Түркияның Ресеймен серіктестік құруы саяси қақтығыстарға ұласып, Анкараның Құрама Штаттарымен байланысына нұқсан келтірді. Бүгін АҚШ ресми түрде Түркияны F-35 жойғышын құруға арналған ортақ бағдарламадан шығарып, арнайы келісімшарттың күшін жойды. Енді аталған ұшақ Анкараға сатылмайды. Осыған дейін Режеп Тайып Ердоған дәл осы F-35 жойғышының 100 данасын сатып алуға 1,5 млрд доллар алғашқы жарнасын төлеген. Енді салған қаражат та, әуе флотын жаңартуға арналған ұшақтар да берілмейді.
Ал Пентагон жойғышты құрастыру үшін жаңа серіктестер іздеуді бастап кеткен. Себебі Түркия F-35 үшін 900 түрлі бөлшекті өндіруі керек болатын. Яғни Түркия тарабы келісімнен бөлек 9 млрд долларлық табыс көзінен де айырылды. Ресми Уашингтон Түркияның әуе шабуылына қарсы қорғану жүйесінде ресейліктер қызмет етсе, F-35-ке қатысты құнды мәліметтер қолды болады деп қауіптенеді. Сол себепті 22 мамырда АҚШ Түркияға ультиматум қойған болатын. Бұл мәселеге қатысты мәлімдеме жасаған Ақ үй басшысы Дональд Трамп ресейлік қондырғылардың жарамсыз екенін айтып, «Біздің Түркиямен қарым-қатынасымыз жақсы. Дегенмен қазір қиын жағдайда қалып отырмыз. Анкара бізден «Пэтриотты» сатып алмақ болған кезде Барак Обамамен келісімге келе алмаған. Сондықтан олар С-400-ді алып отыр. Ал біз «Пэтриотты» тиімді келісіммен ұсынғанда кеш болды. Себебі олар Ресеймен келісімге келіп қойды. Дегенмен Түркия НАТО-ның мүшесі екенін ұмытпауы керек еді. Енді F-35 олар үшін қолжетімсіз», – деді.
Түркия 2017 жылы Ресеймен жалпы құны 2,5 миллиард долларды құрайтын сауда келісіміне қол қойған. Келісім бойынша, Мәскеу Анкараға С-400 әуе қорғаныс жүйесін жеткізуі тиіс болған. Кейіннен АҚШ Түркияның бұл шешіміне қарсы шыққан. Ресми Уашингтон Анкараны С-400-ден бас тартып, АҚШ-тың «Potriot» жүйесін сатып алуға ұсыныс жасаған. Өйтпеген жағдайда Түркияны F-35 ұшақ жобасынан шеттететінін мәлімдеген. Ақ үйдің бұл мәлімдемесіне Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған «С-400 келісімі Түркия тарихындағы маңызды шешімдердің бірі» деп жауап қатқан. Кейіннен Ресей С-400-дің алғашқы легін Түркия аумағына 12 шілдеде жеткізе бастады.
Аталған шиеленіске байланысты АҚШ қорғаныс министрінің орынбасары Эллен Лорд: «Бүгін АҚШ және осы келісім бойынша басқа да серіктестер бірігіп Түркияны бағдарламадан шығару шешімін қабылдадық. Өкінішке қарай, Анкара бірқатар экономикалық мүмкіндіктен қағылды. Егер біздің ультиматумды тыңдағанда, F-35-ке қажетті бөлшектерді өндіріп, 9 миллиард доллар кіріс табатын еді. Одан бөлек елде жаңа жұмыс орындары ашылатын еді. Енді түркиялық өндірушілермен келісімді тоқтататын боламыз», – деп мәлімдеді.
Ал НАТО Бас хатшысы Йенс Столтенберг: «Түркия НАТО-ның маңызды мүшелерінің бірі. Бірде-бір ел осы уақытқа дейін Анкараны одақан шығару жөнінде сөз айтқан жоқ. Себебі біз бір-бірімізге тәуелді екенімізді жақсы түсінеміз. Түркияның НАТО құрамында болуы F-35 немесе С-400 мәселесімен өлшенбейді», – деп хабарлады.
Бірақ, Солтүстікатлантикалық альянсқа (НАТО) мүше елдер Түркияның бұл қадамын қатаң сынға алып отыр. Себебі, Уашингтон ультиматум қойғанда Анкара нақты шешім шығаруы керек болатын: немесе АҚШ, немесе Ресей бағыты. Біраз уақыт бойы Ресейден қорғаныс жүйесін сатып алмаймыз деп мәлімдеп келген Түркия президенті Ердоған жақында ғана «С-400 жүйесінің екі ел үшін маңызды келісім» екенін айтты. Таяуда Кипрде бұрғылау жұмыстарын жүргізіп, Еуропалық одақ санкциясына ұшыраған Анкара үшін АҚШ-тың ортақ келісімді жоюы кезекті экономикалық соққы боп тигені рас. Түсінікті тілмен айтқанда, Түркия тығырыққа тіреліп тұр. Алдағы күндері алпауыттар арасындағы саяси қақтығысты қандай кульминацияның күтіп тұрғаны беймәлім. Дегенмен, егер АҚШ президенті Дональд Трамп Ресейдің «қытығына тигісі» келсе, аталған құрылғыларды Украинаға да сатуы мүмкін деген болжам бар.
Дереккөз: qazaqtimes.com