Көптен бері құрақ көрпе тігуді үйренгім келіп жүрген, бірақ еш реті келмейтін. Шеберлік дәрістері өтетін күндері қолым босамай қалады. Бүгін орайы келе кетіп, бір сағатқа жұмыс бойынша қолөнершілермен кездесудің сәті түсті.
ДӘСТҮРДІ ЖАҢҒЫРТЫП
Дегенмен, егер тігу білетін болсаңыз, тіпті бір сағаттың ішінде көп нәрсе жасап үлгеруге болады. Ал қыздарға арналған «Қазақ қызы» академиясы ұйымдастырған шеберлік сыныбында мұндай нәрселер көп болды. Қазақтың ежелгі ұлттық «құрақ көрпесі» мен «ою көрпесі» қазіргі таңда сәнге айналған. Ұзату тойында ұзатылатын сәнқой қыздар міндетті түрде ұлттық киім киеді, қыз жасауына қолөнершілер тіккен көрпе мен көпшікке тапсырыс береді. Көп адам үйінің бір бөлмесін ұлттық нақышта безендіреді: әдемі боялған сандық қояды, еденге көрпе төсейді, тіпті терезелеріне ұлттық өрнектері бар ламбрекендер іліп қояды. Меймандарға жер үстелге дастархан жаяды. Дәстүрлі қолөнер заманауи жаңа технологиялармен тығыз сабақтасып жатады. Шеберлер көрпені бала күннен таныс ою-өрнектермен тігеді, өздері ойлап тапқан, жаңа безендіру тәсілдерін де қолданады. «Жұлдыз», «қошқар мүйіз», «бота көз» деп аталатын дәстүрлі ою-өрнектер бар. Заманауи қолөнершілердің қиялынан туындаған «Версаче» өрнегі де бар. Заманауи шеберлердің блоктары әжелеріміздің тіккен көрпелерінен ерекшеленеді.
ЮТУБ ҚАТЕЛІКТІ КӨРМЕЙДІ
Жұмыскер тұрғыны Алмажай ҚАЮПОВА мен Алтынай КЕНЖАЛИЕВА – көпбалалы аналар. Олар үй ішіне арнап тігеді, кейде туыстарының тапсырысын орындайды. Сондықтан да жаңа үйренген дағдыларын бірінші кезекте күнделікті өмірде өздері үшін қолданғысы келеді. Бірақ істері алға басып кетсе, өз істерін ашуға да қарсы емес. Оларда ұлттық тігін техникасы туралы түсінік болған, YouTube-тағы роликтерді көрген, құрбыларынан үйренген. Алайда бетпе-бет нағыз кәсіпқой маманның шеберлік сабағына қатысу ой-өрісті кеңейтеді ғой. Мұндай форматтағы сабақта сұрақ қойып, жауабын аласың, матаны дұрыс қимасаң, білмегеніңді шебер түзетеді. Олар ою салу үшін, бейне сабақтарда көрсетілгендей, ПВА желімін пайдалану дұрыс еместігін осы жерден білген. Ол бұйымды бүлдіріп, оюлар қатайып кетеді екен. Уақыт өте келе желімі түсіп, жуғаннан кейін бүлініп қалады. Ол үшін матаға арналған желім бар. Бірақ оны да пайдалана білу керек. Алмажай мен Алтынай өз бұйымдары үшін көмкермені алғаш қолдана бастаған. Көптеген элементтердің атауын алғаш осы жерде естіпті. Алайда үйрену еш уақытта кеш емес.
- Құрақ тігуде ең қарапайымы - «ши құрақ», «таяқша» немесе «құдық» оюлары, – деп әңгімелейді суретші-дизайнер Әсел ӨТЕБАЕВА. – Алдымен ашық түсті материалдан, айталық, 4 те 4 көлемде шаршы қиып алынады. Бұл «көз» деп аталады. Содан кейін ені 3 см болатын ұзын жолақтар қиямыз. «Көз» мата төсемге тігіледі. Оны мұқият таңдау керек. Төсем мықты, сырғымайтын болуы қажет. Содан кейін «көздің» айналасына тік бұрыштар тігіледі. Олар бір түсті немесе алуан түсті болуы, реңі немесе фактурасы бойынша кезектесуі мүмкін. Мұның бәрі тігіншінің қиялына байланысты. Бастапқыда оларға сәйкес түстерді таңдауға көмектесемін, көп ұзамай олардың өздері түрлі реңдерді үйлестіруді үйренеді.
Ою-өрнектерді таңдауда мұқият болған жөн: көрпедегі ою-өрнек жастықта болмауы керек және керісінше. Өйткені жастықты басыңа жастанасың. Көрпе жиналған сандықтың үстіне жабатын жабынға қазір жас жұбайлардың, үй иелерінің инициалдарын немесе қыздың сұлбасын тігу сәнге айналған. Кейде жүрекшелер немесе аққулар тігуге тапсырыс береді. Ал ру белгілерін немесе шаңырақтың бейнесін күнделікті қолданатын көрпелерге салуға болмайды. Кез-келген қазақ үшін осынау маңызды белгілерді үй тұмарларына салып, үйдің төріне іліп қояды.
АШЫҚ ТҮСТІНІҢ БӘРІН ҰНАТАМЫЗ
Әр өңірдің ұнататын реңдері болады. Бізде, батыста ашық түстерді: қызыл, жасыл, көгілдір ақық және қызыл күрең түсті ұнатады. Анағұрлым салмақты түстерді ұнататындар сарғыш қоңыр және алтын түстес реңді таңдайды. Айтпақшы, бұларды «версаче» өрнегін жасау кезінде жиі қолданады. Көрпеге негізінен барқыт, велюр немесе мақпал маталар таңдалады. Құраққа арналған маталарды жуған кезде бір-біріне бояуы шауып кетпес үшін сапалысынан таңдау керек. Тігістері сөгіліп кетпес үшін ұсақ тігістер таңдалып, міндетті түрде матаны әдіптеу ені сақталады. Бастырма (аппликация) жасау техникасын орындау оңай. Бірақ түстердің үйлесімділігін таңдау, материалды қию ерекшеліктері бар. Ою-өрнектердің геометриялық, өсімдік текті, зооморфты және космогониялық түрлері болады. Баршаға аян қошқар мүйіз бен құс қанаты - зооморфты, гүлдер - өсімдік текті ою-өрнектерге жатады. Күн сәулесі, ай бейнеленген ою-өрнектер тәңіршілдікке тән. Жаңадан үйреніп жатқан қолөнершілер ою-өрнектер салудың қарапайым үлгісін қолданады. Мен семинарға қатысушылардың сабақ барысында қолданған, өздеріне ұнаған ою-өрнектердің трафареттерін көшіріп салғанын көрдім. Кәсіпқойлар табиғаттың өзімен бәсекелесе отырып, нағыз шедеврлер жасай алады. Жұмыс кезінде әртүрлі фактурадағы материалдар - нәзік органзадан бастап тығыз гобеленге, бауларға, шашақтарға, моншақтарға және түрлі-түсті тастарға дейін қолданылады. Қолөнерші әйелдер қалдықсыз өндіріспен жұмыс жасайтындарын айтып күледі. Мата қиындылары мен органза қалдығынан қандай сұлулық жасауға болатынын көрсеңіз.
- Төсемге желімнің көмегімен мозайка түрінде матаның түрлі қиындылары жапсырылады. Үстінен органза тігіледі. Бұл картина секілді. Оған «жиектеме» қажет, оны бір түсті матадан дайындаған жөн, - деп кеңес береді Әсел Өтебаева.
БҰДАН ТАБЫС ТАБУҒА БОЛАДЫ
- Мұндай шеберлік дәрістері 7 ауданның бәрінде және облыс орталығында өткізілді. 180 әйел оқытылды, әрбір шеберлік сыныбына, әдетте, тігіншілік тәжірибесі барлар да, ине ұстау білмейтіндер де қатысады. Оларды төсем пішуге, тігуге, тысқаптар жасап, жиектеме, сыдырма тігуге, бұйымдарды безендіруге үйреттік. Әйелдердің көбі шеберлік сыныбына кейіннен өз ісін ашу мақсатымен келді. Өйткені бүгінде ұлттық нақыштағы бұйымдар сұранысқа ие болып отыр, - деп әңгімелейді қыздарға арналған «Қазақ қызы» академиясының басшысы Әсия МҰХСИНОВА.
Құрақ тігу оңай емес, ол білім мен дағдыларды, шыдамдылықты, табандылықты, көзбен жақсы шамалауды, түс пен стильді қажет етеді. Есесіне осы техникада жасалған заттар ондаған жылдар бойы қолданылады, оларды мұраға қалдыруға болады. Сондықтан жиынтықтардың бағасы да қымбат: құрақ көрпе орта есеппен 18 мың теңге, ал жастық 5 мың теңге тұрады. Стандартты жиынтықты жасау үшін бір апта қажет. Ал бастырма техникасындағы мұндай жиынтықтар арзанырақ – көрпе 12 мың, жастық 3,5 мың теңге тұрады. Оны тігуге де азырақ уақыт – 3 күндей кетеді. Өлшемдері бойынша стандарттары да бар: көрпе 80 де 200 см, жастық 70 те 70 см, сәндік жастықтар – 50 де 50 см. Кейбір өңірлерде қыз жасауы үшін тақ санды көрпеге тапсырыс беру керек деп санайды, ал бізде жұп санды көрпе жасалады. Негізгі жиынтық - 6 көрпе мен 4 жастық. Бірақ оны жамылғы көрпе, шай-көрпе, жүк немесе келін жеге - бұл шәй құйғанда келін отыратын кішкентай көрпеше, төр көрпе (құрметті қонақтар үшін), сандыққа арналған жабын, сый-сияпаттарға арналған қоржын сөмкемен көбейтуге болады. Қысқасы, ақша болса, тапсырыс берушілердің ұшқыр қиялы шынымен шексіз болуы мүмкін. Негізгі тапсырыс берушілер - қызын ұзататын ата-аналар мен үйлерін ұлттық нақышпен безендіргісі келетін жаңа қоныстанушылар.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суреттерді түсірген автор