ENI компаниясының көмегімен «Ақ Жайық» резерватында Болонья университетінің «Альма-Матер» қоры жүзеге асырып жатқан «Жайық өзені сағасындағы бақ» жобасының аясында Атырау өлкесіне итальяндық мамандар тағы да аяқ басты.
БОЛОНЬЯДАН ӘКЕЛІНГЕН ДҮРБІЛЕР
– Резерваттың құрылғанына бар болғаны үш жыл болды, алайда оның тек біздің елге ғана емес, одан тысқары жерлерге де аты шықты, - дейді БҰҰ даму бағдарламасы жобаларының ұлттық биотүрлілік стратегиясы жөніндегі үйлестірушісі Талғат КЕРТЕШЕВ.
Жайық өзенінің сағасын Қазақстандағы 19 сулы-батпақты жерлердің ішінде маңызы жағынан алдыңғы орында тұр деуге болады. «Ақ Жайық» мемлекеттік табиғи резерваты (МТР) Рамсар конвенциясымен қорғалатын табиғи аймақтар тізіміне енгізілген. Бүгінде бұл тізімге Қазақстан аумағында біздің резерваттан басқа тек Теңіз-Қорғалжын көлдер жүйесі ғана енген. Резерват Жаһандық экологиялық қор/БҰҰ Даму бағдарламасының «Жаһандық маңызға ие сулы-батпақты алқаптарды қоныс аударатын құстардың мекендейтін орындары ретінде кешенді сақтау» жобасына қатысты.
Бүгінде БҰҰ даму бағдарламасы желісі бойынша 3 жылдық «ҚР-да биотүрлілікті басқару жөніндегі ақпараттық жүйені құру» деп аталатын жаңа жоба жұмысын бастады. Оған қатысу үшін үш пилотты аумақ таңдап алынды, соның ішінде «Ақ Жайық» резерваты да бар.
– Бұл өте маңызды жоба, – дейді Болонья университетінің профессоры, жоба үйлестірушісі Джованни ГАБИАНЕЛЛИ. – Ол бірнеше бағыттар бойынша жүзеге асырылады: ғылыми зерттеу және мониторинг, экотуризмді дамыту және резерват жұмысшыларының мүмкіндігін арттыру, сондай-ақ, ЮНЕСКО-ның биосфералық резерваттарының тізіміне енгізу үшін «Ақ Жайық» МТР номинациялық құжаттамасын дайындау.
Болонья университеті құжаттарға тіркеу үшін қажетті «Ақ Жайық» резерваты туралы бейнефильмді түсіру қаржысын өз мойнына алды. Бағдарламаның итальяндық серіктестері біздің мамандарға іске қатысты тәжірибелерімен көмектеседі: По өзенінің сағасы бойынша олар жасақтаған бақ жобасы морфологиялық құрылымы бойынша Жайық сағасына өте ұқсас екен.
– Өткен жылдың қыркүйек айында ниет білдірушілердің барлығы құрлық және су жолы арқылы бірнеше экологиялық туристік бағыттарды аралап көрді. Болонья университетіндегі біздің әріптестеріміз туристер үшін велосипедтер, дүрбілер, фотоаппараттар алуға көмектесті. Балық жүретін канал маңына шолу мұнарасы салынған, - деп әңгімелейді «Ақ Жайық» МТР директоры Елемес РАХМЕТОВ. – Біз резерватты жергілікті және басқа жақтан келуші туристер үшін сүйікті демалыс орнына айналады деп үміттенеміз.
ИТАЛЬЯНДЫҚТАР ДА БІРДЕН ТҮСІНЕ ҚОЙМАҒАН
Әзірге резерватта шешілмеген проблемалар көп. Біріншіден, браконьерлік. Екіншіден, сулы-батпақты жерлерге жету қиын, бұл өрт кезінде өте үлкен проблема. Мәселен, биылғы жылдың көктемінде Пешной аралында қамыс өртенді. Өрт балық жүретін каналдың келесі жағына өршіп кетіп, барлығы 2 мың гектар жер өртке оранды. Ал 29 тамызда резерват аумағында орын алған өрт тағы 2,5 мың гектар жерді бүлдірді. Резерватты қадағалап отырған мамандардың растауынша, бұл өрттер кезінде жануарлар мен құстар шығыны болмаған.
«Ақ Жайық » мемлекеттік табиғи резерватының жалпы алаңы – 111,500 га. Оның аумағында омыртқалы жануарлардың 460-тан астам түрі: құстардың 292 түрі, балықтардың 76 түрі, бауырымен жорғалаушылардың 20 түрі және сүтқоректілердің 48 түрі мекендейді. Бұл көптеген қоныс аударатын құстар үшін ұя салатын және түлейтін маңызды жер. Жайық сағасы - бекіре тұқымдастардың уылдырық шашатын орны.
Экотуризмді дамыту мәселелері: инфрақұрылымды құру, тамақтану нысандарын, кәдесыйлар сатылатын дүкендер ашу және т.б. ең күрделі бағыттардың бірі болып есептеледі. Е.Рахметовтың айтуынша, Еркінқала мен Дамбы округтерінің тұрғындары өздерінің резерватпен көршілес болуы тиімді екенін әзірге жете түсінбей отыр. Өткен жылы меймандар алаша тоқу құпиясын бөліскен бір ғана жергілікті шебер әйелдің өнеріне қанық болған. Ал қонақ қабылдайтын үйлер ашқысы келетіндер одан сәл көп - екі адам Дамбы мен Еркінқала тұрғындары.
Дегенмен, итальяндық серіктестердің айтуынша, олардың да бақ ашуға бірнеше жыл уақыты кеткен екен.
– Біз По өзені сағасының бағын жобалауды енді ғана бастаған кезде, жергілікті тұрғындар да қызығушылық таныта қоймаған болатын, - дейді Джованни Габианелли. – Есесіне қазір олар дән риза, өйткені бұл бақ барша жан үшін сүйікті демалыс орнына айналды.
Бүгінде 4 туристік маршрут: 2 су және 2 құрлық бағыты жобаланған. Ақпараттық тур шеңберінде 30 қыркүйекте «Ақ Жайық» МТР-да ашық есік күні ұйымдастырылды. Ниет білдірушілердің барлығы Дамбы селолық округіне келіп, экотуризм шеңберінде кәсіпкерлер мен жергілікті тұрғындар қандай қызмет түрлерін ұсына алатындығын өз көздерімен көрді. Мәселен, бұл жолы бағдарламада «Аударыспақ» және «Қыз қуу» секілді ұлттық ойындар көрінісі, атпен серуендеу, меймандарға ұлттық тағамдар мен сусындар – шұбат пен қымыз ұсынылған киіз үйлер қалашығындағы түскі ас енгізілген. Ал су жолы бағыты бойынша, әлбетте, теңізге шығуға болады.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген автор және "АЖ" мұрағатынан алынды