Атырау, 29 желтоқсан 17:13
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -3
$ 521.81
€ 543.67
₽ 5.05

Ауруханаға да «еңбек сіңіріп» жатасың

3 269 просмотра

Редакцияға денсаулығының ауыр жағдайына қарамастан ауруханада жатып емделуде кедергілерге ұрынған адамдар бірнеше рет хабарласты. Ауруханаға орналаса алмауларына басты себеп - қабылдау бөлімінде отырғандар келген науқастардан госпитальдау бюросынан арнаулы жолдаманы алып келуді талап етіп отыр. 

«ҚАБЫЛДАУ БӨЛІМІНДЕ ӨЛІП КЕТЕ ЖАЗДАДЫМ»

Исатай ауданының тұрғыны Қатимолла аға облыстық ауруханаға тек екінші келгеннен кейін ғана орналасты. Ол бір кездері медицина мекемелерінің бірінен жұқтырған жұқпалы С гепатитінен пайда болған бауыр циррозымен ауырады. Оған қоса созылмалы  калькулезді холециститі бар. Қыркүйек айының ортасында оның жағдайы бірден нашарлап кетті, тынысын тарылтатын ұстамалар мазалай бастады, ісік пайда болып, іші қатты кеуіп кетті. Селолық терапевт-дәрігер науқасты ауылдық стационарда қалдыру мүмкін емес деп, түнде облыстық ауруханаға әкелді. Кезекші дәрігер қарағаннан кейін оларды госпитальдау бюросынан өздерімен бірге жолдама алып келу керек деп кері қайтарып жіберген.

- Сол күндері демалыс тап келіп, біз қажетті деген қағаздарды рәсімдей алмадық. Күні бойына селолық дәрігер менің қасымда болды, ал кешке қарай жағдайым мүлдем нашарлай бастады. Ол мені тағы да ауруханаға апарды. Бір кездері мен осы ауруханада емделгенмін, бақытыма қарай мені бұл жолы жағдайымды білетін дәрігер келіп қарады. Госпитальдау бюросы арқылы қағаздар рәсімделгенге дейін қабылдау бөлімінде жаттым. Сол уақыт ішінде мені ауру қатты қысты. Қабылдау бөлмесінде өліп кетермін-ау деп ойладым. Жалпы аурухананың жедел тәртібі кім үшін керек? - дейді ренжіген Қатимолла аға.  

 

«ДӘРІГЕР НАУҚАСТЫҢ ЫҒЫНА ЖЫҒЫЛДЫ»

Мұндай мысалдар аз емес. Біз дәрігерлердің өздерінен жаңа ереже бойынша қандай жағдайлар жедел деп есептеледі және ауыр диагнозы бар науқастарды жедел ауруханаға орналастырудан неліктен бас тартады деген сауалдарымызға түсінік беруді өтіндік. Облыстық аурухананың бас дәрігері Мұрат ҚҰЛБАСОВТЫҢ қолы қойылған жауап алдық: «Науқас Қ.У. 16 қыркүйекте түнгі сағат екіде селолық амбулаториялық емхана қызметінің  учаскелік дәрігерінің жолдамасымен облыстық аурухананың қабылдау бөлімінің кезекші хирург-дәрігеріне «жедел іш ауруы» диагнозымен  келіп түскен. Тексеру барысында жедел хирургиялық белгілер анықталмаған. Қабылдау бөлмесінде науқасты дәрігер-терапевт те тексеріп шықты. Ол науқастың ауыр жағдайы бауыр циррозы клиникасына негізделген деген шешімге келді. «Вирусты В,С гепатиті салдарынан болған бауыр циррозының ең соңғы сатысы» деген диагнозбен науқасқа госпитальдау  бюросының порталы арқылы жоспарлы тәртіппен гастроэнтерологиялық бөлімшеде стационарлық емдеуден өтуге жіберілді. Науқас тұрғылықты мекен-жайы бойынша емханаға шағын тексеруден өтуге жіберілді  және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің №492 бұйрығына сәйкес құжаттарды рәсімдеуіне кеңес берілді, - дейді жауапта. – 2006 жылы ол облыстық аурухананың урология бөлімінде несеп жолдарының тас ауруы тесілуі (перфорация) бойынша несеп қабынуы сигментінің пластикалық отасын жасатты. Келесі түні учаскелік дәрігердің жолдамасымен науқас тағы да облыстық ауруханаға «несеп-тас ауруы, калькулезді пиелонефрит» диагнозымен қайта келді. УЗД аппаратында бүйректі және экскреторлық урографияны тексеру барысында бүйректе тас табылған жоқ, демек, несеп-тас ауруы жоқ болып шықты. «Созылмалы оң жақ пиелонефриттің латентті асқынуы» диагнозымен туысқандарының қолқалауымен науқас урологиялық бөлімге жатқызылды, алайда, бұл жерде шұғыл  ауруханаға жататындай  белгілер болмаған, яғни, бұл жіберілген кемшілік болып табылады. ҚР ДСМ «госпитальдау  бюросының порталы туралы»  №492 бұйрығының талаптарына сәйкес, селолық учаскелік дәрігердің әрекеті әу-бастан дұрыс болған жоқ. Науқастың созылмалы сырқатының бар екендігін біле тұра және жағдайының нашарлауы бауыр циррозы клиникасына негізделгендігіне қарамастан дәрігер науқастың және туысқандарының ығына жығылып, олардың қалауымен науқасты облыстық ауруханаға «өткір іш ауруы» диагнозымен (бұл диагноз емес, синдром) жіберген. Селолық дәрігердің үстінен ақаулық актісі рәсімделіп, облыстық денсаулық сақтау басқармасына жолданды».

 

АУРУХАНАҒА ПОРТАЛ АРҚЫЛЫ ОРНАЛАСАДЫ

Дәрігерлер әрмен қарай созылмалы сырқаттардың мұндай асқынулары шұғыл жағдайларға жатпайды деп түсіндірді. Сондай-ақ, инсульт, өткір соқыр ішек, пышақ жарақаттарымен келген, түсік тастаған және басқа  да түрлі шұғыл қан кету бойынша келген науқастар ешқандай анализ және жолдамасыз қабылданады. Мұндайда жедел жәрдеммен немесе басқа да кез келген көлікпен келгеніне қарамастан  науқасты  қабылдап, жансақтау бөліміне жібереді. Ал қалған жағдайларда науқастар тек жолдама бойынша қабылданады. Бұл құжатты тұрғылықты мекен-жайы бойынша рәсімдейді. Ауруханаға жатқызу жөніндегі шешімді медициналық көрсеткіштерінің негізінде емдеу дәрігері  бөлім меңгерушісімен немесе бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасарымен бірлесе отырып қабылдайды. Бұл шешім міндетті түрде амбулаториялық науқастың медициналық кәртішкесіне тіркеледі және Денсаулық сақтау министрлігінің 13.05.2010 жылғы №336 бұйрығына сәйкес, еліміздің барлық аумағына 2010 жылдың 1 шілдесінен басталған госпитальдау бюросының порталына енгізіледі. Егер бұрын науқас анализдерін ауруханаға келгеннен кейін тапсыратын болса, енді тексеруден ауруханаға жатқанға дейін өтулері керек. Міндетті түрде жалпы қан, жалпы несеп анализі тапсырылуы тиіс, кеуде клеткасының флюорографиясынан, ЭКГ өтуі керек. Егер әңгіме жоспарлы операция туралы болса, онда кардиологтың кеңесі қажет және қанның қоюлылығы, қандағы қант құрамы, қанның биохимиялық анализі, УЗД-ге түсу талап етіледі. Травматологиялық науқастарға рентгеннен өту керек болады. Ауруханаға емделуші өзімен бірге жеке бас куәлігін, құжаттарының көшірмесін, амбулаториялық кәртішкесін,  госпитальдау порталының жолдамасын  және «Жоспарлы госпитальдауға талоны» болуы тиіс. 

Тексеруден өту процесі дәрігерлердің айтуынша, 2 күнді алады. Емделушіні госпитальдаудан мына себептерге байланысты бас тарта алады: тексеруден өтпеген болса; стационарда жоспарлы госпитальдауға ауру белгілерінің түрі сәйкес болмауы; стационарға госпитальдау кезінде медициналық қарсы көрсетілімдердің болуы; егер емделуші госпитальдаудан жазбаша түрде бас тартса немесе жай ғана стационарға белгіленген күні келмей қалған жағдайда.

 

ОНДА БӘРІ ЖАЗЫЛҒАН

Дәрігерлердің өздері ешкімге ешқандай себепсіз көмек беруден бас тарта алмаймыз деп сендіреді. Денсаулық сақтаудың бірыңғай ұлттық жүйесі енгізілгелі бері әрбір стационарлық науқас – ауруханаға ақша түсіреді. Олар неғұрлым көп болса, сонша көп ақша деген сөз. Емделушілер өз облыстарының аумағымен шектеліп қана қоймай, басқа да  стационарды таңдалады. Атырау тұрғындары көршілес Ақтөбеге немесе Алматы мен Астанадағы республикалық деңгейдегі клиникаларға бара алады. Бірақ, стационарға дейінгі және одан кері қайтып келу жолдарын өз қалталарынан төлеуге тиісті. Жеңілдіктер тек аса қиын жағдайларда ғана, яғни, денсаулық сақтау басқармасы арқылы квота берілген кезде жоғары мамандандырылған көмектер ұсынылады. Басқа аймақтардан ем алу да госпитальдау бюросының порталы арқылы  жүргізіледі. Онда бүкіл ел бойынша стационардағы төсек саны және біліктілігі туралы жалпы ақпарат бар. Егер емделуші таңдап алған стационарда бос орын болмаса, онда ол кезегін күту бетшесіне қойылады. Бос орын болған кезде кезегін күту бетшесінде госпитальдау нөмірі қойылады. Таңдап алынған аурухана науқасты қабылдауға дайын екендігін растауға тиісті. Мемлекеттік тегін медициналық көмек көлеміне мемлекеттік бағдарламаның кодын беруі тиіс және госпитальдау талонын растайды. Бұл жағдайда емделу үшін қажетті клиникалық-диагностикалық, аспапты және рентгенологиялық тексеру, кәсіби мамандардың кеңестері толық көлемде жүргізіледі.  

 

ОРЫНДАУ ЖӘНЕ АСЫРА ОРЫНДАУ

Әрбір аурухананың медициналық көмек көлеміне есептелген өздерінің жылдық жоспары бар. Мәселен, облыстық аурухана бір жылда 16 892 адамды емдеуге тиісті. Жоспар түрлі бұйрықтарға негізделген төсек айналымының арнаулы сызбасы бойынша есептеледі. Айталық, сызба бойынша науқас гемотологиялық бөлімшеде 15 күн, хирургияда – 7,  гинекология бөлімінде – 5  күн болуы тиіс. Осы аталмыш бөлімшелердегі төсек саны алынады да осы бөлімдер арқылы бір жыл ішінде қанша пациент болатындығы есептеледі. Міне, осылайша аурухананың жылдық жоспары шамамен шығарылады. Әдетте, өмірде бәрі ойлағандай болмайды, түрлі  өзгерістер болуы мүмкін. Кейбір науқастарға барынша ұзақ уақыт емделуге тура келеді және олар стационарда күткендегіден артық  жатып қалуы мүмкін. Басқалары болса, керісінше, денсаулығы жақсарып, уақытынан бұрын шығып жатады. Кез келген жағдайда барлық мәліметтер ауруханаға қаржы бөлетін медициналық қызмет ақысын төлеу жөніндегі комитетке  жолданады. Демек, науқастардың лимиттерін аурухана өзінің жылдық жоспарын орындаса да бітіре алмайды. Госпитальдауды қажет ететін науқасты бәрібір госпитальдау бюросының порталына есепке алу бетшесіне енгізеді.

 

«АЖ» АНЫҚТАМАСЫ: Республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығының мәліметтері бойынша 2012 жылдың  8 айында «Госпитальдау бюросы» порталының қызметін 614  мың адам қолданды. Жолдама алған емделушілердің жалпы көлемінің 87,8 пайызы жоспарлы тәртіп бойынша ауруханаға орналастырылды. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4,1 пайызға жоғары. Аймақтар ішінде госпиталдаудың жоғары үлесті салмағы, яғни, 96 пайызы Жамбыл, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында байқалады. Қазақстандықтардың  84,9 пайызы өз аймақтарындағы  клиникалардың қызметін, емделушілердің 13,4 пайызы республикалық деңгейдегі клиникалардың қызметін қолданды.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

17 қазан 2012, 20:30

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.