Атырау, 25 қараша 00:53
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Аралдардағы күзгі серуен

3 536 просмотра

Қашаған. D аралы

Қашаған кенішінен алғашқы мұнайды өндіруге санаулы айлар қалды (соңғы мәлімдемелер бойынша – 2013 жылдың наурызы). Бұл мұнайды жер бетінен теңіз түбінен 4200 метр төмен тереңдік және кеніштегі жоғарғы қысым мен құрамында күкірті көп газ бөліп тұр.

НЕ? ҚАЙДА? ҚАШАН?

Дүние жүзіндегі ірі мұнай кеніштерінің бірі - Қашағандағы тәжірибелік-өнеркәсіптік жобалау (1-кезең) бойынша нысандардың дайындығы 92 пайызды құрайды. Алғашқы мұнай өндіруді бастау үшін қажетті 1-кезең шеңберінде 1-ші және 2-ші кезектегі жұмыстар 97 пайызға аяқталды, деп мәлімдеді жоба операторы NСОС Қашаған кеніші мен «Болашақ» зауытына жасалған екі күндік (11-12 қазанда) баспасөз турының барысында.

Алдымен консорциум кеңсесінен хабардар болған жайттар туралы айтып өтелік.

NCOC директорының сыртқы байланыс жөніндегі орынбасары Ерболат ОСПАНОВТЫҢ (суретте) айтуынша, 1-ші және 2-ші кезектегі мұнай өндірудің бастапқы кезеңінде орташа алғанда, тәулігіне 300 мың баррель көлемінде мұнай өндіру жоспарланған. Менеджерлер Қашаған мұнайын тауарлық күйге жеткізуге арналған жаңа «Болашақ» зауыты жұмысындағы бастапқы кезеңде сөзсіз орын алатын ақаулар мен кідірістер салдарынан 2013 жылы бұл деңгейге шығу неғайбыл екенін жасырмады. Қашаған мұнайының тұрба құбыры арқылы D аралынан «Болашаққа» дейін жету уақыты 8-10 сағатты құрайды. Технологиялық процестерді реттеу үшін зауытты толығымен тоқтатуға 10-14 күн қажет.       

1-кезеңде номиналдық  қуаттылық тәулігіне 370 мың баррельді құрайды. Шикі газды жер қабатына айдау жобасы басталғаннан кейін тәулігіне 450 мың баррель болатын толықтай өндірістік қуаттылықпен шығу жоспарланып отыр.

Бүгінгі күні А мен D жасанды аралдарында және серіктес аралдарда әрбіреуі 4-5 шақырым тереңдіктегі 41 пайдалану ұңғымалары бұрғыланды. Барлық бұрғыланған ұңғымалардың ұзындығы200 мың метрді құрайды.

Консорциум таратқан ақпаратқа сәйкес, тәжірибелік-өнеркәсіптік жобалау кезеңінде 40 ұңғыма жұмылдырылатын болады: А (8) мен D (12) аралында 20 ұңғыма және ЕРС аралдарында (мұндай атаудағы аралдар үшеу) 20 ұңғыма. 6 айдан кейін D аралындағы 4 өндіруші ұңғыма айдау режиміне (шикі газды жер қабатына айдау) ауыстырылатын болады. А аралындағы 6 ұңғымадан алғашқы мұнай өндіруді бастайды. Бұл жерден мұнай тұрба құбыры арқылы D аралына жеткізілмек. Бұл кезеңде D аралындағы ұңғымалар әзірге пайдаланылмайды.  

БАСТЫ АРАЛ

Жан Карло РУИ Екі күндік баспасөз турындағы алғашқы аяқ басатын жеріміз -бұрғыланатын А аралы болды. Бүкіл нысандар құрылысының аяқталғандығы жұмысшылардың аздығынан және құрылыс жұмыстарының іздері жоқтығынан байқалып тұрды. Аралдарды аралатып экскурсия жүргізіп жүрген теңіз кешенінің құрылыс учаскесінің менеджері Жан Карло РУИ хабарлағандай, қазіргі кезде іске қосу-реттеу және нысандарды пайдалану тобына беру процестері жүріп жатыр екен. А аралы шағын екен, біз оны 20 минут ішінде аралап шықтық. Руидің айтуынша, барлық 8 ұңғыманың бәрі өндіруге дайын көрінеді, ал оған дейін тығыздалып ауа кірмейтіндей етіп жабылған. Алғашқы 6 ұңғымадағы мұнай көміртекті болаттан жасалған екі 18 дюймдік және бір тестілік (10 дюймдік) тұрба құбырларынан D аралына жіберілетін болады. Бұл жерге мұнайды ілеспе компоненттерден бастапқы ажырату үшін барлық аралдардан мұнай ағылмақ. 

Бұл жерден шикі мұнай мен газ көміртекті болаттан жасалған 28 дюймдік суасты тұрба құбыры арқылы «Болашақ» зауытына тасымалданады. «Болашақтан» үшінші тұрба құбыры арқылы теңіз кешенін энергиямен қамтуға арналған тазартылған отын газы кері келетін болады. Әзірге осы мақсаттар үшін А аралында күн батареялары қолданылуда.

Руидің айтуынша, А аралын қосқанда серіктес аралдардағы мұнай өндіру процесі толықтай автоматтандырылмақ, яғни оларға бірде-бір адам жауап бермейді. Ал технологиялық процестер D аралынан басқарылатын болады (аралдар негізгі D аралымен оптикалық-талшықты желілермен жалғанған). Негізгі аралда вахта кезінде 240 адамға дейін болады. Руи құрылыс кезеңінде, әсіресе, қысқы уақытта көптеген қиындықтар туғызған біздің қатал әрі континентальды климатымызға қынжылыс білдірді.   

 

НАУРЫЗҒА ДЕЙІН ҮЛГЕРЕ МЕ?

D аралына басқа аралдардан келетін тұрба құбырларыD аралы – біріншісінен әлденеше есе үлкен, көлемі 1,7х1,2 шақырым. Өткен жылмен салыстырғанда, бұл жерде ілгері басушылық байқалып тұр. Алайда, Руидің айтуынша, дайындық тұрғысында D аралы А аралынан бірнеше айға қалыс қалған. Жұмыстарды аяқтау үшін 2013 жылдың бірер айы қажет екен. Бұл Тимур ҚҰЛЫБАЕВТЫҢ алғашқы мұнай өндіру мерзімі келесі жылдың наурызында болады деп айтқан уақытына күмән келтіріп отыр.

Құрылыстың қарбалас кезеңінде D аралында 6,5 мыңнан астам жұмысшы қызмет істеген. Ал бүгіндегі жұмысшылар саны 5 мыңнан төмен. Олардың саны үздіксіз азайып келеді.

Түскі үзіліс кезінде екі аралда да (А және D) «Kazmunai» деген жазуы бар  маман киімін киген үнділік жұмысшылардың өте көп екендігіне көз жеткіздім.

Өткен жолғы сапарымнан айырмашылығы - қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері көбейіпті. Олар модульдер арасындағы әрбір өткелде тұрды.

Аралды оңтүстік және солтүстік бөлікке шартты түрде бөлуге болады. Біріншісінде технологиялық бөлік: мұнайды сепарациялау (ажырату), газды дегидратациялау қондырғылары және газды лезде буландыру модульдері шоғырланған.Солтүстікте инженерлік қамту аймағы: энергиямен жарақтау, апаттық генератор модульдері және т.б. орналасқан. Бұл жерде тұрғын блоктар, кеңселер мен аппарат орынжайы бар. Аппарат орынжайына D аралының жүрегі – басқару тетігі қойылған. Онымен таяу болашақта теңіз кешеніндегі барлық операциялар басқарылатын болады. Бүгінде басқару тетігінде 4 оператор (2 қазақстандық, 2 шетелдік) жұмыс істейді. Алайда болашақта бұл жерде тек ұлттық кадрлар ғана отыратын болады.

Аралдың батыс бөлігінде шикі газды жер қабатына кері айдайтын 2 модуль, шығысында – тұрба құбырларын қабылдайтын көтерілмелі арал орналасқан. Аралда барлығы 12 модуль бар.

Айтпақшы, көтерілмелі аралға жақындаған кезде күкіртсутектің иісін сездік. Иіс жақындаған сайын күшейе берді. Оның қайдан шығып жатқанын сұрағанда дренаждық құдықтарға жиналған жаңбыр суынан осындай иіс шығатындығын айтты. Уақыт өткеннен кейін бұл су тазарту үшін Баутинге әкетіледі екен. Бұдан басқа, бұл жерде бұрын бұрғылау станоктары болыпты. Оларды бөлшектегеннен кейін құдық түбінде қалдықтардың бір бөлігі, соның ішінде бұрғылау шламдары қалып қойғандығын аңғардық.

 

АТЫРАУДЫ ҚОРҒАУ –НЕГІЗГІ МІНДЕТ

А аралыМұнай төгіндісіне әрекет ету жоспарлары мен сценарийлері журналистердің аса қызығушылығын тудырды. Талғат есімді қазақстандық қызметкер апат бола қалған жағдайда жұмысшылардың қауіпсіздігі қалай болмақ деген сұраққа шынайы жауап берді. Ережеге сәйкес, апатты жою тобы мұнай дағының беткі қабатынан аса қауіпті газдар: меркаптан мен күкіртсутек ұшып кетпейінше күтеді екен. Журналистер күткен уақыт ішінде қандай жағдай орын алуы мүмкін екенін елестетіп, үрпиісіп қалды. Өйткені ілеспе газдары бар мұнай дағы санаулы сағаттарда Жайық өзенінің сағасына жетуі мүмкін. Ал ол жерге Атырауды қосқанда елді мекендер тас лақтырымдай жерде тиіп тұр.

Мұнай төгіндісінің солтүстік бағытқа жайылуына кедергі болу – Солтүстік Каспий мұнай төгіндісіне экологиялық әрекет ету базасының (СКЭӘБ) басты міндеті боп табылады. Қазіргі уақытта база үшін канал салынып жатыр.

NCOC-тағылар 1-2 дәрежеде мұнай төгілген жағдайда Баутиндегі осындай базаға қарағанда СКЭӘБ-тен көмек тез келетінін жасырмады. Алайда қазақстандық тарап пен консорциум арасында базаны жалға алу жөніндегі келіссөздер әлі жүріп жатқаны белгілі.

 

КҮКІРТ ШАҢ ШЫҒАРМАЙДЫ

Баспасөз турының екінші күнінде біз Қарабатандағы «Болашақ» зауытына аяқ бастық. Ол жерге Қашаған мұнайы жеткізілетін болады. Құрлық кешені нысандары бойынша жоба менеджері Лука МОРИДІҢ айтуынша, зауыт 99 пайызға дайын: құрылыс толықтай, ал іске қосуды реттеу процесі 85 пайызға аяқталған.

Зауыттың бірінші кезегін биылғы жылдың қараша айында сынақтан өткізу жоспарланыпты. Алдымен қысыммен, ал содан кейін көмірсутек арқылы байқап көрмек. Екінші кезекті 2013 жылы сынақтан өткізеді.

– Біз тазартылмаған көмірсутектердің бүкіл осынау қоспаларын қабылдауға дайын болуға тиіспіз, - деді Мори қам көңілмен.

Естеріңізге салсақ, Атырау «Болашақтан» бар болғаны 35 шақырым қашықтықта орналасқан. Теңіз жобасы секілді журналистерді күкірт мәселесі қызықтырды. Моридің айтуынша, мұнай өндіру басталғаннан кейін зауыт тәулігіне 3,8 мың тонна немесе жылына 1 млн тоннадан астам күкірт өндіреді екен. Компанияның 4 млн тонна күкірт сақтауға рұқсаты бар көрінеді.

Қазір зауыт аумағында 6 күкірт картасы салынған. Естеріңізге салсақ, Теңізден айырмашылығы, Қарабатанда күкірт бекітілген күйде сақталмақ. Ол үстіңгі және астыңғы жағына бірнеше топырақ пен геомембрана қабаттары салынған ағаш жәшіктерге құйылатын болады.

Л.Моридің айтуынша, егер Теңізде күкіртті уату процесінде шаң көтерілсе, Қарабатанда бұл басқаша жолмен жүзеге асырылады екен. Күкіртті жәшіктен шығарып, сұйық күйге түсіріп ерітеді де, одан текшелер дайындап, экспорттауға жібереді.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

Суретті түсірген автор

17 қазан 2012, 18:56

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.