18 тамызда Гонконгте жүздеген мың адам наразылық шеруіне тағы да шықты. Ал Пекин наразыларды қарсылықты доғаруға шақырып отыр.
Гонконгте соңғы он апта ішінде жаппай шеруге шыққан демонстранттар мен полиция арасында қақтығыстар болған, әйткенмен бұл жолы екі жақтан да ондай әрекет байқалған жоқ. Тек акцияға қатысушылар кей ғимараттардан Қытай туын алып тастады.
Гонконгтегі наразылыққа Пекин ұсынған "қылмысқа күдіктілерді Қытай, Макао және Тайпейге экстрадициялау туралы" заң жобасы түрткі болған. Билік бұл заң жобасы "Гонконгке қашып, бас сауғалайтын қылмыскерлердің" санын азайтады деп түсіндіреді. Алайда наразылар "ол құжат қабылданса, Пекинді сынаушылар, Қытайдағы қысымнан қашып, Гонконгке келгендер, тіпті туристер зардап шегеді" деп санайды.
Жаппай қарсылықтан соң Гонконг әкімшілігі даулы заң жобасынан бас тартқан. Алайда демонстранттар Пекиннен Гонконгке қысым жасауды доғаруды талап етіп жатыр. Қытай билігі Гонконгтегі наразыларды "квазитерроризмге" айыптады.
Қытайдың Лондондағы елшілігіндегі дипломат Чэнь Вэнь BBC-ге: "Егер Гонконг үкіметі жағдайды бақылаудан шығарып алса, қытай билігі қол қуысырып қарап отыра алмайды. Кез келген бүлікті басуға күшіміз де, құдыретіміз де жетеді" деп мәлімдеген. Наразылар Гонконг әкімшілігі басшысын қызметтен кетуін және ондаған адамға қарсы қозғалған қылмыстық істі доғаруды да талап етіп отыр. Тамыздың басында Гонконгте қоғамдық тәртіпті бұзу және арандату айыбымен 40 шақты адамның үстінен іс қозғалған. Сот оларды айыпты деп таныса, он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруы мүмкін.
Пекин Гонконгтегі наразыларды "Қытайды жақтырмайтын" Батыс пен АҚШ қолдап отыр деп санайды.
Ұлыбритания Гонконгті 1997 жылы Қытайға қайтарып берген. Гонконг – Қытайдың ерекше әкімшілік аймағы болып саналады, бірақ онда "бір ел – екі жүйе" принципі қолданыста. Гонконгтің өз заңы бар, азаматтардың құқығы Қытаймен салыстырғанда жақсы қорғалады. Гонконг "қылмыскерлерді, я күдіктілерді экстрадициялау туралы" 20 елмен келісім жасасқан. Олардың арасында АҚШ, Ұлыбритания бар. Ал Қытай мен Гонконг бұл келісімді 20 жылдан бері талқылап келеді.
Дереккөз: Азаттық радиосы