Атырау, 29 желтоқсан 16:25
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -3
$ 521.81
€ 543.67
₽ 5.05

Соңғы батыр

3 487 просмотра

Сәді ДүйсенбековМарапаттау қағазынан: «1945 жылы 17 сәуірде кіші сержант Сәді ДҮЙСЕНБЕКОВ құрамында болған Т-34 танк экипажы Берлинге ең бірінші болып кіріп, фашистердің танкіге қарсы 2 қару құралын жойған. Танк қаланың басты екі көшесін басып алып, қосымша күш келгенше оқ пен оттың арасында ұстап тұрған. 1 мамырда жаудың 8 танкісін отқа орап, баррикаданы бұзып, 50 фашисті өлтірген. Берлиннің орталығына шығып, 115 тұтқынды қолға түсірген».

Осы ерліктері үшін Сәді Дүйсенбеков Кеңес Одағы Батыры атағына ұсынылып, 1-ші танктың рота командирі, аға лейтенант ЧЕРНЫШЕВ,6-шы Варшава танк полкінің командирі, майор ВОРТОВСКИЙ қол қойған. Наградаға ұсынған бұл парақша талай сүзгіден өтіп, Командирлер корпусының және Армия әскери Кеңесінің қорытынды құжаттарында С.Дүйсенбеков Кеңес Одағының Батыры атағына лайық деп танылған. Бұл құжатқа Кеңес Одағының Батыры, генерал-полковник С.БОГДАНОВ, Армия әскери Кеңесінің мүшесі, генерал-майор П.ЛАТЫШЕВ қол қойыпты. Бірақ, батырдың қолына Батыр атағы жұлдызы тимей қалды...

- Әкем шындық бір күні ашылып, әділеттілік орнайды  деп ұзақ күтті. Бірақ ол күнді де көре алмай кетті, - деп мұңая әңгімеледі марқұм Сәді қарттың кенже қызы Нұртүскен ДҮЙСЕНБЕКОВА.

 

ЖЫЛЫОЙ СОЛДАТЫ

Сәді 1922 жылдың 15 қаңтарында Гурьев облысы Жылықосын ауданында (қазіргі Жылыой ауданы) Дүйсенбек пен Қындаштың көпбалалы отбасында дүниеге келген. Мектеп бітірген соң колхозда жұмыс істеді.

1942 жылы 20 жастағы С.Дүйсенбеков майданға аттанады. Танк әскерінде қызмет етті, үнемі ұрыстың алғы шебінде жүретін. 1947 жылы Сәді соғыстан оралғанда кеудесінде 2 «Қызыл жұлдыз», «Қызыл ту», «III дәрежелі Даңқ» ордендеріжарқырап тұрды.

- Кейін әкемнің соғыста алған жарақаты сыр бере бастады. Әуелі бір көзі көрмей қалды, одан кейін мүлдем соқыр болып қалды. Әкем көзі тірісінде соғысқа қатысқанын бұлдап, ешкімнің алдына бармады. Жылыой ауданына қарасты Сарықамыс ауылында тұру қиын болғасын Құлсарыдан үй сұрап, 3 бөлмелі пәтерге қол жеткізді. Бұдан 7 жыл бұрын қаладағы көшеге әкемнің есімі берілді, - деп әңгімелейді Нұртүскен Дүйсенбекова. – Енді біз әділдік орнатқымыз келеді. Әкемізге Кеңес Одағының Батыры атағын алып беруге қол жеткізсек дейміз.

 

ТАНК ЭКИПАЖЫ

Сәді сол жақта біріншіСоғыстан соң Сәді құрамында болған танк экипажының мүшелері ұзақ уақыт бір-бірінен хабар алыспады. Майдандастар байланыс үзіп қалғанымен түбі бір кездесу болатынын білетін. Сонау сұрапыл шайқастарда «соғыста аман қалсақ, кездесеміз» деп бекер айтпайтын. Және 1985 жылы Сарықамыстағы үйіне күтпеген жерден майдандас достары Иван КЛИМЕНКО, Борис ВАСИЛЕНКО кіріп келгенде, Сәді қарттың қуанышында шек болмады. 40 жылдан кейін кездескен қанды көйлек жолдастар мол дастархан басында ұзақ отырып әңгімелесті, еске түсірді, жылап та алды.

- Кейін олар хат жазысып тұрды. 1990 жылы Клименко мен Василенко әкемді Одессаға қонаққа шақырды. Ол қуана келісті, - деп еске алады Сәді қарттың қызы Гүлбибі. - Әкем: «Олар жәй достар емес,  менімен бірге қиын-қыстау кездерде бірге болды, ал ондай  достардың орны тіптен бөлек – бір төбе» деп құрмет тұтып отыратын.

Бірақ, сол Одессада Сәдінің аяқ астынан асқазанындағы жарасы асқынып кетіп, көз жұмады. Достар Сәдіні еліне әкеліп жерлеуге көмектеседі. Бұдан кейін, өкінішке орай, әкесінің достарымен байланыс үзіліп қалған.

Әділдік орнатпаққа қол жеткізу үшін Сәді Дүйсенбековтың туған-туыстары қазір барлық қорғаныс министрлігіне құжаттарын тапсырды. Оларға Жылыой аудандық әскери комиссары Дастан ТІЛЕУОВ те өз тарапынан көмектесетініне уәде етті.

 

«АЖ» АНЫҚТАМАСЫ: Екінші дүниежізілік соғыста 98 қазақ жауынгері Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Кейін батырлар саны103 адамға дейін өсті.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

17 қазан 2012, 20:45

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.