Атырау, 13 желтоқсан 23:26
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -4
$ 522.91
€ 548.85
₽ 5.05

Ұттым ба десем...

2 273 просмотра

Мен 30 қыркүйекте «Атаба» супермаркетінде өткізілген лотерея ойынына қатысқан едім. Қатысу үшін белгілі бір сомаға тауар сатып алып, купон толтырылуы керек. Басты сыйлық – автомобильді ұтысқа тігу кезінде бір қыз бала барабаннан менің нөмірімді суырып, оны жүргізуші жариялаған болатын. Жақындай бергенімде жүргізуші жеңімпаз бар екенін, купон нөмірі 999-бен аяқталатын қыз бала екенін мәлімдеді. Жеңімпаздың өзімен бірге жеке бас куәлігі де, дисконттық кәртішкесі де жоқ болып шықты. Алайда лотерея шарты бойынша мұның бәрі бірден ұсынылуы тиіс. Қажетті құжаттарды оған кейінірек, қорытынды жарияланғаннан кейін 40 минуттан соң әкеліп берді. Әуелі мен абыржып қалып, кері бұрылып кетіп бара жатыр едім, айналадағылардың барлығы да бастапқыда менің нөмірімді жариялағанын естігендерін айтып, наразылық білдіре бастады. Ақыры дұрыс-бұрыстығын сол жерден тексере алмадық. Ұтыс ойыны түсірілген бейнежазбаны көрсетуді талап еткенімде, маған тек басқа қыздың ұтқандығын жариялаған жерді ғана көрсетті. Бұл жағдайда не істеуіме болады?

Әсемгүл, Атырау қаласы

Лотереяны ұйымдастырумен тікелей айналысқан «Атаба» компаниясының маркетологы Ұлан ИМАНҚҰЛОВ бұл айыптаулармен мүлдем келіспей отыр:

– Лотерея барлық ережелер бойынша жүргізілді. Басты сыйлық ұтқан жеңімпаздың өзімен бірге жеке бас куәлігі мен чегі болды. Тек дисконттық кәртішкесі ғана болмады, оны 20 минуттан соң алып келді. 08999 нөмірлі купон шығып, жүргізуші осы цифрларды жариялады. Біз телеарналардың бірі түсірген бейнежазбаны көрсеттік. Алдыңғы планда басқа сыйлықты ұтқан қатысушымен сұхбат жүріп жатыр, бірақ артқы жағында жүргізушінің «нөл сегіз үш тоғыздық» деп жариялап жатқаны анық естіліп тұр.

Лотереяны жүргізу ережесі заңмен реттеледі, - дейді заңгер Гүлсім САБИРОВА. - Ақшалай-заттай лотереялар – лотереялардың нұсқаулық және әдістемелік материалдарда ақшалай баламада тіркелген ақша және мүлік (тұрмыстық техника мен т.б. түріндегі түрлі сыйлықтар) түріндегі ұтысы бар лотереялар.

Лотерея барысында оны ұйымдастырушы лотерея билетінің меншік иелерінің арасында сыйлық қорын ұтысқа тігеді. Ұтысқа шығатын лотерея билетін анықтау ұйымдастырушылардың ықтияры мен әрекетіне тәуелді болмауы тиіс және тек қана кездейсоқ нәрсе болып табылады. Бұл жағдайда купонды лотерея билеті деп қана бағалауға болады. 2007 жылғы 30 маусымдағы №551 үкімет қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасындағы лотерея ұйымдастыру және өткізу (мемлекеттік (ұлттық) лотереядан басқа) қызметін лицензиялау ережесіне» сәйкес, лотерея билеті - лотереядағы ұтыстың оған түсу немесе түспеу фактісінің дұрыстығын кәміл айқындау үшін қажетті ақпарат сақталған қағаз.

Лотерея билеттерінде: лотерея билетінің құны туралы; лотереяны өткізу шарттары туралы; тікелей трансляция уақыты мен орны туралы (шұғыл лотереяны қоспағанда); ұтысты алу уақыты мен орындары туралы; лотерея билетінің сериясы мен нөмірі туралы; сыйлықтар атауы мен саны туралы; лотерея ұйымдастырушылардың мекен-жайы, телефоны, сайты туралы ақпараттар болуы тиіс.

Аталмыш Ережелерге сәйкес, лотереяны ұйымдастыруға және өткізуге белгілі бір біліктілік талаптары қойылады. Ұйымдастырушылардың ұтыс ойынын өткізу жөніндегі айқын нұсқаулығы болуы тиіс. Онда лотереяның түрі, ұйымдастыру технологиясы, сыйлық қорын қалыптастыру мен үлестіру тәртібі туралы мәліметтер болады. Сондай-ақ, ұтыс ойындарының саны, әр ұтыс ойындарындағы лотерея билеттерінің саны, сериялары мен нөмірлері көрсетіледі. Сыйлық қоры мүліктерінің атауы, саны және құны туралы ақпарат көрсетілуі тиіс.

– «Заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» заң бойынша ұйымдастырушылар лотереяны өткізуге ішкі бақылау ережесін жасауы тиіс, - дейді Гүлсім Сабирова.

Лотереяны ұйымдастырушы заңсыз әрекет жасаған жағдайда, құқығына нұқсан келген оның кез-келген қатысушысы құқық қорғау органдарына (полицияға, қаржы полициясына, прокуратураға) бүкіл жағдай мұқият баяндалған тиісті арызбен шығуға құқылы. Түскен шағым бойынша құқық қорғау органдары сол заңды тұлғаның қызметін, соның ішінде біліктілік талаптарына сәйкестігін тексеруге міндетті. Тексеру қорытындылары бойынша арыз берушіге жазбаша жауап ұсынылуы тиіс. Егер арызда көрсетілген фактілер расталса, арызданушы сотқа талап-арызбен шығуға құқылы.

Дайындаған Зульфия ИСКАЛИЕВА

Саша ДЕНИСОВТЫҢ коллажы

10 қазан 2012, 17:29

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.