Қытай мен АҚШ арасындағы сауда соғысының шегі бар ма. Екі мемлекеттің салқын қабағы тіпті одан әрі мұзға айналуы мүмкін.
Себебі ресми Пекин Құрама Штаттармен сауда қатынасын жақсартуға ниетті екенін білдіргенмен АҚШ-тың әрекетіне қарсы тұруға дайын екенін мәлімдеді. Халықаралық қауымдастық болса сауда соғысынан әлем экономикасына қауіптің күшейгенін айтуда. Қытай мен АҚШ арасындағы сауда келіссөзі мамыр айында нәтижесіз аяқталғаннан бері екіжақты қатынас ушығып тұр. Кеше Бейжің Американың қысымына қарсы күресті жалғастыра беретіндігі туралы тағы мәлімдеме жасады. Себебі, президент Дональд Трамп Қытай келісімге келмесе шараны күшейтетінін айтты. АҚШ бұған дейін Қытайдан келетін тауарларға алымды 10 пайыздан 25-процентке дейін өсірсе, Бейжің 5 мың америкалық өнімге баж салығын енгізген болатын.
Гэн Шуан, Қытай Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі: - Қытай сауда соғысын жүргізгісі келмейді. Бірақ біз еш нәрседен одан қорықпаймыз. Егер АҚШ тең дәрежеде келіссөз жүргізем десе есік ашық. Алайда Америка қазіргі ұстанымынан бас тартпаса біз алған бетімізден қайтпаймыз. Бірақ Президент Дональд Трамп Қытай АҚШ-пен сауда келісімін жасауға мүдделі екендігін айтады. Ақ үй қожайыны мәселені маусымның 28-29-ы күндері Жапонияның Осака қаласында өтетін үлкен жиырмалық саммиті барысында талқылауға ниетті.
Дональд Трамп, АҚШ Президенті: - Қытай АҚШ-тың басты бәсекелесі. Қазір бұл мемлекет бізбен сауда келісімін жасағысы келіп отыр. Мен төраға Си Цзиньпинмен үлкен жиырмалық шеңберінде кездесіп, мәселені жан-жақты қарастырамыз деп үміттенемін. Ал Халықаралық валюта қорының басшысы Кристин Лагардтың мәлімдеуінше, екі мемлекеттің сауда соғысы әлем экономикасына кері әсер етуде. Текетірестен ғаламдық экономиканың дамуы қарқыны бәсеңдемек.
Кристин Лагард, халықаралық валюта қорының басшысы: - Біздің болжамымыз бойынша АҚШ-пен Қытай арасындағы сауда соғысынан әлем экономикасы келесі жылы 0,5 процентке төмендейді. Бұл 455 миллиард доллар. Салыстырмалы түрде айтсақ оның көлемі Оңтүстік Африка экономикасынан көп. Сондықтан мұндай текетірестен бас тарту қажет. Ресми дерекке сүйенсек екі елдің сауда айналымы соңғы 5 айда 14,5 процентке азайып, 209 миллиард долларды ғана құраған. Сауда соғысы әлемдегі қара алтынның құынына да әсер етіп, оның бағамы біршама төмендеген. Бірақ президент Дональд Трамп Жапонияда Қытай басшысымен келісімге келе алмаса бұл мемлкетке қысымды одан әрі күшейтетінін айтып отыр.
Дереккөз: 24.kz