Атырау, 10 желтоқсан 17:35
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -4
$ 510.08
€ 539.61
₽ 5.15

Тентектер түзеліп кетті ме?

7 002 просмотра

Өздерінің жазғы еңбек демалыстарын ештеңені түсінбестен күпті күдікпен өткізген ұстаздар қауымы содан бергі өткен екі айда да бос қалған ғимаратқа жұмысқа барған болып жүр, алайда, олар әлі күнге дейін өздерінің жұмыс істеп, не істемей жүргендерін білмей дал. Мінез-құлқында ауытқушылығы бар балаларға арналған Атырау облыстық мамандандырылған мектеп-интернат ұжымы еңбекақыларының 80 пайызын жоғалтты. Бірақ, олар өздерін жұмыста жүрміз деп алдауды жалғастыруда, өйткені олардың барар жер, басар тауы жоқ.

ЕКІҰДАЙ ЖАҒДАЙ

- Егер бізге жазғы демалысқа кетер алдында мектебіміздің жабылатындығын хабарлаған жағдайда біздер қалай болғанда да жұмыстың ыңғайын іздестірген болар едік, - дейді жоғары санатты ұстаз Раиса БИТКОВА.- Әр жерге түйіндемелерімізді жолдап, өтініш жазамыз ғой. Бірақ, енді біз бәрінен кеш қалдық, жаңа оқу жылы басталып кетті, ұжымдардың барлығы жасақталып болды. Біздер жалпы орташа есеппен 50 мың теңге жалақы алып жүрдік, қазір мектепте балалар жоқ болған соң, біздер оқу ісімен айналыспағандықтан бізге жалақының жарты мөлшерлемесін төлеп отыр, ол 8-12 мың теңге. Ал біздің көпшілігіміз несие төлеп отырмыз. Ашынулы екеніміз рас, өйткені, банктерден несиелік каникул сұрай алатындай негіз жоқ. Біздер де басқалар секілді жұмыс жасап жатырмыз емес пе? Ұжымдағы төрт адам шыдай алмай жұмыстан шығып кетті. Қазір 31 адамның халі мүшкіл күйде, олар мұғалімдер, медбикелер, шаруашылық, әкімшілік қызметкерлері. Біздің интернатты бір ғана себепке, яғни, жыл басында біздің мектептің жөндеу жұмысына көп қаржы бөлінгендігіне байланысты түбегейлі жауып тастамайды деп ойлаймыз. Өйткені, ақша біздің интернатқа бөлінді емес пе? Демек, жөндеу жұмысын біз қабылдап алуға тиістіміз. Біз бұдан басқа дәлелді көріп тұрғанымыз жоқ. Алайда жөндеу жұмыстары да жөнді жүргізілмеген, қазірде көзге көрініп тұрған істің нәтижесі жоқ. Кемшілік жетерлік, бірнеше келімсектер ғана жұмыс жасап жатыр... Демек, бұл мәселенің қашан шешілетіндігі әзірге белгісіз.

Шынында да, интернаттың және оның ұжымының болашағы туралы облыстық білім беру басқармасына сауалнаманы осыдан бір ай бұрын жолдаған едім. Ешқандай өзгеріс болмады десем шындыққа жанаспас, сол кезде олар интернаттың болашағын шешетін министрліктің хатын күткен болатын, ал енді облыс әкімінің қол қоюын тосып отыр.

-Біздің интернатты жабу қажеттілігі жөніндегі хатымыз әкім үстелінің үстінде жатыр, - деді білім беру басқармасының бастығы Сатқан ЕСЕНҒАЛИЕВ телефонмен берген жауабында. – Бұл бір-екі күнде шешілетін мәселе.

- Ұжымның жайы не болмақ?

- Мен қазір іссапардамын, келгесін жауап беремін.

 

ҚИЫН БАЛАЛАР ҚАЙДА ЖОҒАЛАДЫ?

Интернаттың тағдыры жалпы шешілген секілді: облыстық білім беру басқармасына оның керегі жоқ. Оған қағаз жүзінде оқушылар құрамының жоқтығы негіз болып отыр. Яғни, маман-педагогтардың тілімен айтқанда девиантты мінез-құлықты балалар немесе тәрбиесі қиын балалар жоқ.

Қиын бала - ол қандай бала? Сөздіктерде «девиантты мінез-құлық» дегенге былай деп анықтама берген: жалпыға ортақ ережелерден ауытқитын әлеуметтік іс-әрекет, осы ережелерді бұзатын адамдар мен әлеуметтік топтардың қылықтары; қабылданған құқықтық немесе моральдық нормаларды бұзған адамның мінез-кұлқы.

Интернат бастапқыда өзінің құрамына қарай мекеме атауына сай болды, интернат директоры Асылбек СИТАЛИЕВТІҢ айтуынша, интернатқа балалар жасы кәмелетке жетпегендер ісі жөніндегі комиссияның ұйғарымымен жіберілді. Әдетте, олар көбінесе берекетсіз отбасының балалары, панасыздар, мектептегі сабақтан қашқандар, педогогикалық құлдырағандар. Алайда, үстіміздегі жылы ювеналды соттың (тараптардың бірі жасы кәмелетке толмаған болып табылатын азаматтық, әкім ішілік және қылмыстық істерді өз құзыры шеңберінде қарайтын балалар соты) енгізілуімен оқушылар құрамын жинақтау қызметі кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссиядан ішкі істер органдары жүйесіне берілді. Сөйтіп, жақсартамыз дегенмен әдеттегідей бәрі керісінше болды: мүдделердің дау-дамайы туындады. Учаскелік инспектор үшін оның аумағындағы берекетсіз отбасының баласы оның жұмысының кемшілігі, ол бала туралы мәліметтерді жинап, ювеналды сотқа тапсыруы тиіс. Мектептердің мұндай қағазбасты жұмыстармен айналысуға құлқы жоқ, онда қажетті құжаттарды жинау бойынша кертартпа жұмыстарды атқаратын ешкім табылмаған. Дегенмен, осы каналдар арқылы балалар интернатқа келген болса, онда ол мүлдем басқа болып шыққаны:

- Бізге өрескел құқық бұзушылықтар жасаған баларды жібере бастады, - дейді А.Ситалиев.

Жыл басында жүргізілген тексеру интернатта психиатриялық диагнозы бар баланы анықтады, бұл жерде профильді емес пациенттің болуы әкімшілік атына біраз сөгістердің берілуіне жол берді, алайда, балаларды іріктеумен интернат айналыспайды ғой.

Демек, балалар соты деген атпен белгілі жаңа жүйе интернаттың профилін күтпеген жерден өзгертіп жіберді. Қайта тәрбиелеу мектебін түзету мекемесіне айналдырды. Алайда, ондай мекеме біздерде бар, сондықтан да мектеп мұндай «бәсекелестікті» көтере алмай босап қалды.

Облыс шенеуніктерінің босап қалған интернатты жабуы мақсаттылығы жағынан алып қарағанда негізсіз емес. Алайда, шенеуніктерді оның қалай босап қалғандығы неге ойландырмаған? Бәлкім, белгіленген тәртіптерді өзгерткен жағдайда мектеп өзінің жұмысын жалғастырған да болар ма еді?! Өйткені, ең бастысы – панасыз балалар мен тәртібі қиын балалар ешқайда жоғалып кеткен жоқ. Оларды анықтау тиімсіз болып қалды. Қалай болғанда да бұл іспен кімнің нақты айналысуы керектігін айқындау керек еді.

 

ҚАШЫП ҚҰТЫЛА АЛМАЙСЫҢ

...Біз бүкіл редакция болып, міне, екі жылға аяқ басты, бүкіл сыныптың бір ғана «үндістер көсеміне» қарсы жүргізіліп отырған соғысын аяушылықпен бақылап келеміз. Біздің қызметкеріміздің екінші сыныпта оқитын қызының сыныбына өткен жылы жаман қылықтары бар баланы ауыстырған. Ол сыныптастарын ұрып-соғады, олардың оқу құралдары мен киімдерін қасақана бүлдіруге тырысады, жолдастарының өздерін және олардың ата-аналарын дауыстап тұрып балағаттайды. Ұстаздарын адамға санамайды, оқу процесіне мүлдем қатыспайды. Бірақ, оның белгілі бір уақыттарда өзін бақылауға шақырылған психологты алдауға ақылы жетеді. Сол сәттерде ол өзін жақсы ұстай біледі. Баланың ата-анасы бұған еш мән бермейді, оған мұғалімдер мен сыныптастарын кінәлайды. Оның девиантты мінез-құлықты екендігін дәлелдейтін мысалдар көп. Тіпті, мынадай да жағдай болды - ол өзінің сыныптасын ұрып жатқанда, оның анасы қасында тұрып «қой» деген жоқ. Директор да, учаскелік инспектор да жазбаша және ауызша ескертулерді қаперіне алатын емес. Ата-аналар бірігіп қалалық білім бөліміне, облыстық білім беру басқармасына, тіпті, прокуратураға дейін хат жазды, бірақ жаңа оқу жылы басталды, бала бәрібір сол сыныпқа қайта оралып, жұрттың мазасын алуда. Ондай жағдайда не істеген дұрыс?

Бәлкім, мектептерге жалпыға ортақ тәртіп нормаларына бағынбайтын оқушылардан бас тартуға құқық беру керек болар. Біздің елімізде белгілі бір себептерге байланысты үйден оқытуға рұқсат етілген. Әлеуметтік ортада болуға қабілетті емес балалар соған дәлел емес пе? Міне, дәл осындай жағдайларда девиантты мінез-құлқы бар балаларға арналған мектеп-интернат қажет-ақ.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

Бет қатталып жатқанда біз облыстық білім беру басқармасы бастығының орынбасары Клара МҰҚАШКЕРЕЕВАДАН жолдаған сауалымызға жауап алдық: «Мінез-құлқында ауытқушылығы бар жасөспірімдер үшін әлеуметтік және еңбекке бейімдеу Атырау облыстық мамандандырылған мектеп-интернаты облыс әкімінің 2000 жылғы 14 шілдедегі №490 шешімімен ашылды. 1. Жыл сайын мектеп-интернатқа ҚР білім және ғылым министрлігінің 2005 жылғы 27 қаңтардағы №42 бұйрығына сәйкес, қалалық, аудандық сот шешімімен түсетін балалардың саны азайған. 2011-2012 жылы 6 бала болды, олардың үшеуі кешкі мектепке, 2 бала диагнозы бойынша көмекші мектеп-интернатқа, 1 бала анасына қайтарылды. Биылғы оқу жылында мүлдем бала жоқ. 2. Мектеп-интернатта баланың жоқтығы туралы мектеп-интернат директоры А.Ситалиев ағымдағы жылдың мамыр және тамыз айларында ұжымға ескерткен. 3. Мектеп-интернат қызметкерлері, негізінен, жұмысқа орналастырылған. Жұмысқа орналаспаған мұғалімдердің екеуі зейнеткер жаста, 5 мұғалімді жұмысқа орналастыру шарасы қарастырылуда. 4. Мектеп-интернат 2012 жылдың 1 қазанында №274 қаулысымен жабылды. Босаған ғимаратқа есту қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп-интернат көшірілуде».

10 қазан 2012, 16:27

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.