Атырау, 25 қараша 00:53
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

ТШО қызметкері сот арқылы сыйақыға қол жеткізді

1 815 просмотра

Еңбекақысының азаюына себеп болған басшылықтың әкімшілік реформалау туралы шешіміне қарсы болып, сотқа жүгінген өз қызметкерінің әрекетін «Теңізшевройл» компаниясы «ұнамсыз» әрекет деп атады. 

ҚР бақылау және әлеуметтік қорғау комитеті департаментінің еңбек қатынастарын бақылау бөлімінің бастығы Әліпқали ДӘУЛЕТЬЯРОВТЫҢ айтуынша, үстіміздегі жылдың 11 наурызында оларға «Теңізшевройл» компаниясының қызметкері өзінің еңбек құқығы бұзылғандығы туралы шағыммен хабарласқан. Оның әңгімесінің негізінде екі еңбек қызметкері «Теңізшевройл» компаниясына жоспардан тыс тексеруге жіберіліп, үстіміздегі жылдың 9 сәуірінде «Теңізшевройл» ЖШС бас директорының тарапына заң бұзушылықты жою қажеттігі туралы ұйғарым шығарыпты. Олардың бірінші талабы бойынша, қызметкерге 2010 жылы 6, 10 және 13 қыркүйекте жұмысшыларының бірінің орнына жұмысқа шыққан күндері үшін еңбекақысы төленбей қалған. Еңбек кодексінің 131-бабының 1-тармағына сәйкес, жұмысты қоса атқарған жағдайда жұмыс беруші жұмыстың көлеміне, мерзіміне, маңыздылығына және ауырлығына байланысты үстеме ақы төлеуі тиіс.

Екіншісі – өткен жылдың қорытындысы бойынша компанияның өткен жылдағы кәсіпорынның жұмыс көрсеткіштері бойынша бүкіл ұжымға есептейтін сыйақысы, яғни, 13-жалақы қызметкерге төленбеген. Әңгіме бірнеше мың доллар болатын әжептәуір сома туралы болып отыр. Өйткені бұл сыйақының мөлшері «Теңізшевройл»  қызметкерінің базалық лауазымдық жалақысының 120 пайызын құрайды.

Үшіншіден, еңбек инспекторлары ТШО-дағы сыйақы беру жүйесінің өзіне күмән келтірді. Ұжымдық келісім-шарттың сыйақы беру шарты көрсетілген 33-тармағында, егер компания қызметкері еңбек тәртібін, қауіпсіздік техникасының ережесін бұзған болса немесе тәртіптік сипатта жаза алған болса, оған сыйақы берілмейді делінген. Компания қызметкерге «ұнамсыз әрекеті» үшін 13-жалақыны беруден бас тартыпты.

Ал мәселе мынада болатын, 2011 жылы ТШО-да басқару құрылымында өзгерістер орын алып, лауазымдар мен еңбекақы төлеу жүйесі ауысты. Сол кезде қызметкер еңбекақысының азайып кеткенін басшылыққа мәлім етіп, қолданыстағы еңбек келісім-шартына қосымша жасалған келісімге қол қоюдан бас тартқан. Сол жылы ол сотқа талап арыз беріп, бірақ ұтылып қалыпты. Бұл  компания үшін «ұнамсыз әрекет» деп бағаланған.

Әлеуметтік қорғау департаменті «ұнамсыз» әрекет қызметкерді сыйақыдан айыруға негіз болмайды деп есептеп, ақшаны төлеуді талап етті. «Теңізшевройл» ұйғарымды орындаудан бас тартып, сотта қарсылық білдірді. 14 маусымда қалалық сот іс материалдарын қарап шығып, «Теңізшевройлды» қызметкерге қоса атқарған жұмысы үшін ақы төлеуге міндеттеді. Сот ұйғарымның қалған екі тармағын жойды.

Компания облыстық соттың кассациялық алқасына шағым берді. Іс материалдарын қарап шыққан алқа қалалық соттың шешімін жойып, өз шешімін шығарды. Соған сәйкес, «Теңізшевройл» қызметкерге қоса атқарғаны үшін ақы төлеп қана қоймай, 13-жалақыны да төлеуге міндеттелді.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

17 қазан 2012, 23:15

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.