Үкімет Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын бекітті. Өкінішке орай, біздің көне Сарайшық Қазақстанның туристік орындарының ондығына кірмеді, бірақ аймақтық елу орынның қатарына ілікті.
САРАЙШЫҚТЫҢ ТӨРТТЕН ҮШ БӨЛІГІН ҚҰТҚАРДЫҚ
Бекітілген мемлекеттік бағдарламаға сәйкес бұл тарихи мекенге «Ортағасырлық Сарайшық» туристік кешені салынады. Осыдан кейін туристер ағыны жылына 10-15 мың адамға жетеді деген болжам бар. Құжат авторларының қайсысы болжам жасағанын білмеймін, бірақ қазір Сарайшыққа бару саны осы көрсеткіштерге жақын.
«Ортағасырлық Сарайшық» кешені туралы 2015 жылдан бастап айтылғаны «АЖ» оқырмандарының есінде шығар. Сол кезде алдымен Жайықтың жағалауын нығайту керек деп шешті. Ал скептиктер сол кезде Сарайшық түгелдей дерлік сумен шайылып кетті, енді әрекет етуге кеш дескен еді. Соған қарамастан 1,6 млрд теңге тұратын бұл жұмыс 2018 жылдың шілдесінде аяқталды.
«АЖ» тілшісі «Сарайшық» тарихи-мәдени музейінің директоры Әбілсейіт МҰХТАРМЕН әңгімелескен еді.
- Қалай ойлайсыз, жағалауды нығайту жұмыстарын кешігіп жасаған жоқпыз ба?
- Ештен кеш жақсы дейді ғой. Археолог мамандардың мәліметінше, біз ежелгі Сарайшық алаңының 65 пайызын және қамалды, яғни, қаланың орталық бекініс бөлігін толықтай сақтап қалдық.
- «Ортағасырлық Сарайшық» кешенінің жобасы туралы толығырақ айтып берсеңіз.
- Оның жалпы алаңы 2 га болады. Әрине, біз осындай қажетті жобаның бекітілгеніне қуаныштымыз, өйткені Сарайшықты бүкіл әлемге көрсету керек. 12 адамға арналған шағын қонақ үй, автотұрақ және басқа инфрақұрылым нысандары салынады. Құрылыс құны мен мерзімі туралы ештеңе айта алмаймын, өйткені бұл жұмыстармен Атырау облысының Құрылыс басқармасы айналысады. Маған жобалық-сметалық құжаттаманың әзір екені белгілі, енді мемлекеттік сараптама қорытындысын күтеміз.
- Интернетте Сарайшық туралы ағылшын тілінде ақпарат бар ма?
- Өте аз. Үш тілде сайт ашылды. Осы айда ағылшын нұсқасы дайын болады.
- Жайық өзені тайыздай бастады, жағалаудың түбі көрініп қалған. Бұл жерден құнды нәрсе таптыңыздар ма?
- Әзірге таппадық. Егер суасты археологиясын дамытсақ, қызықты көп нәрселерді табуға болады деп ойлаймын.
БІЗДЕ ТҮСРІЛІМ ЖАСАУҒА РҰҚСАТ БЕРУ АҚЫЛЫ
2017 жылы Қазақстандағы музейлер саны 240 болды, оның 17-сі - Атырау облысында. Айтпақшы, осы көрсеткіш бойынша алғашқы бестіктің қатарындамыз. Облыс орталығында екі негізгі музейіміз бар, олар бір көшенің бойында орналасқан - тарихи-өлкетану музейі (өткен жыл ішінде 64 мың келуші) және Ш.Сариев атындағы өнер музейі. 2018 жылы мұнда 126 932 адам келді, дегенмен өткен жыл музей үшін ерекше болды. ҚР Тұңғыш Президентінің көшпелі көрмесі ұйымдастырылды. Басқа жылдары өнер музейіне адамдар анағұрлым аз келеді.
Атырау музейлерінің ерекшелігі – жәдігерлерді суреттер мен бейнежазбаларға түсіруге рұқсат алу үшін келушілер ақы төлейді. Ал Мәдениет министрлігінің бұйрығында суретке түсіруге рұқсат беру үшін ақы алуға емес, келушілердің тапсырысымен ақылы суретке-бейнежазбаға түсіруге музейдің ғана құқығы бар екені көрсетілген. Өнер музейінде мұндай рұқсат 650-ден 1300 теңгеге дейінгі аралықта.
- Бізде де рұқсат беру ақылы. 1000 теңге төлеп, бүкіл залды болса да, суретке түсіре аласыз. Киіз үйге кіріп, суретке түсуге де болады, - дейді тарихи-өлкетану музейінің басшысы Рашида ХАРИПОВА. - Біз мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорынбыз. Шығындардың бір бөлігін өзіміз жабуымыз керек, сәйкесінше біздің кейбір қызметтеріміз ақылы. Бірақ мереке күндері және ірі іс-шаралар кезінде суретке тегін түсіруге рұқсат береміз, тіпті кіру ақысыз болады.
Шетелдік қонақтар Атырау музейлерінде шет тілдерін білетін экскурсия жетекшілерінің жетіспейтіндігіне, шет тілдеріндегі аудио-гидтер әр жерде еместігіне, қызмет көрсету және қызметкерлердің даярлық деңгейінің төмендігіне шағымданады.
- Біздің ағылшын тілді гидіміз бар. Сонымен қатар, 7 тілде аудио-гидтер бар. Туристер үшін ыңғайлы. Сондықтан, ағылшын тілді экскурсия жетекшілері жетіспейді деген әңгімелер шындыққа сай келмейді, - дейді Харипова.
ХОСТЕЛСІЗ ҚАЛА
Үкіметтің аталған құжатында Атырауда хостелдер желісі дамымағандығы айтылған (күніне 2000-5000 теңге), облыс орталығында тек біреуі бар делінген. Дегенмен іс жүзінде бізде бір орынға құны 3000 теңге болатын 2 хостел бар.
Өңірлердегі хостел қызметіне сұраныстың жоқтығы бюджеті төмен қонақ үйлердің болуымен және тәулікке жалға берілетін пәтерлер құнының қолайлы екендігімен түсіндіріледі.
Атырауда қонақүйлердің орташа бағасы таңғы асымен бірге күніне 15 мың теңге, таңғы ассыз - 12 мың теңге тұрады. Халықаралық дәрежедегі қонақ үйлерде - 50 мың теңгеден басталады.
Фархат ӘБІЛОВ
Суреттерді түсірген автор