Атырау, 28 желтоқсан 09:30
 бұлыңғыр боладыВ Атырау 0
$ 521.81
€ 543.67
₽ 5.05

Ауыз сусыз ауыр күндер әлі алда

4 597 просмотра

Индербор поселкесінде ауыз су проблемасын шешу мақсатында бірнеше миллион қаржы жұмсалғанымен, аудандағы су мәселесі сол күйі шешілместен қалды. Ал осы қыста онда ауыз су болмауы да әбден мүмкін.

«САҚАЛДЫ» СУ ҚОНДЫРҒЫСЫ

Құны 514 млн теңгеге бағаланған мембранды су тазарту қондырғысының (СТҚ) (суретте) құрылысы 2007 жылы «АминаСтройСервис» ЖШС-мен басталып, 2010 жылы аяқталған болатын. Сол кезде облыс әкімі болып тұрған Бергей РЫСҚАЛИЕВ нысанды ашу рәсіміне орай лентаны өз қолымен қиды. Алайда жаңа су тазарту қондырғысы толық жүйеде іске қосылған жоқ. Ал екі ай бұрын «АминаСтройСервиз» ЖШС ауданаралық экономикалық сотқа мекемені банкрот деп тану жөнінде арыз берген. Бұған келіспеген тапсырыс беруші мердігердің нысанды заң талаптарына сай тапсырмағаны жөнінде сотқа арызданған. Шешім әлі қабылданған жоқ.

Бейресми ақпар бойынша, бүгінде құқық қорғау органдары серіктестікті тергеу жұмыстарын жүргізуде.

 

СУСАҒАН РЕЗЕРВУАР

- Мен осы салада бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келемін. Мембранды СТҚ бұл өңірге сәйкес келмейді деп есептеймін. Ол Жайық өзенінің лас суын үнемі тазарта алмайды. Оған таза, мөлдір су керек. Оның үстіне бұл резервуар биік орналасқан. Ал Жайықтан төмен аққан су қоры және жалпы су тікелей тартылғасын бірнеше тетіктерінің істен шығуына әкеліп соқты. Өзен суын тұндыруға арналған қосымша резервуарлар қажет,- дейді «ИнТехЖайық» ЖШС-нің учаске бастығы Марат ХАМЗИН.

Өткен жылы мұндай резервуардың құрылысына ТЖ қорынан 90 млн теңге бөлінуі тиіс болатын. Мердігер компания - «ЦентрСтройЛТД» ЖШС болды. Алайда, мердігерге уәде етілген қаржы көлемінің 27 млн теңгесі ғана төленді. Бүгінде құрылыс жұмысының басым бөлігі бітіп, «ЦентрСтройЛТД» ЖШС екі айдан бері сынақ мерзімімен индерліктерге су жеткізіп беріп отыр. Бірақ...

- Қазірдің өзінде резервуардың бетінде тесік пайда болып, су далаға кетіп жатыр. Лас су қалдығын құятын шұңқыр толып болды. Оны қайда жібереді, белгісіз. Су тұндыруға арналған резервуар ғимаратының төбесінен аспан көрініп тұр. Бұл түрімізбен қыста қиын болатын түрі бар,- дейді жұмысшылар.

- Біз 172 млн теңгенің жұмысын орындадық. Алайда, қолымызға тек 27 млн теңге тиді. Тапсырысшы бізге 145 млн теңге қарыздар болып қалды. Оның қашан қолға тиетінін білмейміз. Бірақ жұмысты толық бітіреміз, - дейді «ЦентрСтрой ЛТД» ЖШС директорының орынбасары Нұрамбек ҚОЖАБАЕВ.

- Жұмысшылар сапаның жоқтығын айтып отыр. Мәселен жаңадан салынған бір 800 текше метрлік резервуар тапсырылмай жатып тесілген. Мұны қалай түсіндіресіз?

- Оны қайтадан жөндейміз. Негізгі құрал-жабдықтар Мәскеуден алынды.

Индер ауданы әкімінің орынбасары Бауыржан ИМАНҒАЗИЕВ резервуар құрылысына жетпей тұрған қаржының облыстық бюджеттен түсуі тиіс болатынын айтып отыр. Бірақ, құрылыс жұмысы сметалық жобасының 2012 жылдың тамызында берілуіне байланысты кешіккен. Енді қаражат тек келесі жылы түседі.

 

«ӘРІ ҚАРАЙ БҰЛАЙ ЖҰМЫС ІСТЕУ МҮМКІН ЕМЕС»

Осы жылдың 20 маусымынан бастап Индербор поселкесін сумен қамтамасыз ету жұмыстарымен «ИнТехЖайық»ЖШС айналысып отыр. Күні бүгінде поселке халқына тәулігіне 2700 текше метр су берілуде. Серіктестік басшылығы маусым мен қыркүйек айларының аралығында 72 апат болғанын айтып отыр.

- Тәулігіне біз 300-400 текше метр суды жоғалтудамыз. Бірақ су шығынының қайдан пайда болғанын анықтау мүмкін болмауда. Жерасты су құбырлары қалай болса, солай тапсырылған, - дейді «ИнТехЖайық» ЖШС директоры Мақсот САРМАНОВ. -Осы күнге дейін ескі және жаңа су құбырларымен су айдалған. Біз жаңасын ескісінен ажыратуға күш салудамыз. Су қысымын, бағытын реттегіш 117 задвижканың 90 пайызы жарамсыз. Амал жоқ, дәнекерлеу кезінде құбырлардағы суды далаға ағызып жіберуге тура келеді, бұл да су шығынының көбеюіне әкеліп соғуда. Және жөндеу біткенше поселке сусыз отырады. Дәл осындай бағытпен жұмыс жасау мүмкін емес. Оның үстіне екі ай сынақ мерзімімен жұмыс жасап жатқан жаңа су қондырғысы күлдей шығынға батыруда. Енді жаңа су қондырғысының жұмысын тоқтатамыз деген шешімге келіп отырмыз.

Жаңа СТҚ жұмысын тоқтатса, онда 13 мың халқы бар поселке сусыз қалмақшы. Өйткені соған дейін жұмыс жасап келген ескі су тазарту қондырғысы істен шыққан. Ескі СТҚ-сын күрделі жөндеуден өткізу үшін 50 млн теңге қажет. Мамандардың айтуынша, фильтрлерін жөндеуге 5 млн теңге бөлінсе, онда ол әлі 2-3 жыл жұмыс істейді.

- Күні бүгінде ауыз су жайы өте күрделі күйде қалғаны рас. Біз ескі СТҚ-ны іске қосу үшін облыстық бюджеттен қаржы сұрап отырмыз, оның қалай шешілетіні әзірге белгісіз,- дейді Индер ауданы әкімінің орынбасары Б.Иманғазиев.

- Ал егер қаржы бөлінбесе?

- Әлбетте, поселке сусыз қалады.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

3 қазан 2012, 21:37

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.