ер адамды байқадым. Одан бұл үйдің тұрғынысыз ба деп сұрағанымды «жоқ» деп жауап берді және кешкісін тағы біреулердің түнеуге келетінін айтты.
Қалашықтағы тағы бір маскүнемдердің ішімдік ішетін орынына айналған жердің бірі - бұрынғы «Мустанг» түнгі клубының ғимараты. (Бір кезде қалаға аты белгілі «Сава» мерамханасы болған). Бұл жер соңғы 4 жыл ішінде 2 рет өртенді. Бүгінде ғимараттың есіктері жұлынып, «қоғамдық дәретханаға» айналған.
Кезінде тұрғындар қалашығын жылумен қамтыған жылу орталығы да бүгінде беймәлім адамдардың мекеніне айналған. Ауласы бөтелке мен қоқысқа толы ғимарат жақында өртке оранған еді.
Қала ортасындағы қараусыз қалған осы ғимараттардың болашағы туралы «АЖ» сауалдарына қалалық ТКШ бөлімінің тұрғын үй секторының меңгерушісі Рафхат ЖОЛДИЕВ жауап берді:
- Қазіргі кезде қаланың әсіресе орталық жерлерде орналасқан ескі үйлердің орнына жаңа үй салу үшін инвесторлар көптеп келуде. Біз оларға Тұрғындар қалашығындағы осы иесіз ғимараттарды ұсынамыз. Бірақ, бұл ықшамаудан Қазақстандағы республикалық маңызы бар тарихи ескерткіштер тізіміне енген қалашық болып есептелгендіктен, бұл жердегі ескі барактарды бұзу үшін заңгерлермен ақылдасып, мұрағаттарды қарап, шешім шығару керек. Ал бұрынға түнгі клуб ғимаратына келсек, осы маңның тұрғындары ғимарат ішінде қылмыстар жиі орын алады деп шағым білдіріп жатады. Қазіргі кезде ғимараттың банкте кепілдікте тұрғанын естідік. Оны да заң шеңберінде қарастырамыз.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суреттерді түсірген автор