Биыл 19 ақпанда ҚР Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігі екі жылға қағаз қалдықтарын экспорттауға тыйым салды. Мұның мәнісі түсінікті - макулатураны елдің ішінде өңдеп, экономиканың осы секторын дамыту қажет.
БӘСЕКЕЛЕСТЕР – РЕСЕЙ МЕН ҚЫРҒЫЗСТАН
2015 жылы Қазақстандағы қағаз шикізатын өңдеушілер Экономика және Ішкі істер министрліктеріне хат жолдап, елден макулатураны әкетуге тыйым салуды сұрады. Олардың айтуынша, қалдықтардың Ресей мен Қырғызстанға шығарылуына байланысты қазақстандық қоқыс пен қағаз қалдықтары өңдейтін зауыттар бос қалған. Тағы бір ескеретін жайт, 2019 жылға дейін макулатураның 60%-ы Ресейге шығарылып, бізге майлықтар, дәретхана қағазы, дәптерлер және т.б. түрінде кері қайтарылатын. Айтпақшы, Қазақстанда жылына 5 миллиард жұмыртқа өндіріледі, тек оларды қаптаудың өзіне 180 миллион қағаз науа қажет болады...
Енді макулатура жинаумен айналысатын атыраулық кәсіпкерлер қалдықтарды Қазақстанның оңтүстік және шығыс облыстарындағы оны өңдейтін кәсіпорындарға жіберуге мәжбүр. Макулатура жинау және жеткізу қоршаған орта үшін пайдалы болғанмен, әлі де тиімсіз болып отыр.
ЖАҢА ЗАҢ – ЖАҢА ШЫҒЫНДАР
Біз осындай қағаз қалдықтарын жинап, қәсіп жасап жүрген «Joker» ЖК директоры Әзілхан БАТЫРОВПЕН қала сыртындағы «Элеваторная» ықшамауданындағы жүк тиеу базаларының бірінде кездестік. Мен барған кезде Әзілхан жұмысшылармен жүк вагонына атыраулықтардан жиналған қағаз қалдықтарды түйіп, жіппен орап, қаз-қатар жүк вагонына тиеп жатыр екен.
- Бұл қалдықтарды біз кәсіпорындардан жинадық. Қала тұрғындары да әкеліп тапсырады, бірақ белсенділіктері төмен,- дейді Әзілхан Батыров. – Қалдықтарды Алматы, Шымкент, Өскемен қалаларындағы қоқысты қайта өңдейтін зауыттарға жеткіземіз.
Бір вагонды толтыру үшін 150 тонна картон қалдықтарын жинау керек. Бұған 1-2 ай уақыт кетеді.
- Картонның көп бөлігін – сатып аламыз. Сонымен қатар, қалалық қоқыс полигонына барып та жинаймыз.
- Естуімше бұл бизнес түрі өте пайдалы емес? - Иә, қазір қиындап кетті. Бір вагон қалдықты 3 мың шақырымда орналасқан зауытқа жіберу – шығын. Қазақстанда қағаз қалдықтың 1 келісі 50-55 теңге. Оңтүстік пен шығысқа пойызбен жібересің. Вагон табу да мәселе. Табылса 1 вагон – 600-700 мың теңге тұрады. Тиеу кезінде де көлік пен қосымша 2 жұмысшы аласың. Екі күн тиеп, поезд зауытқа дейін 4 күн жүреді. Сосын екі күн түсіріліп, бір күн тексеріледі. Осындай машақаттардан кейін ғана ақшаны аударады. Барлық қарыздарды өтеген кезде, қолымызда тиын ғана қалады.
- Ал бұрын ше?
- Тиым салынбай тұрып, қалдықтарды Ресейдің Қазан және Омбы қалаларына жіберіп жүрдік. Бізге Өскеменнен гөрі Қазан ыңғайлырық. Тиімді, арзан, тез. Айтпақшы, Ресейде қалдықтың бір келісі 60 теңге және олар ақшаны тез төлейді.
- Яғни, бұл тыйым сіздерге тиімсіз ме?
- Негізі, заң шығармай тұрып, жағдай жасау керек қой. Өкінішке орай, Қазақстанда олай емес. Сонымен қатар, қоқыс өндіруші компаниялардың тендерлерін де ұтып алу өте қиын. Ол құжаттарды жинау үшін бір ай уақыт кетеді. Екі рет тапсырып, өте алмағанбыз.
- Атырауда қоқыс өңдейтін зауыт ашу ойыңызда жоқ па?
- Бар, өзімізде өңдеген тиімді болар еді. Тіпті инвесторлар да қызығушылық білдіріп отыр. Бұл әзірге жоспар, болашақ та көре жатармыз.
Фархат ӘБІЛОВ
Сурет пен бейнежазбаны түсірген автор
Фархат ӘБІЛОВ
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор