Гонконг 1997 жылы 1 шілде күні Ұлыбританияның иелінен Қытайға өтіп, Бейжің билігінің 50 жылдық арнайы админстративтік аймағы ретінде санала бастады.
Бұл күнде Бейжіңнің "Бір ел – екі түзім" принципі негізінде басқарылатын Гонконг шын мәнісінде Қытайдың ішкі өлкелерімен салыстырғанда көптеген ұқсамайтын құндылықтарға ие. Мәдени, саяси, әлеуметтік айырмашылықтар шағын аралды қала мен құрлықтық қытай арасын жақындатпай келеді. Гонконг тұрғындарының демократияға деген құлшынысы да темір тегеурінді Бейжің билігінің бағытына сай емес. 1997 жылдан бері Гонконгте Қытай билігің кейбір саяси шешімдеріне қарсы наразылық шаралары толастаған емес. Тіпті, Британия иелігінен Қытайға қайтарылған кездің өзінде де Бейжің билігінің әкімшілік басқаруын қабыл алғысы келмеген қала тұрғындары массалық наразылық шеруіне шыққан болатын. Ал, соңғы үш айда Гонконг ауқымды демонстрациялар арқылы әлем назарын өзіне аударды. Коммунистік билік бұл наразылық шараларының артында шетелдік күштер тұр деп қарайды. Бір күн бұрын болған наразылық акциясының күшпен таратылуы демократиялық елдердің алаңдаушылығын тудырды.
Тіпті, ықпалды ақпараттық агенттіктер Гонконгке жақын Қытай қалаларында Қытай әскери күштерінің көбейтілгенін де жазып жатыр. Қытай билігі Гонконгтің наразылығын басу үшін қарулы күштерді қолдануы мүмкін бе? 1997 жылы қос тарап қол қойған заңға сүйенетін болсақ, онда Бейжің Гонконг қаласына армиясын кіргізуге құқығы жоқ. Қытай армиясы аталған аймаққа тек жергілікті әкімшіліктің өтінішімен ғана кіре алады. Оның өзінде де апатты жағдайдың зардаптарын жою және халықтық тыныштандыруға ғана кіре алады. Сарапшылардың пікіріне сенсек, қазіргідей жағдайда Қытай армиясын шақыруға Гонконг билігі батылдық ете алмайды. Бұл шиеленісті тіпті де өршітіп жіберетін қадам деп санайды.
Егер Қытай армиясы бәрін қайырып қойып арнайы әкімшілік құқығы бар қалаға басып кіріп демонстранттарды күшпен тарататын болса және қандай да бір күш қолдануға ұрынса, онда оның зардабы ауыр болмақ. Ең әуелі арнайы автономиялық статусы бар қаланың репутациясы талқандалып, экономикалық артықшылықтарынан айырылады және халықаралық қауымдастық алдында Қытай армиясы ауыр айып арқалайды. Өз иелігіне алғаннан кейін Қытай билігі аталған қалаға тек 5 мың қарулы күшін орналастырған. Оның өзі символдық мән ретіндегі әскерлер, ал қаланың ішкі ісіне араласуға олардың да құқығы жоқ. Алайда, бұдан бұрынғы наразылық шаралары кезінде Қытай әскерлерінің наразы топқа қарсы әрекеттерін бейнелеген видеолар тарап кетті.
Онда Қытай қарулы күштері демонстранттарды тарап кетуге шақырып жатады. "Жағдай ауыр болуы мүмкін, тарап кетіңдер, әйтпегенде біз күш қолданамыз", – деп айғайлайды Қытай әскериі. Сарапшылар бұл әрекетті Бейжің билігінің ескертуі және қала тұрғындарына жасаған психологиялық қысымы деп санайды. Бейжің қазірге дейін Гонконгтегі дағдарысты жергілікті билік шеше алады деген позицияны ұстанып тұрғанын аңғартуда. Әрине, тек осы ұстаныммен үнсіз жатыр деуге де болмайды. Бірқатар Бейжің лауазымдыларының аузынан үркіту-қорқыту сипатындағы пікірлер де шықты. Айталық: "Өздеріңнің жағдайларыңды қиындатып алмаңдар". "Отпен ойнағандар күйіп жоқ болады", – деген сөздермен қорқытқан қытайлық жоғары лауазымдылар да болды. Соның өзін де басым көп сарапшылар ресми Бейжіңнің қарулы күш қолданатынына сенбейді. Себебі, бұл Қытай үшін тым ауыр бодау бергенмен бірдей болады. Халықаралық аренадағы орыны мен әлем алдындағы бет-беделі үшін Қытай бұл қадамға бармайды деп санайтындар басым.
Дереккөз: qazaqtimes.com