Атырау, 24 қараша 22:27
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Әркімнің өз айласы бар

2 226 просмотра

Кедендік одақ құрамына кіру, тәжірибе жүзінде анықталып отырғандай, жергілікті кәсіпкерлерге артықшылықтар ғана әкелмепті. Екі есе қосымша құн салығының (ҚҚС) жойылуы олар үшін одақ бойынша сауда серіктері ұсынатын түрлі құжаттарды жинау мен тіркеу секілді қағазбасты шаруаға айналған. Ресейлік және украиндық серіктестердің барлық қажетті құжаттарды жинауға аса ниеттері жоқ. Сондықтан біздің бизнесмендерге өз шамаларынша жол табуларына тура келеді.

ТӨРТІНШІ ҚАТАРДАҒЫ ҮШІНШІ БУТИК

«АЖ»-ға алтын бұйымдар саудасымен айналысатын кәсіпкерлер хабарласты. Олар тауарларды Ресейден алады екен, бірақ қағазбастылықтан құтылу үшін тауарды шекарадан сатып алғандығын жарнамалауға тырыспайды.

- Ресейде ҚҚС жоғары – 18 пайыз, ол тауар құнына «қосылған». Маған ресейлік серіктестердің тауарды ҚҚС-сыз бергені жақсы, ал мен бізде 12 пайыз ҚҚС төлеймін. Бірақ бұл үшін оларға тауардың КО аясында сатылатынын дәлелдеу керек, менен, сатушыдан қағаздар талап етіледі, жалпы шаруасы көп. Сондықтан мен олардан ҚҚС қосылған баға бойынша тауар сатып аламын да, бұл жерде қайтадан ҚҚС төлемеу үшін салық қызметкерлеріне тауарды Алматының «барахолкасынан», төртінші қатардағы үшінші бутиктен алдық деп айтамын. Сөзімнің рас екенін дәлелдеу үшін алматылық саудагерлер таныстықпен беретін чектерді ұсынамын, – деп әңгімелейді өзін Алла деп таныстырған алтын сататын бутиктердің бірінің қожайыны. Алайда мұндай нәрселер тек жыл аяғына дейін ғана сақталады. 1 қаңтардан бастап бір мәрте берілетін талондар бойынша сауда жасайтын барлық кәсіпкерлер жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, тиесілі есептемелер тапсырып, оларға есеп-шот фактураларын тіркеуі тиіс.

- Бұл жағдай көптеген жеке кәсіпкерлердің үш мемлекет қатысқан Кедендік одақтың мәнісін түсінбейтіндігін білдіреді. Импортталған тауарларға ҚҚС төлеу үшін оларға салық органдарына тауарларды сатып алғандығын растайтын құжаттар, яғни, есеп-шот фактуралары, келісім-шарттар және басқа да құжаттар ұсыну керек. Сондықтан біздің бизнесмендер қажетті құжаттарды жинағысы келмейді, нәтижесінде одақ бойынша сауда серіктестері өз тауарларының құнына ҚҚС сомасын да қосады, - деп түсінік береді Атырау қалалық салық басқармасының Кедендік одақ аясындағы жанама салықтарды әкімшілендіру бөлімінің бастығы Берік ЖҰМЖАЕВ. Ол Кедендік одақ аясында келісімдерді қалай жүргізуге болатынын әңгімелеп берді. Тұрақты негізде алтын бұйымдарды сатып алу үшін жергілікті кәсіпкерге сатушымен келісім-шарт жасау керек. Сатып алғаннан кейін сатып алушы кәсіпорын сатушыдан есеп-шот фактурасын немесе қазыналық чекті (егер келісім-шартқа сипаттау құжаты мен көліктің жүк құжаты бар болса) алуы тиіс. Шекарадан өткеннен кейін тиісті талонды толтырып, оны Атырау қалалық салық басқармасына ұсыну үшін сақтап қою керек. Келесі айдың 20-жұлдызына дейін электронды және қағаз түрінде тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтінішті (328-форма) тапсырып, импортталған тауарлар бойынша жанама салықтарды декларациялап (320-форма), әкелінген тауар құнының 12 пайызы мөлшерінде ҚҚС төлеу керек. Өтініштер мен декларацияларды Кедендік одақ аясындағы жанама салықтарды әкімшілендіру бөлімінде қабылдайды (Салық департаментінің ғимараты, 6-қабаттағы 64-кабинет).

 

ТІКЕЛЕЙ АЛДЫРТҚАН ЖӨН

Дегенмен, КО аясындағы жеткізушілермен жаңа жұмыс жүйесін меңгерген кәсіпкерлер мұның тәжірибе жоқтықтан ғана қиын болып отырғанын айтады.

- Біз ресейлік зауыттармен тікелей жұмыс жасағанды жөн көреміз, өйткені кез-келген жеткізуші-делдалдар қалай еткенде де өз үстеме бағаларын қосады, - дейді «Рубин» дүкенінің меңгерушісі Дариға ҚОҢЫРОВА. – Меніңше, жаңа ереже тіпті тауарды алу процесін жеңілдеткен секілді.

Кәсіпкер әйелдің айтуынша, тауарға бармай-ақ, дайындаушы зауыттың ресми сайтындағы каталог бойынша тапсырыс берген анағұрлым оңай. Интернет бойынша таңдалған тауардың артиклі мен шифрлары көрсетіліп, сұраныс жіберіледі. Сұранысты алғаннан кейін ресейлік сатушылар электронды пошта арқылы келісім-шарт, инвойс және есеп-шот фактурасын жібереді. Бұл кезеңде «нақты» мөрлі құжаттар қажет болмайды. Ресейліктерден алынған құжаттарды осы жерден басып шығарады да, банкке апарады. Банк қызметкерлері келісім төлқұжатын жасап, келісім-шарт нөмірлерін жазады. Содан соң арнайы байланыс жөніндегі жеткізуші Атырауға тауар жібереді. Тауармен бірге жөнелтпе құжаттар пакеті («нақты» мөр басылған түпнұсқа құжаттар): инвойс, келісім-шарт, есеп-фактуралар, тауарларға сипаттама құжаттары мен тауарлық жөнелтпе құжаттар келеді. Құжаттардың бір данасы алушыда қалады. Алушы-жауапты тұлға тауарлық жөнелтпе құжатына тауарды алғандығы туралы қол қойып, құжатты қайтадан Ресейге жібереді.

- Өзіміздегі дананың көшірмесін жасап, келісім туралы декларация есебін тапсырамыз. Бұл әкелу туралы өтініш деп аталады. Мен мұны тауар алған уақыттан бастап келесі айдың 20-жұлдызына дейін жасауға тиіспін. Мәселен, егер алтын бұйымдар Атырауға 10 қазанда келсе, мен келу туралы өтінішті 20 қарашаға дейін беруім керек, – дейді Дариға Қоңырова.

- Кәсіпкерлерді түсінуге болады. Олар тауарды тікелей өндірушілерден сатып алса, проблема туындамайды, ол алтын бұйымдарды ҚҚС-сыз береді. Ал делдал арқылы қиындау. Олар тауарды ҚҚС-мен көрсетеді. Нәтижесінде біздің кәсіпкерлер әуелі ресейлік ҚҚС төлейді, содан соң қазақстандық ҚҚС төлейді. Сонда барлығы 30 пайыз болады. Бағалы металлдардан жасалған бұйымдардың құнын ескерсек, өте қомақты сома шығады, - дейді облыстық кәсіпкерлер және жұмыс берушілер одағының директоры Нина ТЕМІРБАЕВА.

Ол біздің кәсіпкерлерге өздерінің ресейлік серіктестерінен өзара сауда жөніндегі жанама салықтарды төлеуді реттейтін халықаралық келісім-шарттарды сақтауды талап етуге кеңес береді.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген автор

10 қазан 2012, 16:22

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.