Атырау, 29 желтоқсан 01:04
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 521.81
€ 543.67
₽ 5.05

Индербор қысқа дайын емес

5 983 просмотра

Санаулы күндерден соң жылыту маусымы басталады. Алайда, Индербор поселкесіндегі 14 көпқабатты үй қысқа дайын емес.

ТҰЙЫҚҚА ТІРЕЛУ

Өйткені, жылумен қамтушы «Индеркомсервис» КМК-ның есепшоты 2010 жылы-ақ жабылып қалған болатын. Кәсіпорын электр энергиясына - 1 млн 802 мың теңге, суға - 1 млн теңге, көгілдір отынға- 9 млн 688 мың теңге, салық аударымдары бойынша - 600 мың теңге қарыз болып қалған. Оған қоса, 2011 жылы экологтар қоршаған ортаға зиян тигізгені үшін кәсіпорынға 25 млн теңге айыппұл салып кеткен. Бұл сомамен салыстырғанда, тұрғындардың КМК-ға бережағы аса көп емес - 2,5 млн теңге ғана.

Көпқабатты 14 үйді жылумен қамтитын 8 жылыту қазандығы ғимаратының есігінде қара құлып салынған.

- Біз 2012-2013 жылдың қысында жылу бере алмайтынымызды аудандық әкімдікке мамырда мәлімдеген болатынбыз. Қыруар қарыздан құтыла алмай отырмыз. Күні бүгінде тұрғындарды сотқа беріп, төлемақыларымызды жинаудамыз. Бірақ ол төлемақылар кәсіпорынның қарызын өтеуге жетпейді ғой, - дейді «Индеркомсервис» КМК-ның басшысы Асқар ТҰРСЫНҒАЛИЕВ.

- Кәсіпорынның жылу бере алмайтынын тұрғындарға ескерттіңіз бе?

- Олар бұл жайында хабардар.

- Сонда жылу берумен кім және қашан айналысады?

- Оны мен білмеймін. Құрылтайшы - аудандық әкімдіктен сұраңыз.

Ал тұрғындар жылудың бұрыннан да жеткілікті мөлшерде берілмей келгенін, көктемге жеткізбей тоқтатып тастайтынын айтады.

- Егер пәтерімізге толыққанды жылу алып тұрсақ, неге төлемейміз. Жылу мәселесі жылдан-жылға қайталанып отыр. Ал биыл мүлдем жылу күтпеңіздер деді. Коммуналшылар сылтауы бір – тұрғындар төлемақы төлемейді дейді. Бірақ бізде олармен жасалған келісім-шарттар да жоқ, - дейді тұрғындар.

Қыста қалыпты жылу болмағандықтан, онсыз да ескірген көппәтерлі үйлердің подьездері мен жертөлелерінің тоз-тозы шыққан. Оны жөндеуге тұрғындардың әлі келмеуде. ПИК жоқ. Тұрғындар газ плитасының көмегімен жылынып отыр.

- Менің жас сәбиім бар, ертең қыста не істейміз, білмеймін, - дейді жас ана.

 

ДЕРБЕС ҚАЗАНДЫҚ МӘСЕЛЕНІ ШЕШПЕДІ

Әкімдік бұдан екі ай бұрын көпқабатты үйлерге дербес қазандық орнатылып, бұл тығырықтан шығамыз деп сендіріп еді. Демеушілердің 5 млн теңгесіне үй мұржалары мен қазандықтар салынған. Ал қалғанүйлерге қаржы жоқ.

- Мұндай қаржыны табу әкімдіктің қолынан келмеуде. Оның үстіне газшылардан мұржаны қосуға рұқсат алмаған, - дейді Индер ауданы әкімінің орынбасары Бауыржан ИМАНҒАЗИЕВ..

- «Индеркомсервис» КМК дәрменсіз борышкер делінді. Оны алмастыратын мекеме бар ма? Жылуды кім жеткізеді?

- Мен қазір ештеңе айта алмай отырмын. Себебі, жаңа мекеме құрылған жағдайда да экологтардан рұқсат алу керек, басқа да құжаттарды дайындауға қаржы қажет. Поселкеде екі ПИК құрылуда, бірақ олар жылу беруді мойындарына алмаймыз деп отыр. Біз тұрғындарды жинап, бұл қиын мәселені бірлесіп шешейік деп едік, олар ықылас танытпауда. Жылу қазандықтарын қосуға газшы мен жарық беруші рұқсат етпеуде, олар мойындарыңдағы қарыздарыңнан құтылыңдар деп талап қоюда. Ал әкімдікте бұған қаржы қаралмаған.

Жылу мен су мәселесі аудандағы басты проблемаға айналған. Қанша әкім келді, кетті, бірақ қордаланған мәселені шешу қолдарынан келмей отыр. Ал жергілікті халық бұдан қажып бітті.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суретті түсірген автор

10 қазан 2012, 16:57

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.