Атырау, 21 желтоқсан 03:43
 бұлттыВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Атырауда қоқыстарды сұрыптау кешені жұмысын бастады

Сурет Бейнежазба
5 987 просмотра


Экологиялық саналы өмір салтын енгізу әрекеті туралы материал әзірленіп жатқанда, редакция поштасына «Арнаулы автобаза» ЖШС-нен «Сіздерді қоқыс сұрыптау кешенін сынақ ретінде іске қосу рәсіміне шақырамыз» деген хабарлама келіп түсті. Шүкір, бұл күнге де жеттік!

Естеріңізге салсақ, Қазақстанда осы жылдың 1 қаңтарынан бастап қоқыс полигондарына пластмасса, шыны, макулатура, картон, қағаз қалдықтарын көмуге тыйым салынды. Мұнайлы астанада осыған орай қоқыстарды сұрыптау кешенін іске қосу жұмыстары басталды.

ШАМАМЕН ЕУРОПАДАҒЫДАЙ

Қоқыстарды сұрыптау кешені беларусиялық «Сифания-Экотехника» кәсіпорнынан сатып алынды. Бұл компания ТМД және Еуроодақ елдеріне осындай жабдықтарды жеткізеді, ал Қазақстанда мұны Атыраудан басқа Қостанай, Ақтау және Жаңаөзен қалалары сатып алған.

Кешен қалалық қоқыс полигонының аумағында орналасқан және 1200 шаршы метр жерді алып жатыр. Қазір мұнда Атыраудың 35 тұрғыны жұмыс істейді, уақыт өте келе штат санын көбейту жоспарлануда.

Өндіріс қуаты жылына 100 000 тоннаға дейін тұрмыстық қатты қалдықтарды (ТҚҚ) сұрыптауға мүмкіндік береді. Кешенде аралас және бөлек жинау, қалдықтарды конвейерлік-бақылаумен сұрыптау және қайталама ресурстарды (полимерлерді, макулатураны, тоқыманы, металл сынықтарын) қайта өңдеу жүргізіледі. Алынған қайталама шикізат экспортқа жіберіледі.

Жоба құны - 130 миллион теңге. Барлық шығындарды инвестор өтеген.


БҰЛ ҚАЛАЙ ЖАСАЛАДЫ

Қоқыстарды сұрыптау кешенін сынақтан өткізу кезінде «Арнаулы автобаза» ЖШС директоры Алмас ІЗТІЛЕУОВ қонақтарға басынан бастап соңғы кезеңге дейін барлық процесті көрсетті.

Бірінші кезеңде әкелінген қоқыс тиеуіш шөміштің көмегімен бункерге түседі. Содан кейін көлбеу конвейердің бойымен кабинаның ішіндегі бірінші сұрыптау белдеуіне түседі. Онда жұмысшылар ептілікпен үлкен заттарды ұсақ қоқыстардан ажыратады. Содан кейін қоқыс ыдысқа түсіп, онда қоқыс пакеті жыртылады. Келесі кезеңде қалдықтар елеуішке ұқсайтын «елекке» түседі. Бұл жерде ұяшықты қабат арқылы өңдеуге жарамсыз өте ұсақ фракциялар електен өтеді. Бір қызығы, мотор гүрілімен ұяшықты қабатта шыны немесе пластикалық бөтелкелер секіріп, соғылған кезде, құдды музыкалық шығарма секілді естіледі.


«Електен» кейін қоқыс негізгі блок-кабинаға түседі. Сол жерде пайдалы қалдық фракциялары - қайталама полимерлер, пластик бөтелкелер, макулатура, тоқыма, металл сынықтары мен шыны сұрыпталады. Таспалы конвейердің ұзына бойында сұрыпталған қоқыс үшін ыдыс-контейнерлер орналасқан. Қақпақпен қорғалған ыдыстардан сұрыпталған қалдықтар резервуарларға түседі, сол жерден олар тығыздауға жіберіледі. Тығыздалған теңнің салмағы 400 келі.

Технологиялық процесс аяқталған кезде металдар мен органикалық заттар сұрыпталмаған күйде қалады. Соңғы кезеңде металл қуатты магнитпен жиналады, ал қайта өңдеуге жарамсыз қалған фракциялар контейнерге түседі, содан кейін олар көміледі.

Сонымен қатар, санитарлық-қорғаныс аймағының шекарасындағы зиянды заттардың аздығы сондай, ауа ластанбайды. Мұны «Арнаулы автобазаның» директоры сенімді түрде айтып отыр.

Қоқыс сұрыптау кешенінің тұрақжайы жабдықпен бірге оңай бөлшектеледі. Егер қазіргі қоқыс орны қалпына келтірілсе, онда кешенді жаңа қоқыс полигоны аумағына еш қиындықсыз орнатуға болады.


Анастасия АЛЮШИНА

Суреттерді және бейнежазбаны түсірген автор

26 шілде 2019, 15:45

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.