Атырау, 29 желтоқсан 16:19
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -3
$ 521.81
€ 543.67
₽ 5.05

Бай қалада қоқыс көп

14 532 просмотра

Қалалық әкімдікте өткен жұртшылық тыңдауында қатты тұрмыстық қалдықтарды жинаудың жаңа нормалары талқыланды. Жобалаушы компания оларды халық үшін жылына 3 текше метрге дейін көбейтуді ұсынып отыр. Мұндай мәлімдемеден кейін, әдетте, қызмет тарифтері көтерілетін еді.

ІЗ-ТҮЗІН БІЛДІРМЕУ

Алайда тыңдауды ұйымдастырушы қалалық әкімдік атынан қатысушылар қала әкімінің орынбасары Әділбек НҰРЛЫҒОЖИЕВ пен қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі бастығының орынбасары Серікбай ҚАЗИЕВ тыңдармандардың бірі сөз алған кезде айтылған бұл болжамға комментарий бермеді. Айтуларынша, бұл олардың тапсырысы бойынша орындалған зерттеу ғана екен.

Жобаны жасақтаушы «Эко-Алан» ЖШС директоры Нұрпейіс ӨТЕҒҰЛОВ растап отырғандай, бұл нормалар «нақты ахуалды бұрмаламау үшін» әр бес жыл сайын қайта қаралып, нақтылануы тиіс.

Айтпақшы, алдыңғы зерттеулерді де жүргізген осылар. Солардың арқасында қазіргі нормалар: абаттандырылған баспана тұрғындары үшін жылына 2,6 текшеден бастап, «жеке сектор» үшін 2,9 текшеге дейін қолданыста. Енді Өтеғұлов бәрін теңестіруді ұсынып отыр. Өйткені Атыраудағы жеке сектор тұрғындарын коммуналдық жайлылықтан мақұрым емес деп есептейді.

- Литосфераның қатты қалдықтармен ластануы жерасты суларының ластануына әкеліп соғуы мүмкін. Осыған қарамастан қалдықтарды көму біздің елімізде ең кең таралған әдіс боп қалып отыр, - дейді Өтеғұлов. – Қазақстан аумағындағы қатты қалдықтарды көмуге арналған полигондар табиғат қорғау талаптарына сай келмейді және қоқыс тастайтын орын секілді сипатталуы мүмкін. Мұндай орындар алдын-ала гидрогеологиялық зерттеулер жасалмастан ұйымдастырылады. Бұл жерасты және жерүсті суларын қорғау бойынша дұрыс жобалау шешімдерін қамтамасыз етпейді.

Ал дамыған елдердің қалдықтарға қатысты саясаты рециклинг (қайталама қолдану) пайызын көбейтуге, көмуге жіберілетін қалдықтар санын азайтуға және залалсыздандырудың анағұрлым экологиялық қауіпсіз әдістерін қолдануға бағытталған.

Химия ғылымдарының кандидаты Өтеғұловтың айтуынша, қатты қалдықтарды тұтыну нормасы атыраулықтар үшін жыл сайын көбейетін болады. Ол табыс деңгейімен тікелей байланысты екен.

- Бұл зерттеу қоқыс өңдеу зауытын салу жоспарына ма әлде қолданыстағы тарифтердің өзгеруіне байланысты жасалып отыр ма, билік комментарий бермеді...

- Осы зерттеудің нәтижесінде тарифті қайта қарау ұсынысы жасалады деп ойлаймын. Қалай дегенмен де, қазіргі сіздегі тариф қаржылық шығындарға сай келмейді. Атырауда әзірге қоқысты жинау тарифі бар да, өңдеу тарифі жоқ. Дәлірек айтқанда, ол енгізілетін болады. Әйтпесе кәсіпорын шығынға ұшырайды. Алматыда, мәселен, тариф 436 теңге құрайды (Атырауда 120 З. Б.). Алдағы уақытта салынатын қоқыс өңдейтін кешен полигонға түсетін қалдықтар мөлшерін 25-30%-ға азайтуға мүмкіндік береді.

Бірақ бұл Атыраудың шағын қала екенін ескерсек, шығыны көп жоба. Ультразаманауи зауыт салуға қаланың күші жетпейді. Қазір сіздегі қоқыс орнына жылына 500 мыңдай текше метр, яғни 90 мың тоннадай қоқыс төгіледі. Қуаттылығы жылына 100 мың тоннадай болатын, металлдарды автоматты сұрыптайтын қоқыс сұрыптау стансасы қолайлы шешім болмақ. Бірақ қалған жағдайда бұл конвейерде қолдан сұрыпталатын болады.

- Бұл заманауи технология ма?

- Иә. Алматы мен Астанада да осындай, итальяндық және неміс жабдықтарымен жұмыс жасайды, ал желінің өзі Испаниядан.

Қалдықтарды ауладағы жинағыштарда уақытша сақтау кезінде 3-күн өткенде атмосфералық ауаға қалдықтардың аэробты ыдырау өнімдері – толуол, этилбензол, ксилол бөлінеді. Қалдықтарды контейнерлерде өртеген кезде атмосфералық ауаға шекті рұқсат етілген концентрациядан (ШРК) жүздеген есе асып кететін уытты қосылыстар - 550 мг/м3 СО (ШРК 3 мг/м3); 150 мг/м3 S02 (ШРК 0,05мг/м3); 14 нг/м3 диоксиндер (ШРК 0,1 нг/м3) тарайды.

- Мұндай зауыт бізге қаншаға....

- Егер ТЭН бойынша жұмыстарға тапсырыс берсе, біз есептеп, цифрларды айтамыз, ал былайша қиын. Бірақ бұл бар болғаны желі ғой, биліктің басты міндеті – өңдеушілерді табу. Алматы зауытының құны жылына 450 мың тонна көлеммен 30 млн доллар тұрған еді. Алайда жеке тұлға салған зауыт өз өндірісіне тұтқын болды: желі пластик өңдейтін цехқа жалғанған болатын.

- Ал сіз неліктен зауыт туралы өткен шақпен әңгімелеп отырсыз?

- Қазір зауыт тоқтап тұр. Ол 2009 жылдың аяғында іске қосылғанда сол кездегі Алматы әкімі тарифтер көтеріледі деп уәде берген еді. Бірақ ол кейін Астанаға кетіп қалды, ал жаңа әкім тәуекел ете алмай, айырмашылық үшін қалалық бюджет арқылы демеуқаржы бөлуге депутаттарды көндірді. Құрылыс бойынша қарыздарды қайтаруға бірінші жылы қала 1 млрд теңгедей бөлді. Екінші жылы депутаттар бас тартты: сомаға қаланың дәрмені жетпейтін боп шықты. Бірақ тарифтерді де көтермеді. Нәтижесінде зауыт тоқтап қалды. Қазір бұрынғы директор мен әкімдік арасында дау-шар жүріп жатыр. Ал қоқыс Атыраудағы секілді қоқыс орнына шығарылуда.

 

ТАМАҚ ҚАЛДЫҚТАРЫ - БИОКОМПОСТҚА

- Негізінде қоқысты «терең өңдеу» пайызы қандай?

- Жалпы 60 пайыздайын қайталап пайдалануға болды. Сауда кәсіпорындарынан (базарлардан, дүңгіршіктерден, дүкендерден), мейрамхана-кафелерден, қонақ үйлерден, мекемелерден қатты қалдықтар көлемінің 75 пайызы жеткілікті түрде жақсы сұрыпталып, қайталама өңдеуге жіберілуі мүмкін. Бұл жерде макулатура, шынылар, пластик, полиэтилен, түсті металдар негізгі құрамдастар боп табылады. Бастысы – өңдеушілерді табу.

- Ал тез бұзылатын ылғалды ауыр компоненттері бар тамақ қалдықтарына қатысты қалай болмақ? 

- Біз қалдықтардың органикалық бөлігін биокомпостқа өңдеуді ұсынамыз. Мұндай тәжірибе Алматыда да бар. Бастысы – халықты қоқысты бөлу мәдениетіне дағдыландыру керек.

- Бірақ 100 емес, 60 пайызын.

- «Қалғаны» деп аталатын қоқыстар сол алматылық зауытта бүкіл сұйықтықты сығып шығаратын қуатты қысыммен текшеленіп, полигонға шығарылатын. Үлдірге оралған олар мәңгі сақталу үшін қатталатын еді. Осындай күйде олар жүздеген жылдар бойына бұзылмайды. Адамзат бұдан басқа әзірге ештеңе ойлап тапқан жоқ. Дегенмен бұл қазір Атыраудағы қатты тұрмыстық қалдықтарға қатысты жағдайға қарағанда қоршаған орта мен біздің денсаулығымыз үшін анағұрлым жақсы әдіс.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

17 қазан 2012, 21:41

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.