Осы аптада Атырау қаласында дәстүрлі «Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі» өтті. Хабарландыруда «жұмыссыз жүрген жастарды шақырамыз» делінсе де, жұмыс іздеп жүргендер арасында орта жастағы қала тұрғындары мен зейнеткерлер де біраз болды.
ӘДЕТТЕГІДЕЙ, БӘРІНЕ ДӘНЕКЕРЛЕУШІ ҚАЖЕТ
Атырау қалалық жұмыспен қамту бөлімі ұйымдастырған жәрмеңкеге 12 мекеме қатысып, 228 бос жұмыс орындарын ұсынды.
-Жыл басынан бері осымен төрт жәрмеңке ұйымдастырылды. Алғашқы үшеуінде қалалық жұмыспен қамту орталығы 1000 жұмыс орнын ұсынды, ал тұрақты жұмысқа 186 адам орналасты, - дейді қалалық жұмыспен қамту бөлімінің маманы Айдана ҒАЛИАХМЕТОВА.
-Қандай мамандарға сұраныс көп?
-Бос жұмыс орындарының көпшілігі – техникалық мамандар. Сондай-ақ, құрылысшылар мен дәнекерлеуші мамандарды жиі сұратады. «Теңіз» кен орнында да вакансиялар бар.
Атырау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ақпараты бойынша, бүгінгі күні облыста 9808 тұрғын жұмыссыз ретінде тіркелген, оның 2800 – облыс орталығының тұрғындары.
БӘРІ УАҚЫТША КЕЛІСІМ-ШАРТТЫҢ КЕСІРІНЕН
Біз жәрмеңкеге жұмыс іздеп келгендердің бірқатарымен тілдесіп көрген едік.
Сабыржан АХМЕТОВ, 4 баланың әкесі:
- Бүгін «Бос жұмыс орындары» жәрмекесі болады дегенді естіп, осында келіп тұрмын. Бірақ жұмыс таба алмадым. 4 баламды асырау керек, 20 күннен кейін мектепке барады. Оларды киіндіруге ақша табу да қиын. Мұнай саласында 15 жылдық жұмыс өтілім болса да, ешкім жұмысқа алмайды. Бір ай бұрын қысқартуға ұшырадым. Барлық инстанцияларға шағымдансам да, «заңға сәйкес жұмыстан босатылдыңыз» деп шығарып салады.
- Қысқарту қандай себеппен болды?
- Мекемемен менің арамдағы еңбек келісім-шарты аяқталып, сол себепті жұмыстан босатты. Өзегімді өртейтін бір нәрсе – жұмысқа келісім-шартпен алып, уақыты біткен соң оны ұзартпайды. Бұл менің ойымша дұрыс емес. Еңбек кодексіне өзгеріс енгізу керек. Жұмыс берушілерді жұмысқа тұрақты түрде алуды міндеттеу қажет. Мұнайлы астанада тұрып, жұмыссыз жүргеніме қатты қынжыламын.
- Сіздің ойыңызша отбасыңызды асырау үшін жалақыңыз қандай болуы керек?
- Бұрынғы жұмыс орнымнан 300 мың теңгедей алып жүрдім. Енді қазір екі қолға бір күрек таппай тұрмын.
ЕҢБЕК ӨТІЛІ ЖОҚ ТҮЛЕКТІ ЖӘНЕ БҰРЫН СОТТАЛҒАНДАРДЫ ЕШКІМ ЖҰМЫСҚА АЛҒЫСЫ КЕЛМЕЙДІ
Арман, 25 жаста:
- Колледжді бітіргеніме 2 жылдан асса да, жұмыссыз жүрмін. Қазір тойға шығып, фото және бейнежазбаға түсіріп, күнделікті ақшамды табамын. Бірақ, ресми түрде жұмысқа орналасып, таңертеңгі 9-дан кешкі 6-ға дейін жұмысқа барғым келеді. Әйтпесе, кейде тойға тапсырыс болып, кейде болмайды. Оның үстіне зейнетақы қорына ақша түспесе, несие де ала алмаймын.
Нұрбол ИМАНҒАЛИЕВ, 23 жаста:
- Қылмыс жасап, шартты түрде сотталғанмын. 1 жылға таяп қалды – жұмыссыз жүрмін. Сотталған азаматтарды жұмысқа ешкім алғысы келмейді. Қылмысым ауыр немесе орташа болса, қоғамға қауіпті болсам, түрмеде отырар едім. Өкінішке орай, мұны ешкім түсінгісі келмейді. Сотталғандығы бар азаматты – ешкім өзінің әріптесі ретінде көргісі келмейді. Осы жағымсыз стереотиптің кесірінен ата-анаға масыл болуға мәжбүрміз.
Бірақ интервьюден кейін Нұрбол «АрнаулыАвтоБаза» ЖШС механик қызметіне жолдама алды. Енді әңгімелесуден өтіп, жұмысқа кіріседі деп үміттенеміз. Айтпақшы, Атырау қалалық пробация бөлімі бүгінгі жәрмеңкеге 15 бұрын сотталған адамды алып келді.
- Сотталған азаматтарды жұмыспен қамту – оларды қоғамға тезірек бейімдейді. Егер де кесілген мерзімнің жарты бөлігі өтіп, ескертулері мен тәртіп бұзулары болмай, жұмыс жасаса, онда мерзімінен бұрын шартты жазасын алып тастау қарастырылған, - дейді қалалық пробация қызметінің инспекторы Нұрмұрат ЕРСАЙЫНОВ.
БӘРІНЕ МЕНЕДЖЕР БОЛУ БҰЙЫРМАҒАН
Өкінішке орай, жәрмеңкеге келгендердің арасында техникалық және кез-келген қызметте еңбек еткісі келетін азаматтардың саны аз болды. Жұмыс берушілердің ойынша, жұмыссыздардың көпшілігі бірден жоғары жалақысы бар кеңсе жұмыстарын іздейді.
- Жұмыс іздеушілердің барлығы – менеджер болғысы келеді. Бәрі бастық болса - қаланың тазалығын кім қадағалайды. Бізде жалақы жақсы, бірақ жастар келгісі келмейді. Мысалы, қоқыс сұрыптаушы, барлық салықтарды алып тастағанда, қолына 100 мың теңгенің көлемінде жалақы алады. Бұл менің ойымша жақсы жалақы, - дейді «АрнаулыАвтоБаза» ЖШС–нің кадр бөлімінің жетекшісі Алтынай АРЫСТАНҒАЛИЕВА.
- Ал мен вахталық әдіспен жұмыс жасағым келеді. 1 ай вахтада жұмыс жасап, вахталар арасында қалада такси болсам, қаржылық жағдайымды түзеуге мүмкіндік болар еді. Жұмыс өтілім жоқ, бірақ жұмыс табуға тырысамын, - дейді Айдар есімді жас жігіт.
Сонымен қатар жәрмеңкеде тағы бір жұмыс іздеушімен жолығып қалдым. Осыған дейін 29 жастағы Н. ауылдық округ әкімінің орынбасары, облыстың бір басқармасында бас маман, денсаулық сақтау басқармасының бір бөлімінде бастық болып жұмыс жасап үлгерген.
- Неге жеке компанияға жұмысқа кеткіңіз келеді? Мемлекеттік қызмет шаршатты ма?
- Жоғары жалақысы бар жұмысқа тұрғым келеді.
Мүмкін, пара алу оның ойына келмеген болар.
...Жәрмеңке кезінде Атырау қалалық ішкі саясат бөлімі жұмысқа орналасар кезінде пара бермеуге шақыратын буклеттер таратты. Осы кезде ойыма 13 қала тұрғынынан «ҚазМұнайГаз» АҚ-на жұмысқа орналастырамын деп алдап соққан көпбалалы алаяқ ана ойыма түсті. Олар, мүмкін, бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде жақсы жұмыс табуға болады деп есептемеген шығар.
Фархат ӘБІЛОВ
Сурет пен бейнезбаны түсірген автор