Украина Жоғары Радасы украин тілін бірден-бір мемлекеттік тіл етіп белгілеген заң жобасын бекітті. Бұл заң мемлекеттік тілді сөзсіз білуді міндеттейді және басқа тілдердің қолданылуын шектейді.
Аталған заңның тармақтарында орыс тілі туралы бірде-бір рет айтылмағанымен, есесіне ағылшын тілі туралы 18 жерде айтылған. Жоғары Рада қабылдаған заң бойынша, украин тілі мемлекеттік және ресми тіл болып бекітілген. Ал, Рада төрағасы Андрей Парубий бұл туралы пікірінде: «Украин тілі – елдің ұлттық қауіпсіздігі. 2014 жылы Ресей танктері қай жерде орыс тілі болса сол жерге барды. Украин тілі мемлекеттік негізін құрайды. Бұл туралы заңның болуы украиндықтардың өзін өзі құрметтегенін көрсетеді», – деп бағалаған.
Украин Жоғары Радасы қабылдаған заң бойынша ана тілдері орталық және жергілікті биліктің, сондай-ақ барлық қоғамдық тармақтарында артықшылыққа ие бола алады. Украина азаматтығын алу үшін міндетті түрде мемлекеттік тілді білетінін дәлелдеуі керек. Ал, Украинада жасайтын өзге аз санды ұлттардың мектепке дейінгі және мектепте өз ана тілінде білім алуға құқығы бар деп көрсетілген. Сондай-ақ, мемлекеттік тіл туралы аталған заң қабылданғаннан кейін 2 жыл толғанда мемлекеттік телеарналар мен радиолар мемлекеттік тілдегі эфир уақыты 90 пайызға дейін көтеруге міндетті. Жергілікті каналдар болса 80 пайыз мемлекеттік тілде эфир жүргізуге міндеттелген.
Басқа тілдерде жарық көретін басылымдар украин тіліндегі нұсқасын шығаруға міндеттелді. Қабылданған заң Украин территориясындағы компьютерлік программалардың интерфейсі украин және ағылшын тілінде болуды талап етеді. Орыс тілін қолдануды шектейді. Мемлекеттік қызметкерлер мемлекеттік тілді білуге міндетті. Заң қабылданып бір жарым жылдан кейін барлық қызмет өтеу орындарында мемлекеттік тіл қолданылуы керек. Айталық, ресторандардан тартып, интернет-дүкендерге дейін мемлекеттік тілде қызмет өтеуді талап етеді. Әрине, кейде тұтынушының талабына қарай өзге тілде қызмет алуына заң шектеу қоймайды.
Президент Порошенко сайлау кезінде «Сенім, Тіл және Армия» деген ұранмен өткізген болатын. Ол бұл заң жобасын ашық қолдайтынын көрсеткен, сайлаудан ұтылып қалғаннан кейін, Рада мақұлдағаннан кейін бірден қол қойып кететінін білдірген. Жаңа сайланған президент Зеленский де бұл туралы пікірн білдіріп, заңды атқаруды жолға қоятынын, бірақ, жазалау, тыйым салу арқылы емес, позитивті және мүмкіндіктер бере отырып жүзеге асыратынын білдірді.
Дереккөз: qazaqtimes.com