Атырау, 28 желтоқсан 10:11
 бұлыңғыр боладыВ Атырау 0
$ 521.81
€ 543.67
₽ 5.05

Бақша аз, бала көп

5 596 просмотра

Облыстағы жалғыз ғана мектепке дейінгі авторлық гимназия  (МАГ) өзінің 35 жылдығын тойлауда. Жоғарғы мәртебе ұжымды балаларды тәрбиелеу мен мектепке даярлаудың жаңа бағдарламаларын енгізуге міндеттейді. Алайда бүгін бұл мекеменің жағдайы бұған мүмкіндік бермей отыр.

БАСҚА БАҒЫТ

90-жылдары көптеген жергілікті балабақшалар жабылып, қайта профильденген кезде балабақша негізі қаланған 1977 жылдан бері директор лауазымында еңбек етіп келе жатқан Наталья АЛЮШИНА басшылық еткен «Снегурочка» деп аталатын Химия зауытының балабақшасы педагогтарының шығармашылық ұжымы ерекше бағытты ұстанды. Қызметкерлері авторлық «Қызықты математика» бағдарламасын жасақтап, оны қорғаған соң, балабақша мектепке дейінгі гимназия атағын алған болатын. Бұл жерде жеңіл әрі түсінікті түрде бүлдіршіндерді есте ұстау қабілетін, зейінін, шығармашылық қиялын дамытуға үйретеді. Көп жылдар бойы мектепке дейінгі гимназия өзін-өзі тану курсы сыналған республикалық тәжірибе мекемесі болды. Тәжірибе сәтті өтіп, бүгінде «Өзін-өзі тану» пәні мектептерде оқытылуда.

Жұмыс істеген жылдар ішінде ұжым көптеген авторлық бағдарламалар жасап шығарды. «Игра – дело серьезное» бағдарламасы бойынша ойын барысында балалар белгілі бір мамандық иелерінің немен айналысатынын түсінеді. «Жас зерттеуші» - балаларды зерттеу әдістері мен талдау жасауға үйретеді. «Растишка» бағдарламасы тыныс алу жаттығулары мен хатха-йога секілді сауықтырудың дәстүрлі және дәстүрлі емес әдістерін қолдануға арналған. Биыл бұл жерде «Шаңырақ» деп аталатын жаңа авторлық бағдарлама енгізілуде.

Осының арқасында ұжым ата-аналардың құрметіне бөленген еді. Ата-аналар қалалық білім беру бөлімінен балаларын осы балабақшаларға жіберуді өтінеді. Өйткені, оның түлектерінің гимназия мен лицейге еш қиындықсыз түсетіндігін біледі.

 

«РЕЗІҢКЕ» ТОПТАР

Алайда мектепке дейінгі балалар мекемелерінің жетіспеуі мектепке дейінгі гимназияға да әсерін тигізіп отыр. Ата-аналар топтарда бала көп екендігіне шағымдануда. Бұл туралы қалалық білім беру бөлімі мен әкімдікке тиісті хаттарда жазған. Мұндай жағдайда тәрбиешілердің әр балаға назар аударып, жоғары деңгейде оқытуға, тәрбиелеуге физикалық тұрғыда күштері жетпейді.

- Балалар ойын залдарына сыймайды, тәртіп сақтау мүмкін емес, ұйықтайтын кереуеттер жетіспейді. №1 МАГ балалары әрдайым мектепке жақсы дайындықпен баратын, бұған топта шектеулі мөлшерде - 25 баладан болуы мүмкіндік беретін. Ал қазір топта бала көп. Бұл №1 МАГ үшін ғана емес, Атыраудағы бүкіл балабақшалар үшін проблема болып отыр,- дейді ата-аналар.

- Ия, бізде топтардағы бала саны мөлшерден асып кетті. Мәселен, биыл біз 111 бала қабылдауымыз керек еді, бірақ қабылданған балалардың саны көп болды. Сонда 17 топта 600 бала тәрбиеленуде, - дейді №1 МАГ директоры Алтынгүл ӨТЕБАЛИЕВА. – Балабақшада басқа да проблема бар. Ғимарат бірде-бір рет жөндеуден өткен жоқ. Жақында ғана демеушілік қаржымен 5 топқа ғана жөндеу жүргіздік. Қалғандары кезек күтіп тұр. Орыс тілді топтардың тәрбиешілері жетіспейді. Біздің педагогтар – гимназияның ерекше мақтанышы. Олардың көпшілігі ашылған уақыттан бастап жұмыс істеп келеді. Бұлар -  Марина СЛАДКОВА, Ирина КУРЕНЕВА, Қалимат ЖАЗАЕВА, Вера ЗАИКИНА, Ұлжан МАТЕШБАЕВА, Оксана ШИДАЕВА, Гүлмира ҚҰРМАНОВА, Сәуле ЕЛЕУСІНОВА, Маруся ШАПАТОВА, Лидия ЧЕЛНОКОВА, Малика ХОСЖАНОВА, Мәншүк ШАМҒОНОВА, Елена КЕНЖЕҒАЛИЕВА және басқалар. Мол тәжірибелері мен балаларға деген сүйіспеншіліктері оларға осынау қиын кезде жұмыс істеуге көмектеседі. Бірақ олар мұндай жағдайда білім сапасына нұқсан келтірмей, қаншалықты ұзақ жұмыс істей алады?

Орыс тілді топтар үшін тәрбиешілерді жергілікті университеттің де, педагогикалық колледждің де дайындамауы кадрлардың тапшы болуына әкеліп отыр. Балабақшаларда орыс топтарына сұраныс әлі де жоғары. Соңғы жылдар ішінде облыста 10 мектепке дейінгі балалар мекемесі ашылды. Оның жетеуі – тек қазақ тілді мекемелер. Нәтижесінде орыс тілінде сөйлейтін балалар орыс тілді топтарда бала саны көп балабақшаларға баруға мәжбүр.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

26 қыркүйек 2012, 23:38

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.