Атырау, 23 желтоқсан 12:08
 ашықВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Жайықтың жайы жанға батып тұр

Сурет
7 752 просмотра


Ақ Жайығымыз үшін алаңдаушылық туып отыр – балығымыз қырылып, жойылып жатыр, арна лайланып, тайызданып барады. Әлеуметтік желілерде бір адамның Махамбеттегі көпір жанында өзеннің тайызданған қақ ортасын кешіп жүргені түсірілген бейнежазба пайда болды...


Жақында Орал қаласында өзен бассейнінің проблемалары туралы семинар өтті. Біз семинар жұмысына қатысқан «Су бастамалары орталығы» қоғамдық қорының сарапшысы Мейрам АРЫСТАНОВПЕН (суретте) әңгімелескен едік.



ТАЙЫЗДАНҒАНЫН КӨРІП ОТЫРМЫЗ, БІРАҚ СЕБЕБІН БІЛМЕЙМІЗ

- 2016 жылы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасында Жайық өзенінің экожүйесін сақтау туралы келісімге қол қойылды. Өткен жылы Мәскеуде комиссияның алғашқы отырысы өтті. Оның аясында «өзеннің экожүйесін сақтау бойынша институционалды экономикалық тетіктерді жетілдіру туралы» семинар өткізу жөнінде шешім қабылданған жұмыс жоспары бекітілді. Орал қаласындағы бұл семинарға өңір басшылары, ҚР Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, ғалымдар, ұлттық және халықаралық сарапшылар қатысып, Ресей Федерациясының өкілдері шақырылды.

Ұлттық сарапшылар Ресей және Қазақстан аумағындағы экожүйенің қазіргі жағдайымен таныстырды. Ал халықаралық сарапшылар барлық ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізетін тұрақты орган ретінде институт құруды ұсынды. Ең алдымен, біз өзеннің экожүйесінің нашарлау себептерін анықтауымыз керек. Бізде уылдырық шашу қорына, бекіре тұқымдас балықтарға қатысты проблемалар бар. Егер қазіргі деректерді 1970 жылғы деректермен салыстыратын болсақ, бекіре тұқымдас балық аулау көлемі күрт төмендеп, табиғи уылдырық шашатын жерлер де азайған. Бізде жайылмалы ормандар проблемасы да бар. Көптеген сарапшылар мұның бассейндегі су деңгейінің төмендігімен байланысты дейді. Бірақ қазір судың табиғи тапшы кезеңі басталды. Оның үстіне, мәселені іштей зерттеу керек. Мәселен, соңғы жылдары Жайық өзенінің бассейнінде орналасқан екі облыстың республикалық және облыстық бюджеттерінен орман қорын сақтау шараларын өткізуге қаражат жеткіліксіз бөлінді. Мысалы, бұл қураған ағаштар мен шөпшектерден тазарту. Олар орман өртінің алғашқы себебі болуы мүмкін. Екіншіден, жайылмалы ормандарға әсер ететін әртүрлі бактериялар көбейіп жатыр. Сондықтан, семинарда экожүйеге кешенді талдау жүргізу туралы шешім қабылданды.

- Ресейде де осындай проблема бар ма?

- Иә, ол жерде де өзен деңгейіне қатысты осындай проблема бар, өйткені биыл су тапшы болды. Орынбор облысының аумағында су өте аз, Жайықты жаяу кешіп өтуге болады дейді. Бізде де жағдай осындай.


АҒЫН СУ ЖЫЛ ӨТКЕН САЙЫН КҮРТ ӨЗГЕРЕДІ

- Біз өзендегі судың аздығын бірнеше жылдан бері айтып келеміз. Былтыр дәл солай болды. Ал келесі жылы не күтуге болады? Бәрін табиғатқа жаба салмай, шара қолдану керек қой.

- Жалпы, Жайық өзеніне құйылатын ағын су туралы мәліметтерге тоқталайық. Жайық өзені бойынша 1915 жылдан бергі көп жылғы деректерді талдай отырып, өзеннің ағын суы жылдар бойы күрт өзгеріп отырады деп айтуға болады. Су мол болған жылдары ағын сулардың орташа көпжылдық мәні 3-5 есе асады, ал аз болған жылдары бұл ағын судың өте төмен мәнімен сипатталады.

Ағын судың көп жылдық ағымының ерекшелігі – бірнеше жыл бойына қайталанып судың аз мөлшерде құйылуы, судың аз көлемін түзуі.

Мәселен, 2006-2014 жылдары су аз келді. Бұдан басқа, Кеңес заманында Жайық өзенінің бассейнінде бірқатар су қоймалары мен су шаруашылығы нысандары салынды. Енді осы нысандардың өзенге әсерін бағалау қажет. Өйткені су қоймаларын салу кезінде сыйымдылық түзіледі, сәйкесінше сүзу, булану кезінде шығындар болады.

Қазақстан аумағында Жайық-Көшім суару-суландыру жүйесінің, сондай-ақ, барлық каналдардың әсерін - бізде қанша су алынатынын және қандай шығындар бар екенін егжей-тегжейлі бағалау қажет.

Бірақ мен Жайық өзенінің бассейніне егжей-тегжейлі жүргізілген зерттеулерді біздің тараптан да, ресейліктер тарапынан да әлі көрген жоқпын. Мысалы, Башқұртстандағы Сақмар өзенінің Январцево тұстамасындағы судың Жайыққа құйылу үлесі - 50-60 пайыз. Су тасқыны кезеңінде Сақмардың үлесі жекелеген жылдар ішінде 80%-ға дейін жетті. Бірақ бүгінде Сақмар зерттелмеген, тіпті, Ресей ғалымдарының өздері де ағын судың қалыптасуы, шаруашылық қызметі туралы толық ахуалды білмейтіндіктерін мойындады.

Ашық ақпарат көздерінде 2000-шы жылдардан бастап ол жерде бірқатар су қоймаларын салу жұмыстары басталғаны көрсетілген, бірақ толық ақпарат жоқ. Қазір дәл осы бағытта жұмыс жасап, Жайық өзенінің бүкіл бассейніне, оның барлық салаларына толық талдау жасағымыз келеді. Осы талдау негізінде ғана экожүйеге не әсер ететінін айта аламыз. Бүгін біз оның себептерін атай алмаймыз.


БІЗ ТЕК ЗЕРТТЕУ ЖҰМЫСТАРЫН БАСТАҒЫМЫЗ КЕЛЕДІ

- Бұл зерттеу жұмыстары қашан аяқталады?

- Біріншіден, өткен семинарда ғана әзірге зерттеу керектігі ұсынылды. Жақында экожүйені сақтау жөніндегі бірлескен комиссияның отырысы өтеді, сонда нақты шешімдер қабылданады.

- Бірақ біз зерттеу нәтижелерін жылдар бойы күтіп отырғанда, табиғатта қайтымсыз өзгерістер болуы мүмкін. Егер ол өзгерістер орын алмаған болса.

- Бұл проблемамен жақында айналыса бастады, ешкімде толық көрініс жоқ. Кейде мақалалар жазылады, кейбір баяндамалар ішінара жарияланады. Егер қазір үкіметтік деңгейде бірлескен зерттеу жұмыстарын жүргізу туралы шешім қабылданса, біз бастағымыз келеді. Бірақ мұның қанша уақытқа созылатынын айта алмаймын.

- Ал бұл зерттеу жұмыстары қалай қаржыландырылады? Ақша проблемасы басты кедергі болмай ма?

- Қаржыландыру мәселесін де пысықтау керек, өйткені бұл мемлекеттердің бюджеті болуы мүмкін немесе донорлық қаражат тартылуы мүмкін ...

- Жайық өзені - солтүстік көршілерді есептемегенде, екі ірі облыстың тұрғындары үшін тіршілік көзі. Шұғыл шаралар қажет қой.

- Егер зерттеу жүргізу туралы уағдаластыққа қол жетсе, қаражат табылады деп үміттенемін...


ИРИКЛИНСК СУ ҚОЙМАСЫ ДА ТАЙЫЗДАНЫП ҚАЛДЫ

- Су көлемін арттырудың шұғыл тәсілдері бар ма? Бәлкім, Ириклинск су қоймасынан суды ағызу режимін өзгерту керек шығар?

- Өзеннің су көлеміне әсер етуге болмайды. Біз биыл Жайық (Орал) өзені бойынша жұмыс тобының құрамында Жайық өзеніндегі ең ірі Ириклинск су қоймасына бардық. Ол жерден су қоймасының өзіндегі су деңгейінің төмендегенін көрдік. Бұл жерде судың аз кезеңіне бейімделе білу керек. Айталық, су үнемдейтін кейбір технологиялардың есебінен суды аз тұтыну керек.

- Өткен жылы және биыл өзендегі ағын су қандай болды, цифр келтіре аласыз ба?

- Иә, биыл аз келді. Мысалы, өткен жылы Январцево трансшекара бекетінде су тасқыны кезінде 3,23 км³ су келсе, биылғы су тасқыны кезінде ағын 1,47 км³ болды.

- Сіз өзен ағыны 1915 жылдан бастап зерттелді деп айттыңыз. Судың аз мөлшерде құйылуы қашан аяқталатынын болжай аласыз ба?

- Жоқ, болжай алмаймын, мен болжам жасау мәселесіне жетік емеспін. Ресей ғалымдарының пікірінше, бұған климаттық жағдайлардың белгілі бір әсері бар екен, бірақ мұны зерттеу керек.


1993-ЖЫЛДАН БЕРІ АЛҚАПТАРДЫ СУ БАСПАДЫ

- Ең төменгі деңгей биылғы су деңгейі ме?

- Менің білуімше, ең төмені емес. Мәселен, биыл қаңтар-маусым аралығында Январцево учаскесінде ағын көлемі 2,3 км³ болды. Жыл ішінде барлығы 2,81 км³ су келген жылдар болды. Бұл 1967 жылы орын алды. Дегенмен соңғы жылдары алқаптарды су басқан жоқ, соңғы рет 1993 жылы су тасқыны кезінде алқаптар толығымен су астында қалды. Пысықталатын мәселелердің бірі – алқаптарды толтыру үшін Қазақстан шекарасында су тасқыны кезеңінде су барынша көп болу үшін барлық тармақтар бойынша бассейнде орналасқан су қоймаларынан судың жіберілуін синхрондау. Бұдан нәтиже шыға ма, жоқ па, ол әзірге белгісіз, бұл өте күрделі мәселе. Әзірге бұл су комиссиясы аясында қарастырылып жатыр. Өйткені су тармақтарында су тасқыны әртүрлі жүреді. Мысалы, Елек бойынша ол ертерек басталады, Жайықта - сәл кешірек және т.б.

- Ал Елек өзені туралы не айтасыз, ол жерде де проблемалар бар ма?

- Иә, ол жер ластанып жатыр. Проблемалар бар, оны мойындауға тиіспіз. Егер Ақтөбе облысының аумағындағы Целинный гидробекетінің тұстамасы мен Жайыққа құйылатын жерге жақын орналасқан Шілік гидробекетінің тұстамасындағы талдауларды салыстырсақ, онда белгілі бір концентрациядағы су сапасының айырмашылығы жақсы жаққа қарай өзгереді, өзен өзін-өзі тазартады.


ТЕРЕҢДЕТУ ЖҰМЫСТАРЫ МӘСЕЛЕНІ ШЕШПЕЙДІ

- Ал өзен түбін тереңдету жұмыстары өзеннің тайыздалу проблемасын шеше ала ма?

- Бұл жұмыстарға қатысты – бұл қажет немесе қажет емес деген нақты ұстанымым жоқ. Бір нәрсені айтқым келеді - өзен түбін тереңдету жұмыстарын жүргізер алдында қай жерді тазалау керек, қалай және қай кезеңде тазарту керек деп, тағы да егжей-тегжейлі талдау жасау қажет. Өйткені егер олар дұрыс жүргізілмесе, бұл тұтастай экожүйеге теріс әсер етуі мүмкін. Қазір жұмыстар терең, егжей-тегжейлі ғылыми негізсіз жүргізілуде. Ресей ғылым академиясының академигі Александр Чибилев Оралдағы семинарда тереңдету жұмыстарының теріс әсер етіп жатқанын айтты. Атырау облысында бұл жұмыстар өзен суының мөлшерін арттыру жобасы аясында жүзеге асырылды. Бірақ тереңдету жұмыстарынан өзендегі су көбеймейді.

- Сіз Жайық өзенінің бойымен жүрдіңіз, бәрін өз көзіңізбен көрдіңіз. Бізге де айтып беріңізші.

- Иә, су деңгейі төмендеп кетті. Бірақ мен баға бере алмаймын. Өзен бассейнінің экожүйесі проблемаларын кешенді түрде қарастырған жөн деп санаймын. Мәселен, Жайық бойындағы алқапты аса ерекше қорғалатын табиғи аумақ етуге болады. Тиісінше, орман қоры мен биоалуантүрлілікке қатысты проблемалар басқа форматта қарастырылар еді. Ғылыми зерттеу және басқа да қажетті жұмыстарға көп қаражат бөлінеді. Онда мүлдем басқа тәсіл болады.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

6 тамыз 2019, 17:31

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.