Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердымухамедов Каспий маңы елдерінің ғалымдары жұмыс істейтін "Каспийдің инновациялық қаласы" орталығын салуды ұсынды. Ол бұл жайында Түрікменстандағы бірінші Каспий экономикалық форумында мәлімдеді.
Түрікменстан басшысы БАҚ-та қазасы туралы хабар тарағалы бері алғаш рет ірі қоғамдық шараға қатысты. Ол форумда Каспий өңірінің логистикалық орталығын құруды ұсынып, өңір елдерінің заманауи порттық инфрақұрылым салуы қажеттігін мәлімдеді, деп жазады РИА Новости.
"Каспий өңірінің логистикалық орталығын құру туралы идеяға қайта оралғым келеді. Бұл құрылым Азия мен Еуропаны байланыстыратын жаңа транзиттік-көліктік дәліздерді тиімді пайдаланудағы біздің ортақ қызметімізді үйлестіретін болады", - деді ол.
Бердымухамедов өңірдің ғалымдары бірлесіп инновациялық ынтымақтастық модельдерін ойлап табатын "Каспий инновациялық қаласы" халықаралық инновациялық-технологиялық орталығын құруды ұсынды.
Бірінші Каспий экономикалық форумы Түрікменстандағы Аваза демалыс орнында өтіп жатыр. Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Иран және Түрікменстан мемлекет басшылары Каспийдің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойғаннан кейін бір жыл өткен соң бес елдің делегациясы қайта бас қосты.
Қазақстан делегациясын премьер-министр Асқар Мамин бастап барған.
Каспийдегі ірі жобалар бес елдің мамандарының қатысуымен экологиялық сараптамадан өтуі тиіс, деп санайды Ресейдің премьер-министрі Дмитрий Медведев.
"Каспий теңізіндегі барлық ірі жоба мұқият әрі әділ экологиялық сараптамадан өтуі тиіс деп білемін. Енді оны өткізу жеңілдей түседі", - деді Ресей премьері, деп жазады РИА Новости.
Форумда Астрахань облысының губернаторы міндетін уақытша орындаушы Игорь Бабушкин Атырауға тікелей ұшу туралы идеяны қолдауды сұрады.
"Біз Қазақстанның Ақтау қаласы мен Бакуге тікелей ұшу бойынша жұмысты реттеген соң іскерлік байланыс артты. Астрахань – Ашхабад, Астрахань – Тегеран, Астрахань – Атырау тұрақты рейстерін ашуды ұсынамын", - деді ол.
Каспий маңындағы бес елдің президенттері 2018 жылдың 12 тамызында Ақтауда Каспийдің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойды.
Қазақстан, Ресей, Иран, Түрікменстан және Әзербайжан мемлекет басшыларының келісімі бойынша, Каспий теңізі бетінің негізгі ауданын бес мемлекет ортақ пайдаланады. Ал теңіздің түбі мен қойнауын халықаралық құқық негізінде көршілес елдер бөліп алды.
Дереккөз: Sputniknews.kz