Мұнай саласындағы соңғы оқиғалар, атап айтқанда,D аралындағы жергілікті және үнділік жұмысшылар арасында орын алған төбелес беймаза ойларға жетелейді.
Алдымен не болғанын еске түсірелік. NCOC консорциумының өзі растап отырғандай, төбелеске екі мердігер компанияның қазақстандық және шетелдік 30-40 шақты жұмысшылары қатысқан. Бәрі де шайға үзіліс жарияланған кезде асхана кезегіндегі дөрекілеу даудың (прокуратура жорамалы) немесе әлдебіреудің басқа бір жұмысшының үстіне шыныаяқ кофе төгіп алғанынан басталған (біздің дереккөздеріміздің растауынша).
Өз баспасөз релизінде прокуратура жанжалға қатысқан екі фирманың мүшелері ешқандай қақтығыссыз, алауыздықсыз, төбелеспей 5 жылдан астам уақыт іргелес жұмыс жасағандығын растап отыр. Қазір екі тарап та – қазақтар да, үнділер де болған оқиғаға өкініш білдіріп отырған көрінеді.
Әрине, шындықты бұрмаламау үшін кез-келген бұзақылық ауқымын дабырайтуға болмайды. Бірақ көріністі де дәл солай боямалауға болмайды. Біз әлі күнге дейін 2006 жылы Теңізде орын алған жаппай тәртіпсіздік кезінде жапа шеккендердің нақты санын білмейміз. Ал ол жерде бәрі де осы секілді басталған болатын. Жорамалдардың бірі бойынша, бәрі ТШО асханасында басталған. Қазақ жұмысшысы кезексіз өтіп кетпек болғанда, ашулы үш түрік азаматына тап болыпты. Басқа бір жорамал бойынша, түріктер рұқсат нарядына қол қоюдан бас тартып, қазақстандық өрт бақылаушысын ұрып тастағаннан кейін басталған. Екі тараптан да жүздеген жұмысшысы қатысуымен төбелес басталып, 150-дей түрік жұмысшылары зардап шекті, бәлкім, қаза болғандар да бар болар.
Мұндай қақтығыс кездейсоқ тұтанбайды. Оған кемсітушілікке ұшырап жүрген қазақстандық жұмысшылардың жағдайы себеп болып отыр. D аралындағы ахуалға қатысты прокуратура баспасөз-релизінің жайбарақат ұстанымы тіпті шошытады. Тараптардың бір-бірімен достық пейілде болғанына сену қиын-ақ.
Бұл жағдайда біздің биліктің тиянақсыздығы қатты алаңдатады. Өздеріңіз ойлап қараңыздар. Өткен жылдың аяғында Мәсімовтің үкіметі еліміздің үш ірі: Қарашығанақтағы, Қашағандағы және Теңіздегі инвестициялық жобаларға 2015 жылға дейін шетелдік жұмыс күшін әкелуге қойылған шектеуді жою туралы шешім қабылдады. Осыдан кейін сол жерде қазақстандықтар мен шетелдіктердің санының ара қатынасы өзгеретіні баршаға түсінікті болды. Енді шетелдік инвесторларға еркіндік тиді.
Ал биылғы жылдың қыркүйегінде инвесторларға арналған мұнай форумында «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басшысы Ләззат ҚИЫНОВ жұмыссыздық қаупі туралы, осыған байланысты Батыс өңірінде жаңа өндіріс пен жұмыс орындарын құру өте қажет болып отырғанын мәлімдеді. Ендеше біздің мұнай жобаларындағы жұмыс орындарын неліктен босатып берген деген сұрақ туындайды. Бүгінде ауыр экономикалық дағдарысты бастан өткеріп жатқан Еуропадағы жұмыссыздық проблемасын шешу үшін бе? Орташа деңгейлі еуропалық менеджерлер біздің жобаларымызда әп-сәтте топ-менеджерлер позициясына дейін көтеріледі. Әлде Үндістан мен Филлипин халықтарын тұрақты табыспен қамтамасыз етіп отыру үшін бе?
Тағы бір сұрақ: осы секілді жобаларды салуда тәжірибе жинақтаған өз мамандарымызды қайда жібереміз? Жаңа өндірістер құрылғанша, жұмыссыздар қатарын көбейту үшін далаға лақтырып тастаймыз ба? Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын құру туралы президентіміздің жариялаған доктринасына бұл сәйкес келе ме? Президенттің басты идеясы қоғамдағы әлеуметтік қобалжуды азайтып, әлеуметтік наразылық себептерін жою болып табылады. Өйткені, аталмыш қаулыға сәйкес, Қашағанда ұлттық жұмысшылар саны қысқартылып жатыр, бәлкім, әрі қарай да басқа жобаларда қысқартыла беретін шығар. Ал президент сынға алған «пысықайлар» мен «қоянқайлар» өз орындарында қала береді.
Тағы бір жайт, соңғы жылдары еңбекақылары мен еңбек жағдайларының тең болмауы, біздің және шетелдік жұмысшылар арасындағы әлеуметтік пакеттердегі айырмашылықтар ұлттық мамандарды қатты ызаландырып келеді.
Қазақстанның экономикасына инвестиция қажет екендігіне ешкімнің дауы жоқ. Қазақстанның күрделі жобаларды өздігімен көтеретін қаржысы да, технологиясы да жоқ. Есесіне оны инвесторлар алды. Ал олар кешікпей Қашағаннан өздеріне тиімді шарттармен біздің мұнайымызды да алады.
Алайда, болашақта мұнайдан түсетін кірістер мен үлкен жеңілдіктерден басқа, шетелдіктер үшін Қазақстанда теңдесі жоқ қолайлы жағдайлар жасалып отыр. Бұл туралы әлденеше рет айтылды да.
Интернеттегі сайттардың біріндегі Марина деген никпен шығып отырған пайдаланушының қызықты комментарийін келтіріп өтейін (стилистикасы мен орфографиясы сақталған): «Мәселен, Қашаған жобасындағы шетелдіктердің еңбекақы төлеу қоры өндірістік шығындармен жабылады, оны өз кезегінде қазақстандық тарап төлеп отыр.Бұл мұнайдың болашақ кірістерінің қазақстандық үлесінен олардың еңбекақыларын – шетелдегі және біздегі рекрутингтік компаниялар арқылы айына 45-60 мың доллардан төлеп отырмыз деген сөз.
Қазақстанда берілетін жалақы орташа, ал рекрутингтік компаниялар арқылы берілетін ақы – құпия болып отыр. Бұл осы жерде салықты көп төлемеу үшін, қазақстандық прокуратураға осы жерден тиын-тебен алып отыр деп көрсету үшін жасалған.
Бізде жоқ жоғары санатты шетелдік мамандарды әкелу керек екендігін түсінемін. Бірақ бәрін бірдей жаппай әкелу керек емес қой.
Қазақстандық тараптың ешқайсысы шетелдіктер алып отырған жұмыс орындарын түгендемейді, оның үстіне біз оларға көп төлеп отырмыз. Бізге шетелдік пиар-директорлар, коммерциялық директорлар, канцелярия, кадрлар бөлімі не үшін қажет?! Біздің өзімізде лайықты адамдар жеткілікті ғой.
Қашаған жобасы бойынша айтар болсам, бұл бір тұтас хикая. Атырауда NCOC компаниясында, ең алдымен, экспаттарға, олардың балаларына, әйелдеріне және т.б. қызмет көрсететін тұтас таксопарк бар. Олардың қала бойынша қарапайым көліктермен жүруге құқылары жоқ. Тек компанияның 24 сағаттық тегін таксиімен жүреді. Сондықтан біздің жүргізушілер құл секілді, түнделетіп шетелдіктердің шақыртуына барады, әлгілерді жергілікті жезөкшелерге апарып, машиналарында күтеді, ал кейде шетелдіктерге жезөкшелермен бірге қаланы аралатып қызмет көрсетеді. Ал бензинді, жүргізушінің еңбегін – бәрін қазақтар төлейді. Бұдан басқа, Аджипте шетелдік жұмысшылардың тұрмыстық мәселелеріне арналған департамент бар. Біздің «ақымақтар» таңертеңнен кешке дейін қаланы аралап, шетелдіктердің әйелдеріне гигиеналық төсемдерден бастап дәретхана қағазына дейін сатып алып, үйлеріне апарып тастайды. Осы компаниялардағы шетелге іссапармен жіберілген қазақстандықтардың ешкім де бұлай табанын жаламайды.
Ал жергілікті, қазақстандық жұмысшыларға жұмыс бойынша бір жерге бару керек болса, оған рұқсат бермейді.
Барлық жерде - әлеуметтік пакеттерде де, еңбек жағдайында да, еңбекақы төлеуде де және т.б. алалаушылыққа жол берілген».
Еліміздің тарихындағы қазақстандық және шетелдік жұмысшылар еңбекақысындағы едәуір айырмашылықтардың заңдылығына наразылық білдірген талап-арыз бойынша алғашқы азаматтық процесс биліктің өз отандастарын кемсітушілікке қарсы күресуге ниеті жоқ екенін көрсетті. Естеріңізге салсақ, еңбек департаменті бірінші инстанциядағы сотта жеңіліп қалған болатын.
Сондай-ақ, соңғы оқиғалар билік жүйесі мен отандық мұнай саласына терең дендеп кеткен сыбайластықтың шетелдік компаниялар қатысқан ірі мұнай-газ жобаларында да өркен жайғанын дәлелдейді.
Мұндағы сызба да бюджет қаржыларын ұрлау сызбасы секілді, жұмыс көлемдері «өз» компанияларына берілетін сондай күмәнді тендерлер болады, ал олар өз кезектерінде оларды қосалқы мердігерлерге береді.
Нәтижесінде – мерзімі кешіктіріліп, сапасы нашар болады. Шалғай ауылға атүсті салынған әлеуметтік нысан туралы әңгіме бір басқа да (дегенмен, мұнда да құрылысшылар мен шенеуніктер жауапкершіліктен босамайды), миллиардтаған долларлар, мемлекеттік мүдделер, ең бастысы – Каспий өңіріндегі халықтың өмірі мен денсаулығы бәске тігіліп отырған ірі мұнай-газ жобасы туралы әңгіме бір басқа.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА