Финляндияда 2 млн жұмысшыға шаққанда кәсіби кеселмен сырқаттанудың 5 000 жағдайы, Қазақстанда өнеркәсіп кәсіпорындарында жұмыс істейтін бір жарым миллион адамға 1 000 жағдайдан келеді екен. Неліктен жоғары технологиялық өндірісі мен еңбек қауіпсіздігі жоғары деңгейдегі батыс елінде кәсіби сырқат шикізат өнеркәсібімен айналысатын бізге қарағанда бірнеше есе жоғары?
НӨЛДІК СТАТИСТИКА
ҚР ДСМ «Еңбек гигиенасы және кәсіби аурулар ұлттық орталығы» РМҚК директоры Ізтілеу АМАНЖОЛДЫҢжәне «Еңбек гигиенасы және кәсіби аурулар ұлттық орталығының» Батыс Қазақстан филиалының басшысы Арыстан МАМЫРБАЕВТЫҢ (суретте) қатысуымен Атырауда өткен кәсіби патологияның өңірлік проблемалары жөніндегі семинарда кәсіби ауруларды анықтау деңгейінің төмен болу себебі талқыға салынды.
Жалпы, мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитеті Атырау облыстық департаментінің бастамасымен ұйымдастырылған семинардың осындай деңгейде өткізілуі – біздің аймағымыз үшін орайластырылған оқиға. Өйткені, біздің облысымыз зиянды еңбек жағдайында жұмыс істеу жағынан көшбасшы болып табылады. Бізде27 000-нан астам адам жұмыс істейді. Салыстыру үшін: Алматы облысында зиянды еңбек жағдайында 22 000 адам, Қызылорда облысында 16 000 адам жұмыс істейді.
Мемлекеттік санитарлық- эпидемиологиялық қадағалау комитетінің Атырау облыстық департаментінің өнеркәсіптік кәсіпорындарды қадағалау жөніндегі бөлім бастығы Айгүл ЫСҚАҚОВАНЫҢ баяндамасынан:
– Теңіз кеніші көп жылдардан бері игеріліп келеді, қазіргі кезде Солтүстік Каспий мұнай-газ кенішін игерудің ірі жобалары жүзеге асырылуда. Оған мұнай өңдеу зауытын қосыңыз. Өнеркәсіп кәсіпорындарында жұмысшыларға факторлар кешені: химиялық заттар, шуыл, тербеліс, ауыр еңбек әсер етеді. Бұдан басқа, Батыс Қазақстанның табиғи-климаттық жағдайы қолайсыз: жазы өте ыстық, құрғақ, ал қысы суық болып келеді, - дейді А. Ысқақова. – Облыста мұнай-газ өнеркәсібінің дамуына байланысты жыл сайын нысандар саны көбеюде. Соған сәйкес, зиянды әрі қолайсыз еңбек жағдайында жұмыс істеушілер саны артуда: 2010 жылы - 22 790 адамға, 2011 жылы – 25 588 адамға жетті. Алайда кәсіби сырқаттану жағдайлары анықталмай отыр.
Санитарлық дәрігерлердің өздері кәсіби ауруды анықтамайды (олар қадағалау қызметін жүзеге асырады) - мұнымен кәсіпорынмен келісім-шарт жағдайында жұмыс істейтін ведомстволық зертханалар мен кәсіптік патологтар айналысады. Сондықтан да, мәселен, сол АМӨЗ-де немесе Теңізде бірде-бір кәсіби сырқат анықталмағандығын болжау қиын емес. Алайда проблеманы жасырғанмен, оның өзектілігі азая ма?
ТӘУЕЛСІЗДІК ҚАЖЕТ
Облыстық СЭС мәліметтері бойынша, 2010 жылы жалпы тексерілген адамдардың 18-і, ал 2011 жылы 10 адам кәсіби ауруға шалдықты деп күдіктелді. Соның ішінде алтауына ғана «Еңбек гигиенасы және кәсіби аурулар ұлттық орталығының» Батыс Қазақстан филиалы алдын-ала диагноз қойды. Олардың құжаттары сараптама жасау үшін Қарағанды қаласындағы бас орталыққа жіберілді. Сол кезде «ЕмбіМұнайГаз» ӨФ-де жұмыс істейтін бір науқастың «өндірістік шуылдың әсерінен есту қабілетінің жеңіл дәрежедегі екі жақты нейросенсорлық құлақ мүкістігі» деген диагнозы расталды.
Бұл Атырау облысындағы алғашқы және бірден-бір кәсіби сырқат тіркелген жағдай. Ал елімізде 2012 жылдың 1 қаңтарындағы кезеңде кәсіби аурудың 1 006 жағдайы тіркелген. Басым бөлігі Қарағанды облысының еншісінде – 775.
Біз «Еңбек гигиенасы және кәсіби аурулар ұлттық орталығының» Батыс Қазақстан филиалының басшысы Арыстан Мамырбаевтан кәсіби ауруды анықтау деңгейінің төмен болу себебін атауды өтіндік.
– Менің пікірімше, басты себеп - тұрақты дәрігерлік комиссияда еңбек ететін дәрігерлер ренжімесін, кәсіптік патолог-дәрігерлердің және белгілі бір сала дәрігерлерінің біліктілік деңгейінің төмендігі. Екінші себебі – медицина мекемелерінің бәрі бірдей толығымен диагностикалық жабдықтармен жарақталмаған. Үшіншіден, бәлкім, бастысы шығар – медициналық мекемелер өнеркәсіп кәсіпорындары басшыларының жетегінде кетеді. Өйткені жұмыс беруші келісім-шарт жасаған кезде: егер кәсіби сырқатттарды анықтайтын болсаңыз, сізбен жасалған келісім-шарт күшін жояды деп ескертеді.
– Сонда не істеуге болады?
– Көп параметрлер бойынша, соның ішінде осы тұрғыда жер қойнауын пайдаланушылармен жасалған келісім-шарттарды қайта қарау керек. Кәсіпорынның өз ішінде жұмыс жасайтын сараптама зертханасы болмауы тиіс. Мұндай жағдайда әділ баға берілмейтіндігі анық қой.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА
Суретті түсірген автор