Атырау, 22 желтоқсан 11:25
 ашықВ Атырау 0
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Целиноградтағы 1979 жылғы наразылықтар: қатысушының куәлігі

Сурет
9 689 просмотра


Жоғары сыныпта (2000 жылдардың басы болатын) 1979 жылы Целиноградта Қазақ ССР аумағында неміс автономиясының құрылуына қарсы болған жастар демонстрациясы туралы Қазақстан тарихының оқулығынан оқығанымыз енді есіме түсті. Оқулықта ол туралы бірнеше сөйлем ғана жазылған еді. Жалпы бүгінде осыдан тура 40 жыл бұрын Кеңес дәуірі үшін кездейсоқ болған оқиғалар жайында адамдар көп біле бермейді. Редакциямызға осы оқиғаларға тікелей қатысушы Қуаныш ЗИНЕДЕНОВ (суретте) келген еді. Төменде оның әңгімесінен және азғана тарихтан сыр шертеміз.

САЯСИ БЮРО ОСЫЛАЙ ШЕШТІ


Ұлы Отан соғысы басында Волгадағы неміс автономиясы ыдырағаннан кейін жүз мыңдаған немістер қазақ жеріне қоныстанды. Уақыт өте келе немістер автономиясын қайта құру мәселесі қайта көтерілді. Бірақ бұл жолы Қазақстан аумағынан құрмақ болды. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің екінші хатшысы А.Коркин басшылық еткен ұйымдастыру комитеті құрылды. Болашақ автономияның орталығы Ерейментау қаласы (Целиноград облысы) болады, ал оның құрамына Целиноград, Павлодар, Қарағанды және Көкшетау облыстарының бірнеше ауданы кіреді деп ұйғарылды.

1979 жылдың 31 мамырында КОКП Орталық Комитетінің Саяси бюросы «Неміс автономиялық облысын (НАО) құру туралы» қаулы қабылдады. Сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Қонаев пен басқа да басшы-қазақтардың бұл шешімге қарсы болғаны белгілі. Олар, әрине, өз пікірлерін сыртқа жария етпеді, бірақ көтерілген наразылық толқынын жасырын түрде қолдады. Ал неміс автономиясын құру туралы жаңалық бүкіл республикаға жылдам таралды. Целиноградта шеруге үндеген үнпарақтар таратылды.

- Мен ол кезде Целиноград инженерлік-құрылыс институтының екінші курсында оқыдым. 16 маусымда бізде физикадан емтихан болуы тиіс еді. Ал бір күн бұрын, 15 маусымда жатақханамызға партия обкомы ғимараты алдындағы алаңға шығуға үндеп, қазақ және орыс тілдерінде қолдан жазылған үнпарақтар таратып жүрген жігіттер келді, - деп әңгімелейді Қуаныш Зинеденов. – Мен өз көзіммен көрген жоқпын, бірақ жатақхана жертөлесінде «Сен, қазақ, ата-бабаңның ақ сүйегі сіңген жерге неміс автономиясын құруға жол берме», «Многонациональный Казахстан неразделим!» «Нет немецкой автономии!» деген ұран сөздер әзірленіп жатқанын айтты. Физикадан емтиханды кафедра меңгерушісі Мәдиев алуы тиіс еді. Бірақ староста Жексен Рахметов бізді сұрап алды. Оқытушымыз бізді жіберіп, емтиханға түстен кейін келіңдер деді. Кейін оны кафедра меңгерушісі лауазымынан түсіріп тастады.  


ЖАТАҚХАНАҒА ҚАМАП ТАСТАДЫ


16 маусымда таңертеңгі сағат 9-дарда адамдар партия обкомының ғимараты алдындағы Ленин алаңында тұрды. Бастапқыда олар көп болған жоқ, бірақ сағат 10-ға қарай едәуір адам жиналып қалды. Көбі жастар еді.

- Біз транспаранттарды көтеріп, «Нет немецкой автономии!», «Казахстан неразделим!» деп айқайлай бастадық. Жақын маңдағы үйлердің терезелерінен адамдар бастарын шығарып, балкондарын ашып, кейбірі суретке түсіре бастады.

Зинеденовтің айтуынша, ешкім мұндайды күтпеген. Алаңда бастапқыда милиция, қоршау болмады. Ал біраз уақыттан соң шеруге шыққандар дауыс зорайтқыш арқылы: «Немістердің автономиясына неге жерді біз беруіміз керек? Ата-бабамыздан қалған жерді бермейміз!» деп айқайлай бастады. Содан кейін Ерейментаудан келген бір қыз: «Біздің қалада кеңсе дайындап қойған, ол жерде неміс автономиясы орналасатыны туралы маңдайша ілініп тұр, жалаулар іліп қойған!» деді.

- Түске таман алаңға лауазымды тұлғалар, оқу орындарының ректорлары мен декандары келе бастады. Бізді Тың игерушілер сарайына кіруге шақырды. Бірақ біз сол жерге қамап тастайтындығына сенімді болып, бас тарттық. Содан кейін обкомның екінші хатшысы Зейнолла Шайдаров шығып: «Иә, неміс автономиясын құру туралы әңгіме болды, бірақ ешқандай құжатқа әлі қол қойылмады. Сіздер қазір тараңыздар, әзір ештеңе шешілген жоқ» деді. Адамдар тынышталмады, алаңнан теміржол вокзалына дейін жүріп өту туралы шешім қабылданды. Бірақ біз төрт жігіт - Александар Ли, Ержан Әжіқұлов, Есен Ардаш және мен – емтихан тапсыру үшін кері қайтуды ұйғардық. Емтихан тапсырып жатқан кезде, аудиторияға деканның орынбасары Дүйсметов кірді. Ол қатты ашулы еді: «Бұл жерде не, емтихан болып жатыр ма? Кім қабылдап жатыр, Мәдиев пе? Емтихан неге түстен кейін басталды?» деп сұрады. Бізге ректорға барыңдар деді. Дәлірек айтқанда, бізді сол жерге апарды. Ректор Х.Карешев қай факультетте оқып жүргенімізді, староста кім екенін сұрады. Бүкіл мәліметтерді жазып алып, содан соң жіберіп қойды. Көп ұзамады: жатақханаға келген соң, бізді бөлмеге қамап тастап, студенттердің ешқайсысын ол жерге кіргізбеді. Бақылаумен ғана басқа ғимараттағы асханаға апарып тұрды. Оқытушыларды кезекшілікке қойды, милициядан, КГБ-дан адамдар болды. Бірақ бәрі қарапайым киінген. Жатақханадан тек 18 маусымда кешке қарай босатты.


МАЙДАНГЕРЛЕР СӨЗІ


Оларды 18 маусымда алаңға Ұлы Отан соғысының ардагерлері шыққаннан соң босатқан екен. Ардагерлер саны ол кезде, әрине, қазіргіден едәуір көп еді. Алаңды милиция қоршап алған. Кеудесіне орден таққан майдангерлер: «Біз немістермен шайқастық, біз қарсымыз! Бірінші хатшы Морозов шықсын!» деп айтып жатты. Бұл жерде бұл қарсылық еңбекқор неміс халқына қатысты болмағанын ескерген жөн. Қазақтар өз жерінде ешқандай автономияға жол бермейтіндіктерін білдірген еді.  

- Морозов шеруге шыққандардың алдына шықты. Оған ешқандай автономия болмасын және жатақханадан бүкіл студентті босатыңдар деген талап қойды. Ал ол Қонаевпен сөйлескенін, Қазақ КСРО аумағында неміс автономиясы болмайтынын айтты.

Сол күндері, Зинеденовтің айтуынша, ешқандай заң бұзушылықтар болмаған. Бәрі бейбіт жағдайда өтіпті. Таныс жігіттердің бәрі оқуларын аман-есен аяқтап, үйлеріне қайтты. Бірақ кейінірек шеруде аса белсенді болған ауыл шаруашылық институтының бірнеше студентін оқудан шығарып жіберген екен.

- Алаңда қанша халық болды, шамамен айта аласыз ба? 500-ден 5 мыңға дейін болды деп әр жерде әртүрлі айтып жатады?

- Нақты айта алмаймын, бірақ көп болды. Сол кезде Целиноградта 4 жоғары оқу орны болды - мединститут, пединститут, ауыл шаруашылығы және біздің инженерлік-құрылыс институты, сосын 16 техникум болды.

Осыдан 40 жыл бұрын тәуелсіз Қазақстанның қазіргі астанасында орын алған оқиғалар Желтоқсанның жаршысы болған екен ғой. Бірақ бұл басқа хикая. 

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

Суреттерді түсірген автор және интернеттен алынды

27 маусым 2019, 17:59

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.