Қазақстанда британдық AVONProtection лицензиясы бойынша күләпара (капюшон) түріндегі респираторлар өндіріле бастады. Лицензиар - мұнайгаз жобаларына жеке және ұжымдық қорғаныс құралдарын жеткізумен айналысатын қазақстандық «QHSE-Akbarys» ЖШС компаниясы.
AVONNH15K респираторларын құрастыру «Астана - жаңа қала» АЭА индустриалдық аймағында (Нұр-Сұлтан қ.) жүзеге асады. Жобаға салынған инвестициялардың жалпы көлемі - шамамен 1 миллиард теңге. Жаңа 16 жұмыс орны ашылды.
Респираторларды құтқару құралы ретінде 30 секундтан аз уақытта қолдануға болады және ол 15 минутқа дейін ауаның сүзілуін қамтамасыз етеді. Бұл төтенше жағдайларда қауіпсіз жерге жету үшін жеткілікті уақыт. Бетті түгел жабатын мөлдір бетперде улы сұйықтықтардың шашырауынан қорғайды. Оның үстіне ол буланудан қорғалған. Қазақстанда шығарылатын модификация біздің климаттық жағдайымызға арнайы бейімделіп жасалған. Теңіз және Қарашығанақ кен орындарының операторлары“QHSE-Akbarys”ЖШС өнімдеріне осындай қасиеттері үшін ерекше қызығушылық танытуда.
Үстіміздегі жылдың 9 тамызында қазақстандық кәсіпорынның құрастыру цехын таныстырылу рәсімі болып өтті. «QHSE-Akbarys» ЖШС-нің бизнесті дамыту жөніндегі менеджері Тимур Жарылқағанов құттықтау сөзінде Қазақстан аумағынан өндірісті ұйымдастыруға «Теңізшевройл» ЖШС-нің бастамашы болғанын атап өтті.
«Сіздер, біздің тапсырыс берушіміз ретінде бастапқы кезеңнен қалыптасу процесіне белсенді араласып, алдын ала тапсырыстарыңызбен Қазақстанда осы өндірісті ашуға көмектестіңіздер. Бүгін сіздердің арқаларыңызда осы зауыттың жұмысына куә болып отырмыз, - деп Жарлықағанов өндіріс алаңының ашылу салтанатына қатысқан ТШО бас директоры Имер Боннерге алғысын білдірді.
Бұл жылы лебізге кейінірек «Теңізшевройл» ЖШС-нің отандық нарықты дамыту бөлімінің үйлестірушісі Олжас Лұқманов жауабын берген еді. Оның айтуынша, осы өнімді жеткізу келісімшартында қазақстандық үлесті арттыру жоспары бойынша AVONNH15K респираторларын өндіруді оқшаулау қарастырылған.
«Біз «QHSE-Akbarys» ЖШС-дегі әріптестерімізбен бірге жоспар құрдық. Соған сәйкес, Қазақстанда AVONNH15K респираторларын құрастыру зауыты іске қосылуы тиіс болды. Жоспарларымыз орындалу үшін келіссөздер жүргіздік, әр қадамымыз бен іс-әрекетімізді қадағаладық, - деп еске алады Лұқманов.
Ұзақ мерзімді келісімшарттардағы қазақстандық қамтуды арттыру жоспары - 2017 жылдан бастап «Теңізшевройл» ЖШС-де жергілікті қамтуды дамытудың кешенді стратегиясының бір бөлігі болды. «QHSE-Akbarys» жетістігі осы тәсілдің бір ғана нәтижесі емес. Осылайша KISCO компаниясы қазақстандық қамтуды дамыту жоспарын ұсынды, соған сәйкес Атырауда фланец төсемдерін шығаратын цех іске қосылды.
Айтылды, орындалды. 2018 жылдың аяғынан бастап Атыраудағы KISCO өндірістік алаңында 23 қазақстандық жұмысшы жұмыс істейді, ал кәсіпорын ТШО-ға барлық халықаралық стандарттарға сәйкес келетін отандық өнімдер жеткізеді. Айтпақшы, цех Атырау құмдарындағы немістің инженерлік ой жемісінің оазисі іспеттес. Өндіріс процесі неміс технологиясына сай, жұмысшылар да соған сәйкес оқытылған.
Жергілікті жерде өндіріу үшін жеткізушілер инфрақұрылымға қаражат салатын осындай жергілікті қамтуды дамыту үлгісі жаңа жұмыс орындарының пайда болуымен ғана пайдалы емес. Мұндағы негізгі артықшылық - технологиялар мен дағдылар трансферті.
Тағы бір мысал - «Шымкентцемент» АҚ. Кәсіпорын Теңіз кенішіндегі ұңғымаларды цементтеу кезінде белсенді қолданылатын G маркалы бітегіш цемент өндірісін оқшаулауға мүмкіндік алды. ҚР аумағында осындай сыныпты цемент өндірісін ұйымдастыру мүмкіндігі ТШО-ның ұзақ мерзімді мақсаттарының бірі болатын. «Шымкентцемент» АҚ кездейсоқ таңдалмады. ТШО мен ұңғымаларды аяқтау бойынша негізгі қызмет жеткізуші Шлюмберже мамандары өндірістік мүмкіндіктерін анықтау үшін үш цемент өндірушіге аудит жүргізді. Тек «Шымкентцемент» қана API 10A бойынша сертификатталған болып шықты, оның өнімдері Шлюмберже мен Шевронның зертханаларында сынақтан ойдағыдай өтті. Технологиялық процесс жолға қойылып, кәсіпорын Теңіз жобасының қажеттіліктері үшін әлемдік деңгейдегі цементті өндіре бастады. Бұдан басқа, G маркалы қазақстандық цемент халықаралық нарыққа экспорттау үшін жарамды. Сонымен қатар, ТШО-мен ұзақ мерзімді келісімшарт жасаған Шлюмберже кадрларды кең ауқымда ұлттандыруды жүзеге асырды. Қазіргі уақытта қазақстандық мамандар бүкіл компания штатының 95%-ын құрайды.
Айтпақшы, ТШО-ның өзінде негізгі өндірісте жұмыс істейтін қазақстандық жұмысшылардың үлесі 2018 жылдың аяғында 88,7%-ға тең болды. ККЖ-ҰЕҚБЖ-мен бірге бұл көрсеткіш 81,6% болады. Теңіз жобасын жүзеге асыруға мердігер мекемелердің қызметкерлерін қоса алғанда, барлығы 80 мыңға жуық қазақстандық жұмылдырылды.
2018 жылы «Теңізшевройл» ЖШС-нің отандық өндірушілердің тауарлары мен қызметтерін сатып алу шығындары 1,3 трлн теңгеден асты. Салыстыра қарасақ, сол жылы ТШО қызметін жүргізетін өңір - Атырау облысы бюджетінің шығыс бөлігі 100 миллиард теңгеден сәл астам болған еді.
Қазақстандық тауарлар мен қызметтердің негізгі көлемі Келешек Кеңею Жобасы (ККЖ) мен Ұңғы Ернеуіндегі Қысымды Басқару Жобасы (ҰЕҚБЖ) аясында сатып алынды. Бүкіл шығындардың 65%-ы осы жобаларға тиесілі.
Өндірісті кезекті кеңейтуді жүзеге асыру 48 мыңнан астам қазақстандықтың күшімен жүзеге асырылуда және 2019-20 жж. жұмыстың үдемелі кезеңі болады деп күтілуде. 2017 жылы ККЖ- ҰЕҚБЖ іске қосылды. Содан бері 500-ге жуық қазақстандық компаниялар 6,7 миллиардтан астам АҚШ долларына тауарлар мен қызметтер жеткізді.
«Теңізшевройл» ЖШС-де тауарлар мен қызметтерді сатып алудағы жергілікті қамту үлесі үнемі өсіп келеді. Компанияның мәліметінше, 1993 жылы қазақстандық тауарлар мен қызметтерді сатып алу шығындары 27 миллион АҚШ долларына жетті. 2003 жылы бұл көрсеткіш 500 млн АҚШ долларынан асқан-ды. Ал он жылдан кейін - 2013 жылы - ТШО отандық тауарлар мен қызметтерді сатып алуға 2,3 миллиардтан астам АҚШ долларын жұмсады. Салыстыру үшін - осы жылдың бірінші жартыжылдығындағы қорытынды бойынша бұл көрсеткіш 2,1 млрд АҚШ долларына жетті.
Қызметтер мен жұмыстар ТШО-ның негізгі сатып алулар бөлігін құрайды және компания атап өткендей, бұл үрдіс өзгермейді. 2018 жылы қазақстандық жеткізушілер ТШО-ның қызметтер пен жұмыстар бойынша негізгі өндіріс қажеттіліктерінің 70%-ын қанағаттандырған.
Серіктестік материал