«Атырау Су Арнасы» КМК активтері «Диар и Компания» ЖШС-нің сенімгерлік басқаруына берілді. Бұл туралы 14 тамызда өткен қалалық мәслихаттың тұрақты депутаттық комиссиясының отырысында белгілі болды.
«Атырау Су арнасы» КМК директорының орынбасары Нұрлан МҰХТАРОВТЫҢ осы отырыс барысында сөйлеген сөзінен үзінді:
- Ағымдағы жылдың 1 шілдесінде «Атырау Су Арнасы» КМК-нің қызметкерлер штаты 1 013 адам болды. 2018 жылы кәсіпорын кірісі 3 миллиард 425 миллион теңгеге, шығындар - 3 миллиард 317 миллионға жетті, нәтижесінде бір жылдағы пайда 108 миллион теңге болды.
Өткен жылы сатылған су көлемі - шамамен 15 миллион текше метр. Су сатудан түскен кіріс - 2 миллиард 475 миллион теңге, шығындар - 2 миллиард 174 миллион теңге, пайда - 301 миллион теңге.
«АСА» жүйесіндегі кәріздік ағым көлемі - шамамен 10 миллион текше метр. Қызметтің бұл түрінен түсетін кірістер - 797 миллион теңге, шығындар - 784 миллион теңге, пайда - 13 миллион теңге.
Жылумен жабдықтау қызметтерінен түскен кіріс (Бірінші учаске) - 8 миллион теңге, шығындар - 24 миллион теңге, залал - 16 миллион теңге.
2019 жылдың бірінші жартысында кәсіпорын бойынша кіріс 1 миллиард 580 миллион теңге, шығындар - 1 миллиард 753 миллион теңге, залал - 173 миллион теңге болды.
«АСА» басшысы залалдың көбеюіне, оның айтуынша, жылына екі рет уақытша төмендетілген тариф енгізген табиғи монополияларды реттеу департаменті кінәлі деп айыптады. Осы себепті кәсіпорын шамамен үш жүз миллион теңге сомада шығынға ұшыраған.
Ағымдағы жылдың 1 шілдесіндегі ахуал бойынша кәсіпорынның 107 769 абоненті бар, оның ішінде Атырау қаласында 101 310 адам, оның 96 798-і жеке тұлғалар, 4 513-і заңды тұлғалар.
Кәсіпорын дебиторлық берешекті азайту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізеді. Осы жылы 975 абонентке жалпы сомасы 4,6 млн теңге көлемдегі қарызды өтеу қажеттілігі туралы ұйғарым берілді. Нәтижесінде 730 абонент 3,9 миллион теңге қарызын төледі.
Өткен жылы инвестициялық бағдарлама бойынша арнайы жабдық сатып алынды: Газ автокөлігі базасында 2 вакуум, ЗИЛ базасында дәнекерлеу қондырғысы бар шеберхана.
Су құбыры желілеріндегі су шығыны 2018 жыл ішінде норма 17,7% болған кезде 16,7% болды.
«Диар и Компания» ЖШС директоры Ерлан АТКИЕВ сөз алды:
- «Атырау Су арнасы» КМК-ні сенімгерлік басқаруға алмас бұрын оның проблемаларын зерттедік. Бұл проблеманы шешу жолдарын жақын арада жариялаймыз.
Депутаттар: Шамамен қашан?
- Он күндей уақыт беріңіздер.
Депутаттар: Қазір қандай проблемаларды көріп отырғаныңызды айта аласыз ба?
- Негізгі проблема – су көтеру станциясында. Ол өте мүшкіл, дағдарыс жағдайында. Сосын кәріз желілерінде. Қала кәріз желілерімен шамамен 30% қамтылған, бірақ олардың да тозығы жеткен. Біз велосипед ойлап таппаймыз.
Қарағанды мен Шымкентте сумен жабдықтау ұйымдары соңғы он жыл бойы жеке басқаруға берілген. Біз ол жаққа барып, тәжірибе алып қайттық. Оларда электронды есептегіштер орнатылған. Егер есептегіш сөнсе, онда су болмайды. Олар су үшін абоненттік төлемді ұялы телефонға салғандай толықтырып отырады. Абонентке тек мобильді қосымшаны жүктеу қажет. Мәселенің шешімі осы. Біз бұл ұсынысты ұсынамыз, сіздер шешесіздер.
Депутаттар: Сонда сіздер біз үшін шешім қабылдап қойдыңыздар ма? Бұл жерде олай жасалмайды. Біз ұсынамыз... Сіздер не айтсаңыздар, сол болады деуіңіз дұрыс емес...
- Мен ойымды қате жеткіздім. Айтайын дегенім, сіздер қарап шығасыздар. Бірақ бұл қалаларда қарыздар бойынша проблемалар жоқ. Хабарландыру (телефонға) келеді - болды!
Депутаттар: Абонент уақытында төлей алмайтын кездер де болады. Ол қалада болмай қалады немесе жалақысы кешіктіріледі. Сіз дереу ажыратып тастамауыңыз керек.
Депутаттар: Есептегіштер кімнің есебінен орнатылады?
- Жеке тұлғаларға кәсіпорынның есебінен орнатылады, ал заңды тұлғалар төлейді.
Ерлан Аткиевтің Нұрсая ықшамауданындағы Атырау облыстық ПД-нің жаңа кеңсесін салумен айналысқан (бұл жердегі жұмыстар әлі аяқталмаған) «TSG Constraction» ЖШС-нің директоры болғанын және өткен күзде Нұрсая-2 шағын ауданындағы шағын жылу қазандықтарын ЖЭО жылу жүйесіне қосу жұмыстарына басшылық еткенін атап өткен жөн.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ